Роза Әлқожа: Қарттарды көрсем, әңгімелескім кеп тұрады…

roza1 copyӘңгімемізді кішкентай Розадан бастасақ… Артқа шегінген кезде көз алдыңызға не келеді?

– Мен 1980 жылы 1-ші қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласындағы перзентханада дүниеге келгенмін. Қазір Өзбекстанға қарасты Амангелді деген совхозда өсіп, білім алдым. Ақсақалдарға бағынатын, имандылық пен шариғат жолын ұстанатын, адамгершілікті бірінші орынға қоятын ауыл болатын. Сырдарияның жағасында, Шардараның шағалаларымен бірге ән салып өстік. Қарапайым отбасында тәрбиелендім. Үйдің үлкенімін, екі сіңлім, үш інім бар. 8 айлық кезімде ата-әжем қолына алған, Қарабай деген ауыл бөлімшесінде тәрбиелендім. Қарашаңырақта Бөлтек деген ағам, Салтанат деген жеңешем болды. Ол кісі де, әкем де қатал кісі. Атам марқұм жуас, момын кісі болатын. Бес уақыт намазын оқиды, қойын бағады. Көп сөйлемейтін, адам баласына қиянат жасамайтын  жан болатын. Өзі жамбастап жатып тамақтанатын да, алдына мені отырғызып қоятын. Маған бір адам сөйлесе, ол адамға үш күн сөйлемей қоятын. Тіпті туған шешеме де. Маған сөйтіп ешкім сөйлемейтін. Түскі он екіге дейін ұйықтайтынмын. Ешкім оятпайтын, оятуға хақы жоқ. Сондай ерке болып өстім. Апам түнімен арқамды қасып ұйықтататын. Таңертең аяғым атамның аузында жататын.   «Сен тептің-ау» демейді сонда да. Төсекті түнімен сағат тілімен айналып шығатын болып тұрмын ғой. Атам аяғына салып алып керемет әндер айтып беретін. Бертінге дейін атамның суретіне қарап жылайтынмын. Кейде көңілім құлазығанда: «Сен болғанда ғой» деп қиялдап отыратынмын. Ерке адам өмір бойы ерке болатын сияқты. Сосын ауылда өскен адам ауылды аңсап тұратын сияқты. Кішкентай кезімде Бөлтек ағам шаш үлгіңді Роза Рымбаеваныкіндей етіміз деп өзі қиып беретін. Тізеден төмен кигізетін, иығымды ашқызбайтын, қатты күлдірмейтін. Сол әлі күнге дейін қалыптасып қалған. Жеңгем екеуміз үнемі бірге жүретінбіз. Сиыр саусақ та, шөп шапсақ та. Ауылдың бүкіл тіршілігін істеп өстім. Ағамның төрт баласы болды. Арасында бала да бағатынмын. Жұмысқа пісіп алғанның арқасы шығар, қазір еш қиналмаймын, кез-келген жұмысты алып кетемін. 1 сыныпқа барар кезде әке-шешеме берді. 5 күн сабақтан кейін қайта қашып кететінмін. Үйдегілер маған бір ауыз ауыр сөз айта алмайтын. Сөз айтса сол жерде кетіп қаламын. Ағам үйінде жүргенімде бауырларым келсе «неғып келдіңдер?» дейтінмін  (күліп). Солардың үйіне барған кезде мен бейшара болдым. 83 жылғы Амангелді деген інім бар, көбіне сол екеуміздің басымыз сыймайтын. Сөйтіп өстік. Шешемді – жеңеше, әкемді — тәте деймін. Әкем аларып бір қараса, бөлмеге зытамыз. Жеңешем, ол – жеңешем, көп жеңгелерімнің бірі сияқты. Маған жаны ашитынын білемін. Әке-шеше деп айта алмаймын. Үлкендердің әруағынан қорқамын. Тілім келмейді. Ұзатылған кезде ғана «көке» деп бір рет өзім айтып, өзім жыладым.

Баланың ата-әженің бауырында өсуі қазаққа ғана тән қасиет шығар. Осының пайдасы неде, зияны қайсы?

