Елтайдың «Өмір-өзені»…

15178261_1255014657875524_2465820313410155816_n24-25 қараша күндері Ақтөбе қаласында жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан «Кемал» театр-студиясы жаңадан ашылып жатқан Өнер академиясында (бұрынғы «Урарту» мейрамханасы) өнерсүйер қауымның басын қосты. Қырғыз драматургы Мар Байжиевтің «Жекпе-жегін» режиссер Елтай Кемал «Өмір-өзен» деген атпен жаңаша сахналапты. Қойылымның жаңашылдығы сонда – спектакль бүгінгі уақыт тынысын дөп басқан.

Алақандай сахнада Нәзи мен Ескендірдің шатыры тігілген, бір шетте олардың анау-мынау асай-мүсейлері: үрлемелі матрац, жиналмалы орындық, термос, сусын, ішімдік т.б. Бұрынғы мейрамхананың тар сахнасы сонымен-ақ толып тұр. Техникалық мүмкіндіктің шектеулі екені бірден-ақ байқалады. Алайда режиссер осы олқылықтың орнын қалай толтырған деңіз. Елтай Кемал көрермен залын сәтті пайдаланған – сахнаның бер жағына су толы бассейн орналастырған. Оқиға Ыстық көл жағалауында өрбитіндіктен, көрермен бұл бассейннің жағажай екенін түсінеді. Сахна мен бассейін арасындағы ашық жер – актерлердің негізгі жұмыс істейтін орны. Сахнаның сол жақ төмен жағына қаңғыбастың («бомждың») «құжырасын» (үйшігін) ыңғайлы орналастырыпты. Ал залдың оң жақ бұрышында, кезінде мейрамхана даяшылары кіріп-шығатын есікті де, сол есіктің жоғары жағындағы балконды да, құдды қойылымға арнайы жасалған сценографиялық шешім секілді, біртұтас көрініске айналдырып, жымын білдірмей жіберген.

15202679_1255005711209752_8717500208192105456_nҚойылымның басталуы ерекше: залдан, көрермендер ортасынан шыққан қаңғыбас қалт-құлт етіп, жағажайда шашылып жатқан қоқыстың арасынан бір кітапты алып қарайды да, ұнатпай, қайта тастай салады. Екінші кітапты алып, ұзағырақ көз тоқтатып оқып, жыртық ала дорбасына салып алады. Ескі-құсқы мата, төсеніш, картондардан жасап алған үйшігіне жақындап барып, ала дорбасынан картинаны шығарады да, шаңын жеңімен сүртіп, үйін сәндегендей, бір шетіне орналастырады. Осы әрекеттің бәрінде қаңғыбас көрермендерге теріс қарап, жон арқасын беріп жұмыс істейді. Неге? Өйткені біздің қоғам үшін қаңғыбаста түр жоқ, бет жоқ, өзіндік кескін-келбет жоқ, қаңғыбастардың бәрі – бірдей, біркелкі, тіпті оларда ныспы жоқ – бәрінің бір-ақ аты бар «бомж» деген… Режиссер бұл орайда осындай ойды астарлағандай.

Еңкейіп, күркесіне кіріп жайғасқан қаңғыбастың үйшіктен аяқтары шығып жатыр…

Іле-шала «тық-тық-тық…» етіп тоқтаусыз соққан сағат үні естіледі. Сағат тықылының фонында сахнаға қатысушы кейіпкерлер бірінен соң бірі шығады: ең алдымен қолына қармақ ұстаған Ескен шығады да, жағажайдың шетіне келіп, «қатып» қалады. Одан кейін Нәзи шығып, сахна баспалдағына барып жайғасады. Үшінші – қолына екпе жасатқан Әзиз шығады да, сахна мен бассейн арасындағы ашық жерге барып тұрады. Төртінші – шемішке шаққан медбике шығып, Әзиздің қасына келіп, қолындағы ұялы телефонына үңіліп, бір сәт қатып қалады да, сәлден соң мұнда не үшін келгені есіне түскендей, Әзизді жетектеп алып кетеді.

