Ахмет АЛЯЗ: Анама ризашылығым шексіз

pic (11)Ахмет Аляз 1971 жылы 25 мамырда Түркия Республикасының Кахраман-Мараш қаласында дүниеге келген. 1993-1997 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған.  Халықаралық  «Қазақстан-Zaman» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас директордың орынбасары, бас директор қызметтерін атқарған. «Тіл жанашыры»
құрмет белгісінің, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалінің иегері. Қазақстан мен Түркия арасындағы достықты нығайтуға зор үлесін қосып жүрген  азаматтардың бірегейі.

12062447_10153740539731812_774763953_o– Ахмет аға, әңгімені сіздің балалық шағыңыздан бастасақ.  Бала Ахмет қандай болды, нені армандаушы еді?
– Балалық шағым Түркияның Қахраман-Мараш қаласында өтті. Қалалық болсам да, ауылға көп баратынбыз. Үлкендердің айтуынша, аурушаң болыппын. Таңертең ауырмай-сырқамай көзімді ашсам, қара кешке дейін нан сұрамай балалармен ойнай береді екенмін. Ауылдың өміріне қызығатынмын, онда ешкі-лақпен ойнасаң да қызық… Ауылдан қалаға қайтатын кезде мен тығылып қалып, әке-шешем таппай қызық болады екен. Себебі, қалаға барғым келмейтін. Қалада үйдің ішіндесің, көшеге шықсаң шешең уайымдайды. Мектепке кешірек бардым. Қаланың мектебі кішкентай деп алмай қойды. «Үш-төрт ай оқы, сосын қалаға алып кетемін» деп әкем ауылдың мектебіне апарды. Ауылдағы мектепке күн салқында қатынау қиын. Жаңбыр көп жауады. Асфальт, тас жол деген жоқ. Егістіктің ортасымен өтеміз. Тізеге дейін балшыққа батамыз. Қазір ойлап отырсам, қиын күндер болған екен. Ауылдың мектебі де қызық. Бір сыныпта бес сыныптың балалары оқитын. Мұғалім бес минут 1 сыныпқа, бес минут 2 сыныпқа түсіндіреді дегендей… Ауылға мұғалім жетіспей жатқан кезеңдер еді. Бір күні әкем келді. Менің ауылдан  кеткім келмейді. Әжемді, достарымды қимаймын. Екі ойдың ортасында қалдым. Ертең барайықшы дегеніме көнбеді. «Ертең жұмыс, бүгін кетуіміз керек» деді. Сол күні жаңбыр жауып тұр, көлікке дейін 12 шақырым жаяу жүрдік. pic (9)Әлі есімде, көрші апа нейлоннан жасалған дорбаны кесіп, үстіме кигізіп берді. Алғашында мектепке деген ынтам болмады. 4 сынып оқып жүргенімде құлап, сол аяғымды сындырдым. Сөйтіп бір жыл академиялық демалыс алдым. Сабақ бітуіне бір ай қалғанда, емтихан тапсырып, әрең дегенде 5 сыныпқа өттім. Ұзақ уақыт жатқаннан кейін бе, әлде ынтамның жоқтығынан ба, мектеп маған суық болды, үйренісе алмадым. Оның үстіне мектепте бір ғана досым болды, ауылдағыдай көп емес. 5 сыныпты бітіргеннен кейін анам «мына бала оқитын бала емес, шебердің қасына берейік, шебер болсын» деді. Менің ағашпен жұмыс істеуге қабілетім бар болатын. Қолыма ағаш түссе, ойып, әйтеуір бір нәрсеге ұқсатқым келіп тұратын. Үйдің қасында жиһаз жасайтын цех болды. Олар мені кішкентай деп алмады. Сосын әкем біздің көшеде тұратын тігіншімен сөйлесіп, қасына жіберді. Сөйтіп бастауышты бітіргеннен кейін бірден тігіншілік жұмысқа араласып кеттім. Елдің бәрі ойнап-күліп жүр, көшенің балалары  қызықтырады. «Үйренесің» деп, шешем қатты қиналғанымды көрсе де, тігіншілікті істемеймін дегеніме көнбей қойды. Ол кезде аса көп өндіріс жоқ, тігіншілер мен етікшілер көп. Балаларды тігіншілір қастарына көмекші етіп алады, әрі атадан келе жатқан дәстүрді жалғастырады. Әкеме «мүмкін оқырмын, мені орта мектепке жазғысып қойыңыз» дедім. Ол кезде бастауыш мектептен кейін оқымасаң да болады. Оны мемлекет кейін реттеді… Мектеп үйден 8 шақырым, күнде жаяу жүремін. Ерте тұрып сабаққа кетемін, келіп тігіншіге барамын да, түнгі 11-12 шамасында келемін. Сол кезде оқуға ынтам ояна бастады. Дұрыстап оқуға жұмыс мұрша бермейді. 