Әз Жәнібек – қай Жәнібек? (немесе «әз» сөзі хақында)

Зүбайра ӘБІДІН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дипломатиялық
аударма кафедрасының аға оқытушысы,
араб тілі маманы

Тарихын өзі де таныған, өзгеге де мойындатқан елдің тұғыры берік, болашағы айқын болмақ. Тарихымызды түгендеу – әр дәуірді қамтыған уақыт кезеңдерін, ондағы маңызды оқиғаларды, олардың күмәнді тұстарын барынша ғылыми тұрғыдан нақтылау, сондай-ақ, әрбір тарихи тұлғаның (хан болсын, қара болсын) аты-жөнінен бастап, олардың тарихымыздағы орнын, ерлігі мен атқарған еңбегін де барынша анықтау, әділ бағалау болса керек. Осы тұрғыдан келгенде, мектеп шәкіртін айтпағанда, тарих пен әдебиеттен біршама хабары бар біздің өзімізді шатастыратын мәліметтер оқулықтар мен мерзімді басылымдарда орын алып жатады.
Қазақ тарихында Жәнібек хан жалғыз емес, біріншісі – әз Жәнібек (хандық құрған кезеңі – 1342-57 жж.) Бізге бұған дейінгі таныс тарихи әдебиеттерде, тарихи көркем шығармаларда ол – Алтын Орда хандарының бірі ретінде аталып, оның хандық дәуірі мемлекеттің ең бір қуатты да кемел кезеңі ретінде танылады. («Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы», Алматы, 2003 ж.) Рас, бұл деректе Жәнібек ханның атының алдынан «әз» сөзі айтылмаған, оған себеп – энциклопедиялық талап. Университет қабырғасында «Қазақстан тарихы» пәнінен дәріс оқыған ұстаздарымыз да әз Жәнібек ханға қатысты оның Алтын Орда ханы болғанын айтатын.
Kazakh_khandigiСонымен қатар, кешегі кеңестік дәуірдің қылышынан сескенбей тарихымызға қалам тербеген көрнекті жазушыларымыз – І.Есенберлинді, М.Мағауинді оқысақ, атының алдынан «әз» сөзі қосылған осы Алтын Орда ханы Жәнібек екенін көреміз. Мысалы, І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында: «…Батудың немересі, Аюханнан туған Өзбек хан өлген соң, Алтын Орда тағына Өзбектің баласы Жәнібек отырды. Осы әз Жәнібек ханды қараңғы түнде туған баласы Бердібек өз қолымен бауыздап, хан тағына жетті» деген жолдар бар. («Алмас қылыш», 11-б. «Көшпенділер» баспасы, Алматы, 2007 ж.). І.Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясында: «…артынан халық «әз Жәнібек» деп ат қойған Алтын Орда хандарының ішінде қазақ халқына ең белгілі ханы Жәнібек сол әкесі Өзбек пен ағасы Тыныбек өлген Жылқы, яғни 1342 жылдың күзінде Сарай Беркеде Алтын Орда тағына кеп отырды» дейді. («Алтын Орда», 260-б. Алматы, 1999 ж.) Бұл деректер бойынша әз Жәнібектің қазақ хандығын құрудың басында тұрған Жәнібек хан емес екенін көреміз.
Ал танымал тарихшы Т.Омарбековтың айтуынша әз Жәнібек – қазақ хандығының негізін қалаған алғашқы екі ханның бірі, Керейден кейін таққа отырған Жәнібек – Әбу Сайд хан («Ана тілі» газеті, 15-21қаңтар, 2015 ж.) Біздің мақсатымыз – тарихшы-профессор ағамыз Т.Омарбековпен сөз таластыру немесе ол кісінің ойына күмән келтіру емес, тек тарихи деректі нақтылай түсу. Қазақ хандығы – Алтын Орданың мұрагері екендігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ал тарихымыздағы аттас екі ұлы ханымыздың қайсысы әз Жәнібек?
«Әз» теңеуімен тарихымызда екі ханның ғана аты аталады, олар – әз Жәнібек және әз Тәуке. «Неге тарихта ерен еңбегі де, ерлігі де белгілі басқа тұлғалар «әз» – яғни «бәрінен үстем» атанбаған, мұндай ілтипатқа ие болуға осы екі ханымыз ғана лайық болған ба?» деген сұрақ туады.
f6c6020e3dc10c267194cab2c9e22af9Ендігі айтпағымыз осы «әз» сөзі туралы қалыптасқан пікірге қатысты. Бұл сөздің төркіні араб тілінің маманы ретінде көптен ойымызда жүрген, соны айтудың да реті енді келген сияқты. Қазақ тіліндегі «әз» сөзін «ъазиз» — (қазақша аудармасы – «күшті, қуатты, үстем, қымбатты, қадірлі») деген араб сөзімен байланыстыру қалыптасқан. Оны бүгінде тіл мамандары «әзиз» сөзінің қысқарған түрі ретінде көрсетіп жүр. Бұл қаншалықты дұрыс пікір? Араб тіліндегі «айн» әрпін кириллше «ъ» таңбасымен белгіледік, бұл – араб тілінің төл дыбысы,тамақтың кенелуі арқылы, өзінен кейінгі дауысты дыбыстың әсерінен көмеймен «ъа», «ъұ», «ъый» түрінде айтылады. Оны дыбыстау арабтан басқа халық өкілдеріне қиын болғандықтан, бұл дыбыспен айтылатын сөздер тілімізге өзгеріп енген, кейбір сөздердің фонетикалық бірнеше нұсқасы бар. Мысалы, «ъалам» – әлем, ғалам, «ъазиз» – әзиз, ғазиз, «ъилм» – ілім, ғылым, «ъалим» – «ғалым» т.б. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. «ъазиз» сөзінің тағы бір нұсқасы «әз» дегеніміз, қаншалықты ғылыми? Қисынға жүгінсек, тек әз Жәнібек пен әзТәуке хандарға ғана емес, «әзиз» сөзін хандардың бәріне де қатысты айтуға болар еді ғой? Алайда қазақ осы екі ханына ғана «әз» сөзін қосып айтып, ерекше биіктеткен. Неліктен?