15193500_1255024941207829_8710113988727309455_nОсы көріністердің бәрі де «мылқау» сахна бола тұра, жалықтырмайды, керісінше, көрермен «енді не болар екен» дегендей, демін ішіне тартып, тосын оқиғаны күтеді. Осы сәтте, шынында, ойың күрт бөлінеді: есік жақтан, көрермендер ортасынан шу-шу еткен жастар шығып, жағажайға келіп ән салады, би билейді, ішімдік ішеді… улап-шулап кеткен жастардың артында шашылып қоқыс қана қалады…

Мар Байжиевтің бұл пьесасының түпнұсқадағы атауы «Төрт адам», орыс тіліндегі нұсқасы «Дуэль» деп аталады. Қазақшаға аударған – Райымбек Сейітметов. Ал режиссер Елтай Кемалдың өз қойылымын «Өмір-өзен» деп атауында терең мағына жатыр деп ойлаймыз. Өмір деген – бейне өзен сияқты – сырғып ағып өте шығады. Адамдар көбінесе өзен ағысымен жүзуге, тағдырына мойынсынуға бейіл. Ағысқа қарсы жүзіп, тағдырмен бетпе-бет келетін сәттер сирек. Ондай батыл қадамды нағыз батырлар ғана жасай алады. Бұл қойылымда «отставкадағы» теңіз офицері Әзиз – Айдос Жүсіпбек – өмір-өзен ағысына қарсы жүзген батыр. Ол жүздеген адамның өмірін құтқару үшін өз ғазиз жанын өлімге қиған. Кезекші қайығындағы экипаж мүшелері теңізден радиактивті аймақты байқап, жолаушылар кемесіне белгі беру үшін қауіпті аймақты кесіп өтуге тура келген, солайша саналы түрде өз өмірлерін қатерге тіккен. Қайықтағы үш адам және бір маймыл 150 рентген сәулесін алған еді… Олардан әзірге тірі жүрген жалғыз Әзиз. Өз өмірінің соңғы сағаттары, соңғы минуттары жылжып өтіп жатқанын Әзиз жақсы біледі…

15240083_1026858640757083_1484467676_nНәзи – Мөлдір Махмұтова да өмір-өзенге қарсы жүзуге шешім қабылдай алған батыл қыз. Ол бұған дейін өмірдің ағысымен, Ескендірдің барлық азабы мен мазағына көніп, тағдырына үнсіз мойынсұнып келген еді. Әзиздің адамшылық қасиеті мен абыройлы тағдыры Нәзидің бойында батылдық сезімін оятты – Нәзи Ескендірден біржола кетуге бел шешті.

Нәзидің тәні былғанғанымен, жаны таза. Анасының қараниеттілігінен Ескендірдің ойыншығына айналған, бірақ та ары таза. Бұл қойылымда режиссерлік шешімдер сумен байланысты өрілген. Режиссер Нәзидің тазалығын, жанының мөлдірлігін сумен параллель бейнелейді. Су – тазалық символы. Әдетте, суды шашады, суды құяды, суды төгеді т.б. Ал сумен ұрғанды көріп пе едіңіз? Нәзидің өзінен біржола кететініне көзі жеткен Ескендір – Мейірбек Шеке – асқан қатыгездікпен бір шелек суды Нәзидің бетіне «шалп» еткізіп, бар күшімен аудара салғанда, көрермен ішегін ішіне тартып, қатып қалғандай болды. Бұл көрініс Ескендірдің жауыздығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, Нәзидің дақ түскен арын «жуғандай» әсер қалдырды.