6 сыныпты аяқтадым сөйтіп жүріп. Және сол кезде шалбардың балағын қайыруды, түйме тігуді үйрендім. Ұсталар оңайшылықпен білгенін үйретпейді. Олар өздеріне шәкірттері бәсекелес болады, «клиенттерін» алып кетеді  деп қорқады. 3-6 ай дегенде бір ғана нәрсені үйрететін. 7 сынып кезінде ұста түнгі 1-2-лерге дейін ұстайтын болды. Дайын киім жоқ, елдің бәрі тігіншіге келетін кез. Түні бойы жұмыс істейміз, сабаққа дайындала алмаймын. Сабақтың үстінде шаршаймын да ұйықтаймын. Мұғалім ұрсады. Мен кешірім сұрап, жағдайымды айтамын. 100_7360Оқығым да келеді, жұмысты да істегім келеді. Сабағымды дұрыс оқи алмағандықтан тағы бір жыл демалыс алдым. «Өзің сұрадың, өзің істе» дейді әке-шешем. Бір күні тігіншілігі құрысын, оқимын деп шештім. Өз-өзімді қамшылап, ант еттім. Шеберханаға келбетті, әдемі киінген адамдар көп келеді. Жүріс-тұрысымен, мәдениеттілігімен сені қызықтырады. Шеберханада шалбар үшін бір күн отырасың.  Азабын көрдім де, бір күні ұстаға: «Шалбар тігуді үйретпесеңіз, келесі жылы сізде істемеймін» дедім. «Неге олай дейсің? Әке-шешеңе айтамын…» деп ол ренжіді. «Кімге айтсаңыз, соған айтыңыз» деп қоямын. Сөйтіп ұста әрең дегенде шалбар тігуді үйретті. Бір қателік жасасам, соны айтып бетіме басып, қинайды. Үйренемін деп мен де қайтпадым. Сосын қайта емтихан тапсырып, оқи бастадым. Оқуды жолға қойдым, 5 пен 4-ке оқып, үлгілі оқушы болдым. Мұғалімдерім менің тігінші екендігімді біледі, олар маған тапсырыс бере бастады. 8 сыныптан бастап ұстамен де, мұғалімдермен де әңгімем жараса бастады. Мен шалбар тігуді үйренген соң, шебердің жұмысы жеңілдеді. Жұмысты екі есеге көбейттік. «Мына айлыққа істемеймін» дедім бір күні ұстама. «Сен бәле болдың ғой» деп ұрсады. Осы кезбен ойласам, 2000 теңге көлемі. Ол оқушы үшін үлкен ақша. Дәл сол кезде ұста өзіне ұсыныс түскендігін, шеберханасын жабатындығын айтып, мені досының қасына жіберді. Ол кісі таңертең шеберханаға келеді де, кешке дейін кофеханада карта ойнайды. Клиент келгенде әрең шақырып аламыз. Ол кісі бастапқыда кітап-дәптерімді алып келуіме рұқсат еткен, кейіннен «кітабыңды үйде оқисың, жұмыс істе» деп тапсырма беретінді шығарды. Қарасам, болар емес. Әкемнен басқа ұста тауып беруін сұрадым. Біздің ауылдан көшіп келген Ибраһим деген ұстаны таптық. Сол кісімен жұмыс істей бастадым. Көргенді, өте жақсы адам еді. Еңбекақыңды уақытында беретін. Мен үшін берекелі кезең сол кісінің қарамағындағы уақыт болды. 11 сыныпқа дейін істедім. Университетке дайындалу үшін курсқа баруым керектігін айтып, рұқсат сұрадым. Кей күндері ғана келетін болып келістік. Ол кез де оңай болған жоқ. Мектептің сабағы, арнайы курс, тігіншілік…
pic– Яғни, сіз бала кезіңізден маңдай термен ақша табудың не екенін білген екенсіз ғой…
– Дәл солай. Қазір ойлап қарасам, ата-анам мені жастайымнан еңбекке тәрбиелеген екен. Екіншіден, ешкімге алақан жаймауды, өз бетімше күн көруді үйретті. 5 сыныптан кейін әкемнен бір тиын сұраған емеспін. Сосын тігіншіліктің бір жақсы жері – халықтық әңгімеге сусындап өсесің, жақын боласың. Ауылдың небір хикая, дастандарын естідім. Салиқалы, салмақты болып өсуіме, кемелденуіме ықпалын тигізді дер едім. Анама алғашында ренжісем, дәл қазір ризашылығым шексіз. «Балам, бүгін мені түсінбейсің. Бірақ, ертең қолыңда алтын болады. Сол алтын бетіңді жерге қаратпайды» деген анам. Тігіншілікке қатысты балалық шағым осылай өтті. Ата-анам Түркияда тұрады. Әкем 67-де, анам 65-те. Үлкен ағам, үш қарындасым бар.