Біздің ойымызша, «әз» сөзінің төркіні басқа, бұл сөз арабтың «hәжж» сөзінен туындайтын сияқты. Ойымызды дәлелдеп көрейік.
Аталған сөздегі «h» дыбысы да жоғарыда айтылған «ъайн» дыбысы сияқты – терең көмеймен айтылатын, арабтың өзіндік төл дыбысы. Ал «hәжж» сөзінің қазақша тағы да бірнеше нұсқасы бар, олар – «қажы», «әжі», «әж». Тілімізде Әжіхан, Әжібай, Әжібек, Әжберген, Әзберген түрінде кездесетін адам аттарын еске түсірейік. Басқаша айтар болсақ, қазіргі тілімізде бұл сөздің мағынасы – «қажы» деген сөз, яғни қажылық парызын өтеген кісі. «Қажылық» немесе осы парызды өтеген кісі еліміздің оңтүстігінде (басқа жақты анық білмейміз – З.Ә.) жасы үлкен ата-әжелеріміздің аузында «әж», «әжі» болып айтылатынын талай естігенбіз. Олар «… оның пәлен деген атасы немесе бабасы әжге барған» деп, ондай миссия атқарған кісілерді айрықша қасиетті адам ретінде еске алып, сондай-ақ кейінгі ұрпағына да ілтипат білдіріп жататын. Соңғы уақытта ортақ әдеби жазба тілдің ықпалымен «қажы» сөзінің басым қолданылуы байқалады десек те, оңтүстік өңірде қажылықты «әж» түрінде «әжден келді» немесе «ол кісі – әж ғой» деп айтатын қариялар әлі де бар.
Иә, «әз» теңеуімен тарихымызда екі ханның ғана аты аталады, олар – әз Жәнібек және әз Тәуке дедік. Бұл теңеуге қатысты өзге хандарға, батырлар мен билерге халық неге сараңдық көрсетті? Соңғы ханы қазақтың азаттығы жолында шейіт болған Кенесары хан неге әз Кенесары емес? Үш жүздің басын қосқан Абылай хан неге әз Абылай емес? Не себепті бұл екі ханын халық әз Жәнібек, әз Тәуке деп, ерекшелеп атады? Осы сұраққа жауап іздегеніміз дұрыс сияқты. Біздің ойымызша, жоғарыда аттары аталған хандарымыз қажылық парыздарын өтеген. Сондықтан да олар «әж Жәнібек», «әж Тәуке» атанған дегеніміз қисынды болар еді. Біздің ойымызша, олар тікелей өздері немесе шариғатта көрсетілген талаптар орындалған жағдайда, бұл парызды басқа кісі арқылы өтеп, «қажы» – «әжі» – «әж» атын иеленген. Ал «әж» – «әз» сөздеріндегі «ж» – «з» дыбыстарының бір-біріне ауысуы жиі кездесетін тілдік құбылыс екені тіл мамандарына белгілі. «Әж» сөзінің «әз» болып өзгеруі кейінгі жазба тілдің қателігі немесе коммунистік идеологиядан, сол идеологияның режимінен туындаған қорқыныштың нәтижесі болуы да мүмкін.
«Әз» сөзінің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» мынадай мағыналары келтірілген: 1. әз – соқыр, көр; 2. ардақты, қадірлі. Міне, осы екінші мағынасының шығу төркіні «ъазиз» – әзиз, ғазиз сөзінің қысқарған нұсқасы болудан гөрі біз айтып отырған «әж» сөзімен мағыналас. Мұсылманның ең қиын да ардақты парызы болған «әжілікті» орындаған кісі ол заманда өте сирек кездесетін – ілуде біреу дегендей, ондай кісілер, шынында да, қасиетті де қадірменді саналғаны айтпаса да түсінікті. Қарапайым халық олардың сырт киімдерінің етектеріне маңдайын тигізіп, қастерлегенін қариялардан естіп өстік.
Бұл сөзден «әздек» сөзі туындайды, бастапқы айтылуы «әжідек, әждек» – яғни «әжідей». Сын есім тудырушы «-дай, -дей» жұрнағы кейбір түркі халықтарында «-дақ, -дек» түрінде айтылатынын ескерсек, сөзіміз дәлелді. Қарапайым тілмен айтсақ, «әздек ету, әздек қылу» дегеніміз – әжідей (қажыдай) төбеге көтеру, қадірлеу, еркелету.
Қазіргі тілімізде жаңағы аталған «h» дыбысымен араб тілінен ауысқан сөздердің қаншалықты дыбыстық өзгеріске түскенін, ондай сөздердің бірнеше фонетикалық нұсқалары кездесетінін шағын бір мақалада айтып түгендеу мүмкін емес. Ол – үлкен монографияның жүгі болар еді. Мысал ретінде қазіргі Астрахань аталатын ресейлік қала – елдімекеннің о баста түркі-татар тілдерінде Хадж-Тархан – Әж-Тархан, Аш-Тархан болғанын айтсақ та жеткілікті.
Екінші мәселе – Томирис патшайым хақында…