15241327_330815330650348_8888170566602497779_nНәзи мен Әзиздің бір-бірімен табысқан сезім сахнасын режиссер пластикалық шешімге құрған. Үнсіз түсініскен қос ғашықтың бейне аққудай жарасып, суда би билеуі – кіршіксіз таза махаббатты суреттегені деп түсіндік. Осы сәтте көпшілік сахнасындағы жастардың  бір-бір қағаздан қайық жасап, суға жіберуі әсерлі-ақ.  «Өмір — теңіз, жүзіп өтем демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз…» деген сөз еріксіз ойыңа оралады… Судағы аппақ қайықтар, бейне Әзиз бен Нәзидің жаңа ғана желкенін керген ақ арманындай еді…  Режиссер кейіпкерлердің ішкі сезімін беруде пластикалық шешімге сәтті жүгінген. Бұл орайда хореграф Шолпан Қаржаудың еңбегі – ауыз толтырып айтарлықтай табысты шыққан.

Тағы бір айта кетер жайт, автор Мар Байжиевтің пьесадағы Нәзиі – саусақтарына темекі қыстырған, шараптан да «кетәрі» емес, мінезді, өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп тастаған, арманға сене бермейтін бойжеткен. Ал режиссер Елтай Кемалдың Нәзиі – керісінше, әлі балалығы қалмаған, тазалығы сақталған, армандай білетін, сәби болмысты бейкүнә періштедей. Бұл спектакльдегі Нәзидің бойынан мөлдірлікті, тазалықты, шынайылықты, пәктікті көресіз. Рөлдегі Мөлдір Махмұтованың сәби күлкісі мен сәби үні жүрегіңді шымырлатады. Нәзи – пьесада да, спектакльде де ең негізгі қатысушы. Драмадағы тартыстың қозғаушы күші де – Нәзи. Оның ойы, іс-әрекеті, қуаныш-қайғысы, арман-мақсаты сюжеттің қисынды дамуына тікелей әсер етеді. Автор өз шығармасын «Жекпе-жек» деп атауы тегін емес. Әзиз бен Ескендір бір-бірін көрмей-ақ, білмей-ақ, «жекпе-жекке» түскен. Олардың күресі – Нәзидің жандүниесінде жүреді. Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, қатігездік пен ізгіліктің жекпе-жегі… Өзгелердің өмірі үшін өз өмірін қиған Әзиз бен өз қара басының рахаты үшін өзгелердің өмірін ойыншыққа айналдырған Ескендірдің жекпе-жегі… Нәзи өз жүрегінде екеуінің біріне ғана орын беруі тиіс… Шынайы өмірлік ситуация арқылы, кейіпкерлердің жеке көзқарастары мен мінездері арқылы автор жеке адамның әлеуметтік рөлін, қоғамға әсерін жеткізеді.

15181662_330815110650370_2721317438940350848_nАйдос Жүсіпбек өз кейіпкері Әзиздің парасатты интеллигент болмысын беруге талпынған. Ендігі жерде оған біраз офицерлік мінез дарытса, құба-құп болар еді. Сахнаға әр шыққаны бір-біріне ұқсамау жағын, ішкі-сыртқы пластикалық үйлесімділік жағын қадағалау керек. Бірден ауру адамды ойнаудың керегі жоқ. Көлге жалғыз өзі шығып, қайықпен серуендеп жүрген адам, демек, физикалық тұрғыда өзін жақсы сезінеді деген сөз. Жалпы, көп мөлшерде радиация алған адамның физикалық ахуалы қандай болады деген мәселені зерттеп көрсе, артық болмас еді.

Мейірбек Шекенің Ескендірінде мінез бар. Парықсыз кейіпкерінің қатыгездігін, арамдығын, дүниені ақшамен өлшейтін өркөкіректігін, қара басының қамын ғана күйттейтін өзімшіл мінезін актер жақсы жеткізген. Оның да сахнаға әр шыққаны әртүрлі болғаны жөн. Ол әркез алыстан бірде көңілді, бірде көңілсіз «Нәзи!.. Нәзи!..» деп айғайлап, не әндетіп келсе, Нәзидің сахнадағы іс-әрекетіне де септігі тиер еді.