– Әкеңіздің кәсібі не болды?
– Әкемнің мамандығы – орман шаруашылығы. Көп жерге ағаштар отырғызатын. Бізді  Чалгаян-Черіт  деген ауданға апаратын. Үш ай бойы сонда боламыз. Ол жерді қатты жақсы көретінмін. Табиғаты керемет, өзен-сулары, жеміс-жидегі көп берекелі жер. Ол ауданның балалары маған қызық, мен оларға қызық. Таңертең ерте тұрамыз, кешке дейін уақыт зулап өтеді. Біресе жүзуге, біресе мал бағуға барамыз. «Анама арнайы тамақ пісірткіздім, ертең менімен бірге жүресің» дейтін. Достығымыз бөлек болды. Әлі күнге дейін бір-бірімізге деген құрметіміз ерекше. Мен кейде оларды танымай қаламын, олар мені таниды. Бастауыш мектептен кейін офицер болуды армандағаным бар. Шеберханамызға бір әскери адам келетін. Соның жүрісіне қызығатынмын. Басқа адамдар сияқты емес, киімдері тап-тұйнақтай. Ол кезде әскери училищелерге орта мектептен алатын. Онда оқу үшін академиялық демалыс алмаған болуың керек. Сондықтан қалдым. Кейін әскерге барып борышымды өтегеннен кейін, әскери адам болмағаныма мың да бір рет шүкіршілік айттым.
12059896_10153740537556812_582637529_o– Неге?
– Әскерилерге сырттай қызыққанымызбен, мүлдем еркіндігі, логикасы жоқ жер ғой. Жат дегенде – жатасың, тұр дегенде – тұрасың. Себебін сұрауға хақың жоқ. Тек бұйрыққа жұмыс істейсің. Ол менің мінезіме келмейді. Бұйрық болған күнде де логикасы болуы керек, түсінуің керек.  Бұйырғанды аса ұнатпаймын, миым жетпесе қабылдамаймын. Өйткені, тым ерке өстім. Ешкімге тәуелді болмадым. Тек ұстама тәуелді болдым, оның өзін айтқаныма көндіріп отырдым.
– Бала кезіңізде қыздарға хат жаздыңыз ба?
– Хат жазбайтынбыз. Оған біздің орта қатал қарайтын. Қыз деген – ер-азаматтың намысы деп тәрбиеледі. Досыңның қарындасына қарындастықтан тыс көзбен қарай алмайсың. Достықтың үзілгені былай тұрсын, ар жағы өліммен аяқталуы мүмкін еді. Бір баланың қарындасы бізден төмен оқыды. Оған біреу сөз айтқан. Сол жігітті ағасы пышақтап өлтіре жаздаған. Өзімізбен бірге оқыған қыздарға қарындас ретінде қарадық. Ондай сезімдерден алшақтау болдым. Және ойыма да келмейтін.
– Бозбала Ахмет жайында…
– 11 сыныпта жүргенде досым Яшар Әзірбайжанға оқуға барғысы келетінін айтты. Оны ата-анасы жалғыз жібермейді, содан ол мені үгіттеді. «Әзірбайжанға барып не қыламын? Енді тәуелсіздігін алып жатқан мемлекет. Ішкі тұрақтылық жоқ. Елдің ахуалы быт-шыт. Қиын, сонда да ойланып көрейін»  дедім. Түркі мемлекеттерінің ішінде Әзірбайжан мен Түркіменстан ғана студенттер қабылдайды екен. Сөйлесуге барғанымызда, Түркия мен Қазақстан арасында студенттер алмасу жайында келіссөздер жүргізіліп, қол қойылып жатыр екен. Қазақстанның қай жақта екендігін білмейміз. Картадан қарасақ, Әзірбайжан мен Түркіменстаннан да үлкен. Орта Азияның ұлан-ғайыр жерін алып жатыр. Әкеме келіп: «Мен Қазақстанда оқитын болдым»   дедім. «Түркияда оқу бітті ме?» деп әкем қарсы шықты. «Жаңа тәуелсіздігін алған ел екен. Бауырлас халықпыз. Қызығы мен қиындығын бірге көрейік» дедім. Қарсы болды. Он күннен кейін тағы әкеме: «Мені жібермесеңіз, Стамбулға қашамын. Сосын жұмыс істеп, ақша тауып, Қазақстанға кетемін»  дедім. Әкем бір қарады да, шығып кетті. Жарты сағаттан кейін келіп: «Барсаң, баршы» деді. Бірден Яшарға бардым. Жолға дайындалдық. Билет құны 420 $. Ол кезде көп ақша. Қалтама тағы ақша салып беру керек, әкем достарынан қарыз алды. «Стамбул – Алматы» деген бағыт сол кездері енді ашылып жатқан. Бұрын Баку арқылы келетін Қазақстанға.