Томирис патшайымды Тұмар патша атауымыз дұрыс па?

tomiris_redaktТіл маманы ретінде бізді осы сұрақ көптен мазалайды. Томиристі Тұмар патша деуіміз – бүгінгі қалауымыз. Тұмар – қазіргі талғамымызғы лайық ат, қасиетті зат атауы, қыз балаға – әйел затына жарасымды есім. Иә, солайы солай ғой… Дегенмен ойланып көрейікші. «Томир», «Тұмар» сөздері бір-бірімен қаншалықты мағыналас?
Тарих атасы Геродоттың айтуымен аты бізге аңыз боп жеткен сақ патшайымы Томирис-тің бүгінгі біздің санамыздағы бейнесі қандай? Ол – шетсіз-шексіз, жусанды далада желдей жүйрік ат мініп, мыңғырған мал өсірген, сол малының жайымен сайын далада көшіп қонған, Құдайдан басқаға бас имеген арда халықтың ардақ тұтқан патшасы! Томирис – әкеден қыз боп туса да, әке тағына лайықты мұрагер бола білген, тағын ғана емес, елін де, жерін де қорғай білген, алыс-жақынды ақыл-айласымен ғана емес, темірдей ерік күшімен мойындатқан ұлы тұлға! Ол – сол заманда әлем билеушісі атанған парсы патшасы Кирді жеңген кемеңгер қолбасшы! Ол – жалғыз ұлынан айрылып, қан жоса болған жүрек жарасына – есеңгіретер қасіретіне қарамай, еңсесін биік ұстаған ұлы Ана! Ол – ұлы жердің, ұлы елдің перзенті! Тағдырдың қатал сынында сынбаған, қасіретте есін жоғалтпаған, еңсесін аласартпаған перзентін – патшасын халық Темірге теңемей ме? Біздің ойымызша, Томирис патшайымның халқы берген аты – Темір, яғни Темір патшайым. Әрине, патша әкесінің қызына азан шақырып – Темір деген ат беруі де мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды, яғни, қыз да болса темірдей болсын деген ниеттен туындаған. Сақ патшасының жалғыз қызын Темір деп атауы да қисынды емес пе? Ал ол атына заты сай патша бола білген.
Қазақша «темір» сөзі қазіргі түркі тілдерінде «темир», «демир», «тамир», «дамир», «тимур» нұсқаларында кездеседі. Томирис аты бізге орыс тіліндегі дереккөздерден жеткені белгілі, осы тілдің заңдылығымен «о» әрпін, «а» түрінде дыбыстаймыз, ал соңындағы «-ис» «-ист» қосымшасының көне грек тіліндегі адамға байланысты айтылатын жалғау екенін ескерсек, (мысалы, коммунист, капиталист, атеист т.б.), Тамир – Темір аты ап-анық болып шыға келмей ме? Тіл ғылымында дауысты дыбыстар – «әлсіз» болып есептеледі, яғни олар өзгеруге бейім, «а» – «ә» – «е» дыбыстарының бір-біріне ауысуы арқылы бір сөздің әртүрлі тілдерде түрліше қолданылуы – заңдылық. Тарихта «темірдей» ерік жігерлі еркек патшалар – сирек құбылыс емес, сондықтан да оларға мұндай теңеу соншалықты қисынды болмас та. Бұл жерде Шыңғыс хан – Темучинді (Теміршын) немесе ақсақ Темірді айтып, шатасуға болмайды, бұл – олардың азан шақырып қойған аты. Ал темірге теңеу тек лайық деп танылған әйел патшаларға, әйел билеушілерге қатысты айтылса керек. Алысқа бармай-ақ, кешегі тарих куә болған «темір леди» атанған Маргарет Тэтчерді еске алыңыз. Ал Томирис – Темір патшайым сол тарихтың басында тұрған жоқ па?
Мақсатымыз – бір сөз арқылы болса да, тарихты, ондағы тұлғаларға қатысты деректерді нақтылауға өз тарапымыздан ойтүрткі болар жеке пікірімізді айту, артық-кемін айқындау тарихшы ғалымдардың еншісінде дегіміз келеді.

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


7 − = 6