 roza2– Концерттерде «Аташым» деген әнді айтқан кезде, маған көп сұрақ қояды. 9 сынып кезінде қайтыс болды атам. Жалғыздықты ерте сезіндім. Әке-шешем болса да, жетім қалғандай күй кештім. Жаным құлазитын. Ол, мүмкін, мен шығармашылық адамы болғандықтан, жанымның тым әсершілдігінен болар.  Сол кезде екі оттың ортасында қалғандай сезіндім. Бәлкім, өмірлік серігімді ерте тауып кеткенімнің себебі осы да шығар. Бүкіл еркелікті, бүкіл қорғанышты жарымнан таптым. 18 жасымда танысып, 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Шал-кемпір ерте кетіп қалған соң, ерте есейеді екенсің.  Жаман жері – ерте жетім сезінесің, бөтен болып қаласың. Жақсы жағы – көп адам сөйлемейді. «Атаның баласы – Адамзаттың баласы» деген Қадыр Мырзалиевтің сөзі жақсы көремін.  Ол кісі кішкентай кезінен қарияларды көріп өскен жан ғой. Мен де қарияларды жақсы көремін. Өте жақынмын. Оларды көрсем қастарына жетіп барып, әңгімелескім  келіп тұрады. Апам арқалап жүріп қонаққа ертіп апаратын. Қалталарындағы мыж-мыж кәмпиттерді жейтінбіз. 6-шы сыныптан бастап ораза ұстап, 9-шы сыныптан бастап намаз оқыдым. Аңыз-әңгімелерді, діни әңгімелерді көп тыңдадым. Құлағыма сіңп қалған. Сол кездегі апаларды көрсем бірден танимын. Үлкен буын мен кіші буынның арасындағы елші сияқты сезінесің. Әке-шешем де, әкемнің қарындастары да «атасының қызы» деп мені тыңдайды. «Роза біледі, Роза сөйлесін» деп отырады.

–  Атаңыз қайтыс болғанда өлім туралы түсінігіңіз бар ма еді? Сезіне алдыңыз ба?

– 14 жаста едім. Сезіне алмай жүрдім. Бір күні келетін сияқты болды… Бір күні үйде қой сойылды. Тәтем басты ұстап отыр, қасында бес баласы. Миды оларға бөліп берді де, маған берген жоқ. Атам болғанда миды өзім жейтінмін. Атам басты мүжіген кезде таңдайын, тілін, құлағын, көзін, миын… бәрін маған беретін. Мен қарап отырмын. Содан көзіме жас келді. Ашуға булығып, «атам жоқ екен ғой» деп қараңғы бөлмеге барып әбден жыладым.  Сол кезде бір ән туды. Шәйға шақырғанда, жаңағы әнді айтып бергенмін ғой. «Атасының қызын ренжітіп алдық-ау, атамның әруағынан кешірім сұраймын» деп жеңешем жылады. Өзім одан сайын жыладым. Жанымды ауыртатын  сондай жағдай болмағанда, дүниедегі ең жақын адамым ерте кетіп қалмағанда, сағынбағанда сазгер де болмас па едім?.. Қазір соны ойлаймын. «Ақын монологы», «Аташым», «Сағындым сені», «Мен сыйға тартқан орамал» деген әндерім бар. Мектепте жүргенімде арнау өлеңдер жазатынмын. Нағашым айтыскер ақын болды.

Ән жазғаннан соң мәтін жазасыз ба? Әлде, мәтінге ән жазасыз ба?_DSC4472

– Мен бірінші ән жазамын. Сосын сөзі түседі. Сосын оны «жаза алады-ау» деген ақынға көрсетіп, ойымды айтамын. Жазып береді. Поэзиясын жақсы көретін ақындардың өлеңдеріне ән жазған кездерім де болды.

Әйел затына өнер мен отбасын қатар алып жүру қиын деп жатады… _DSC4297

 – Ол үшін әңгімені журналистикадан бастау керек. 5 сыныпта «Асықтырған, аңсатқан, арманым сенсің – Алматы…» дегендей өлең жазғам. Үйде «Қазақстан» қонақ үйі макетіндегі шам болатын. Жағып қойып, Алматыға кетемін деп қарап отырып, ұйықтап кететінмін. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дегенді естіп алғанмын. Өзімді ғажайып ақын санап, өнер адамы Алматыда жүруі тиіс деп шешім шығарып алғанмын.  Мамандық таңдау қиын болды. Дәрігер не мұғалім болғанымды қалады. Мені ешкім әнші қылғылары жоқ. Нағашым журналист. Оған Алматыға барғым келетінін айттым.Сөйтіп, ең құрыса өнер адамдарынан сұхбат алайыншы, қастарында жүрейінші деп журналист болғым келді. Үйдегілер ұрысса, сізді айтамын деп қоямын. Нағашым Темірғали Көпбаев ағамыздың үйіндегі Сәлима жеңгемізбен таныстырды. Сол апаймен дайындалдым. Мектепте Әуезов туралы шығарма жазғанмын соңғы емтиханда. ҚазҰУ-ға келгенде де сол тақырып түсті. Оқуға түстім. Қыркүйек айында университетте айтыс болды. Курстағы қыздар ән айтады деп мені жазып жіберіпті. Жүрсін аға хабарлап, мені сахнаға шақырды. Содан бастап журфактың әншісі болдым. «Әй, жарайсың» деген бағдарламаға түсіп, оны бүкіл ауыл көріп қуанды. Ауылдың жақсы жері сол ғой, сенің кішкентай қуанышыңды тойлай біледі, қуана біледі. Консерваторияның қасынан өтсем, «қалай журналист боламын?» деген ой келетін. 2-ші курс оқып жүргенімде жолдасым Айдынды кездестірдім. Ол менің әнімді ұнатыпты. «Мені журналист болады екен деп ойлама. Мен әнші боламын», – деп тіке айттым. Шалдың қызымын ғой. «Мен сенің әнші болуыңа жағдай жасаймын. Сен – әніңмен әдемісің! Әйтпесе, көп қыздың біреуісің!», – деді. Сол сөзі қатты ұнады. Сөйтіп тұрмысқа шықтым, балалы болдым. Бір күні сахнаға шыққым келетінін айттым. Қайын ағам Уәлибек ағамызбен сөйлесіп, «Шаншарда» ән айтып шықтым. Айлық аламын, ән жаздырамын. 500 долларға марқұм Қайрат Жәнібеков ағамыз «Мен сыйға тартқан орамалды» өңдеп берді. Әннің теледидар және радио арқылы таралуына Азамат Кеңесұлы, Жанар Оразымбетова деген жандар өз үлестерін қосты. Сол кезде «Қазақстан» ұлттық арнасындағы таңертеңгілік бағдарламада жарияланған «Біз естімеген бір ән» деген байқауға қатыстым. Бұл байқауда «Мен сыйға тартқан орамал» бірінші орын алды. Бұл менің эфирге алғаш шығуым еді. Одан кейін «Ақжүніс» бағдарламасында осы әнді айтып шықтым… Үй де, көлік те болған жоқ бізде. Пәтерден пәтерге көштік. Екеулеп жүріп, еңбектен қашпай, шаршадым демей, жақсы күндерге бірге жеттік. Баланы да таптық. Бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктің, оның келісімінің, азаматтығының, менің арманыма балта шаппағанының арқасында отбасы мен өнерді алып жүрген жайым бар. «Мен істемеймін не ондай жерде тұрмаймын» деген жоқпын. Әйел ретінде де барлығына көндім. Шүкір, қазір бес баланың ата-анасымыз.