– Қазақстан жайлы түсінігіңіз бар ма еді?
– Сабақта айтатын. «Біздің ата-бабаларымыздың тұяғы, ағайын ел» дегенді естігенімізбен, аса бір мәліметіміз жоқ. Сосын оқыдық, іздендік. Көз алдыма далалық мәдениетпен өмір сүріп жатқан халық келді. Оқығандарым, түйгендерім сол ойға жетеледі. Сөйтсек, ол орта ғасырдағы ескі жазбалар екен. Алматыға келіп түскеннен кейін білдім. Алматыны мұндай үлкен, жасыл бағы бар заманауи қала деп ойламадым. Бір жыл дайындық курсында оқыдым да, келер жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Қазақстанға Түркиядан алғаш келген он бала біз болдық. Әдебиет саласында оқығым келді, әдебиетті жақсы көрген соң. Бірақ, бұл жерде қазақ тілі мен әдебиеті оқытылады, Түркияға барғаныңда қажетсіз. Заң, құқық саласы да сондай, Қазақстанның заңдарын оқытады. Достарыммен ақылдасып, журналистиканы таңдадым, халықаралық мамандық қой деп. Мехмет, Адем  үшеуміз журфакты бітірдік. Бізден кейін келген жігіттерге «журналистикада оқысаңдар қиналасыңдар, басқа мамандыққа ауысыңдар» деп кеңес айттым. Себебі, практикаға барғанда мақала жаза алмаймыз. Түрікше жазасың, оны аударасың, оны үстінен тексертесің. Жұмысы көп. Қазақша тереңдеп жазу үшін кем дегенде 5-10 жыл уақыт керек. «Ахмет неге өзі ауыспайды? Қызғанып жүрген болар» деп болжам айтқан екен олар сыртымнан. Бітіргеннен кейін 2-3 жыл жұмыссыз жүрді, сол кезде мені тыңдамағандарына өкінетіндерін айтқан. Бір жағынан сабаққа дұрыс бармағандары бар. Түркиядағы талапқа сай жұмыс істей алмайды, олар біраз қиналды. Мен түннің бір уағына дейін қазақша кітап оқитынмын. Қазақшаны үйренуді мақсат етіп қойдым. Жұма сайын жаңадан шыққан газеттерді сатып алып, астын сызып тұрып оқитынмын.  Қазақ тілінде үш ай дегенде сөйлей бастадым.
– Студент кезіңізде кімдер сабақ берді?
– «Екінші курсқа келгенде Темірбек Қожекеев, Файзолла Оразаев ағайларыңнан өте алмайсыңдар, айналайындар» деп, бізді 1 курста көбі қорқытатын.  2 курсқа өткенде Темірбек ағай өзінің жазған сатирасы мен юморын оқыды. «Тәк-тәк, кім айтады?»  деп сұрайды сосын. Мен бірінші қол көтердім. «Мұртты бала менің сабағымды айтайын деп отыр ғой»  деп таңғалды. Өз бетімше кітапханадан кітабын алып, жаттап алғанмын. «Жарайсың, айналайын» деп, «0,25» деген балл қойды. Ол ағайдың ең үлкен бағасы екен. Жылдың аяғына дейін «0,25»-тен «70» балл жинауың керек. Оны жинау мүмкін де емес. Арасында рефераттар өткізіп, әрең дегенде 4 деген баға алғанмын. Зейнолла Қабдолов ағайдың лекциясын филфактың студенттерімен бірге тыңдадық. Камал Смайылов, Марат Тоқашбаев, Бауыржан Жақып, Намазалы Омашев сынды ұстаздардың алдын көрдім. 3 курстан бастап «Заман-Қазақстан» газетіне қазақша мақалалар жазып тұрдым. Сол кезден бастап «Заман-Қазақстанның» басшылары маған «құда түсе» бастады. 4 курста тұрақты айдар жүргіздім. Екі елдің саясатына теріс әсер ететін мақалалар болса тексеріп, жөндеп жүрдім. «Осында 2-3 жыл қал, жауапты хатшы бол» деген ұсыныс түсті. 23 жастамын, өзімді жетілдірейін деген оймен бас тартпадым. 1995-97 жылдары зиялы қауым оқитын, қанатын кеңге жайған газет болды. Ол кездегі бас редактор Жұмабай Шаштайұлы өткір, батыл мақалаларды басатын. Және біржақты емес, 3-4 адамның пікірін беретін. Сол кезде газет жақсы қабылданды. Кейін түркиялық үлгі мен қазақстандық үлгі арасындағы жаңа үлгіде пайда болды. Тиражы он мыңнан асты. Ол сатылымда ғана жүретін газет үшін үлкен жетістік. 1997 жылдан кейін газетте кішкене әлсіреу болды. Әлеуметтік жағдайы нашарлады. Оған 1998 жылғы дағдарыс әсер етті. Және сол жылы Түркияда жер сілкінісі болып, 40 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол кезде газет бір жылдай жұмысын тоқтатты. Сосын қайта шыға бастады. Бір күні басшы ауысты. Ерсін мырза директор болып келді. «Мен енді келіп жатырмын, қазақша білмеймін, үйрет. Бас редактордың орынбасары бол»  деді. Оған келістім. Түркияға қайтуды ойлап жүргенмін. Анама: «Қорықпа, келемін, ол жақта тұрмаймын» деп уәде беріп кеткенмін. Әлі орындамай жүрмін. «Алдап кеттің»  деп барған сайын айтады (күліп). Бас редакторымыз Марат Тоқашбаев ауысып кетіп, Ертай Айғалиұлына «құда түстік». Сөйтіп газетті қазақтың ұлттық газетіне айналдыруға, сол қатарға қосуға бел шеше кірістік. Оның алдында газетіміз тек қана мәдени және экономикалық бағытты жазатын. Қайта тіркеуден өтіп, барлық бағытты қамтитын болып, өрісімізді кеңейттік. Газеттің әлеуметтік жағдайын түзеуге кірістік. Тиражын қолға алдық. Бір күні Ерсін мырза да ауысып кетті. «Ерсін мырзаның орнына Ахметтен артық адам таппайсыздар»  деп түріктің осындағы зиялы азаматтары мені ұсыныпты газет басшыларына. Маған сенім артты. Біз газетті 2004 жылы жекешелендіріп алдық. Түркия құрылтайшылықтан шықты. Сөйтіп 2004-2014 жылдары басшылық қызметте болдым. Қазір де газет шығып жатыр, шүкір. Басылым түркі руханиятын көтеру жолынан айныған емес.  «KATİAD»  деген мекемеден ұсыныс түскен соң, газетті Серкан деген жігітке ұсыныс жасап, аманаттадым. Бастапқыда екеуін қатар алып жүруге тырыстым, болмады. Бір жағынан бір жерде 17 жыл істеу деген де оңай емес…
– Отбасыңыз жайлы не айтасыз?
100_7362– 2002 жылы үйлендім. Туран деген ағамыз: «Саған үйлену керек. Басыңды құрау керек» деді. Ұсыныс болса, қарсы емес екендігімді айттым.  Қазіргі жұбайыммен таныстырды. Осындағы қазақ-түрік лицейінде мұғалім екен. Әңгімеміз жарасты, отбасылы болдық. Көбі менің әйелімді қазақ деп ойлайды. Оқуды бітірген соң ойландым, егер қазақтың қызын алсам, ертең ауылға баратын болсам, ол ауылын, елін, жерін сағынады. Күнде әкеле алмайсың, одан да сол жақтан алайын деп шештім. Бірақ 22 жылдан бері қазақ елінде тұрып жатқан соң, осы елде қызмет етіп, ауасын жұтып, суын ішіп жүргеннен кейін, менің әр қазақпен тілегім бір, жүрегім үндес. Балаларымды 2 жастан қазақ балабақшаларына бердім. Екі баламның да тілі қазақша шықты деуге болады. Екеуі де  қазақша, түрікше, орысша, ағылшынша оқытатын халықаралық мектепте оқиды. Қызым Азия 6 сыныпта, ұлым Эфе-Саид 3 сыныпта. Кішісі Зехранур енді бір жасқа толды.
– Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльенора ӘМІР

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. Айкерім :

    кермет журнал. біздерге осындай журналдар өте қажет. маған қатты ұнайды. Ақжүніс — Астана журналының ұжымына мол табыстар, береке, бірлік тілеймін әпқашан

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


7 − = 2

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>