Сіздердің балаларыңыздың барлығында өкіл әке-өкіл шеше бар. Бір ерекшелік дер едім…12003033_958524827553897_8137330698459369203_n

– Иә. Қазақ халқының ерекше дәстүрі десек болғандай. Кіндік шеше не өкіл әке-шеше деп жатамыз. Тұңғышым Бейбарыстың кіндігін сақтап қойғанмын. Кейін қызымыз Ақбота дүниеге келді. Екеуінің кіндігін ұстап отырып, ырымдап ұлымды ақын болсын деп кіндігін Пушкиннің кітабының арасына, қызымдікін ғалым болсын деп Ибн Синаның кітабының арасына салмақшы болғанмын, алайда ауысып кетіпті. Жанарыстікін Алтынбек Сәрсенбайұлының кітабының арасына салдым. Төртіншісін Еркін Нұржановтың көлігінің арқасына салып жібердім, Еркін сияқты азамат болсын деп. Бейбарыстың өкіл әке-шешесі – Бұлан мен Жанар Әбсадық, Ақботанікі  – Ержан Байтілес пен жұбайы,  Жанарыстікі – Ғалым Жайлыбай мен жеңгеміз,  Еларыстікі – Еркін Нұржанов пен  жұбайы, Ясинанікі –Райхан Сәмединқызы деген дәрігер. Сол азаматтар мен азаматшалар сияқты болсын деген тілегіміз бар.

Сіздің басқа әндеріңіз бір төбе. Дегенмен, көп жұрт сізді «Мен сыйға тартқан орамал» әніңізбен таниды. Осы әнді Еркін Нұржановпен орындауыңыздың сыры неде?

– Еркін сүйікті әншім ғой. Бірде Өскемендегі концертте маған хат келді. Ашып қарасам, ішінде өлең екен. Компьютермен терілген. «Роза, қалқам, осы әніңді естігенде ғарышқа самғап кетемін. Есіме баяғыда кездескен қыз елестейді…» дегендей пікір бар. Өлең қатты ұнады. Еркінге жауап ретінде айтасың ба дедім. Өлеңді оқып бердім.

«Сүйікті жанның сезімін

Жүрексіз ғана елемес», – деген жолы ұнады оған. Сөйтіп айтып шықтық.

_DSC4003Тағы кімдерді тыңдайсыз?

– Ән ұнаса тыңдай беремін, әнші танымал болмаса да. Жәкен Омаровтың «Өзіңді аңсап» әні менің ең сүйікті әнім. «Жібек сезім» әнімен «ауырғанмын». Халық композиторларын тыңдаймын. Манарбек Ержанов, Дәнеш Рақышев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтерді тыңдаймын. Батыс өлкесінің арқалы әндерін жақсы көремін. Айгүл Қосанованы тыңдаймын…

Әңгімелескен: Эльенора ӘМІР

«Ақжүніс-Астана» журналы

* Тақырып өзгертілді…

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

3 пікір

  1. KenntupeTror :

    Como Conseguir Viagra Por Internet generic cialis Cialis 10mg Generique

  2. Kelchoolo :

    Order Cheap Amoxicilina Flemoxon In Germany Free Shipping online pharmacy buy accutane online 20mg

  3. Side Effects Of Cephalexin generic viagra Prescription Drugs Without Rx

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 8 = 11

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>