15239352_1026858587423755_981141674_nӘзизді ойнаған Айдос Жүсіпбек те, Ескендірдің келбетін жасаған Мейірбек Шеке де – болашағынан мол үміт күттірер дарынды жастар. Жалпы, «Кемал» театр-студиясының әрбір жасы туралы осы сөзді айтар едік. Қойылымды сахналау барысында режиссер де, актерлер де өз мақсаттарына толығымен жетті. Сахнада Жастық салтанат құрды. Мөлдірлік, тазалық салтанат құрды. Махаббат салтанат құрды. 16-22 жас аралығындағы мөлтілдеген жас актерлердің бірі – болашақ қаржыгер, бірі – болашақ психолог, бірі – болашақ заңгер, бірі – болашақ металлург… Кәсіби емес, әуесқой жастар үшін Мар Байжиевтің психологиялық иірімдерге толы туындысын сахналау оңай емес. Дегенмен, режиссер Елтай Кемал осындай батыл қадамға барғаны сүйсінтті. «Кемал» театр-студиясының жастары кәсіби шынайы артистерше жұмыс істеуге барын салып жүр. Әрине, оларға әлі көп ізденіс керек, көп еңбектену керек, көп оқу керек. Кәсіби даярлықтан өтпеген артистерден кәсібилікті талап ету – орынсыз болар. Дегенмен, бұл өнерпаздардың сахна сырын біршама меңгергендіктері байқалады. Театрды жан-тәнімен сүйетін нағыз фанаттар екеніне шәк келтірмейміз. Ең бастысы – оларда жасандылық жоқ. Олар ситуацияға шын сенеді. Олар шын күле біледі. Шын жылайды…

Біз бұл қойылымнан медбикені көре алмадық, алайда ол спектакль басталғанда қатысушы кейіпкерлер түгел шығатын «мылқау сахнада» шыққан еді. Иә, медбике шығармада аса үлкен рөл ойнамайды, ол бар болғаны – Әзиздің хатын Нәзиге жеткізуші. Бірақ режиссер Әзиздің хатын қысқартыпты. Ал автордың бар ойы, шығарманың идеясы – Әзиздің Нәзиге жазып қалдырған хатында тұрған жоқ па?

Режиссер қойылымға тек жастардан құралған көпшілік сахнасын, олар айтатын, олар билейтін заманауи әндерді – «Заман», «Ninety one» топтарының әндерін сәтті енгізген. Жастар мен қаңғыбас кейіпкер арасындағы бір көрініс ерекше әсер еткенін айта кетсек дейміз. Ішімдікке тойып алған жастар үйшігінде аяғы шығып жатқан «бомжды» аяғынан суырып шығарып, ортаға сүйреп әкеледі де, әбден мазаққа айналдырады – онымен «сэлфи» жасайды, көзілдірігін жұлып алып, өзін жұлмалайды. Сол кезде есірген жастың бірі қалтасынан тапанша шығарып, «бомждың» желкесіне тақайды. Осы сәттегі «бомждың» тапанша кезенген жігітке бұрылып қарағандағы көзқарасын сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол көзқарастан қаймыққан жігіт те көзін тайдырып әкетіп теріс қарап, «тарс» еткізіп атып салады. Жүрегің тас төбеңе шыққандай, арқаңнан суық тер бұрқ ете қалады. Тапанша ойыншық екен…

Қойылым барысында қаңғыбас кейіпкер сахнаға төрт рет шығады – төртеуі төрт түрлі. Бір ауыз үн қатпайды, бірақ әр шыққан сайын оның көзқарасында, қимыл-әрекетінде қаншама сөз жатыр десеңізші… Бұл орайда кейіпкер келбетін шынайы жеткізген артист Жеңіс Қалқабековтің актерлік шеберлігіне тәнті болдық. Қанша жерден арақкеш болып, ішкісі келіп, қаталап тұрса да, Нәзидің қолынан арақ алмауы – оның кейіпкерінің адамшылық моралін жоғалтпағанын көрсетсе керек. Спектакль соңында «бомж» күресінде жатқан ескі рояльде ойнайтын Максим Антонюктің «Мұңы» («Печаль») да қойылым идеясымен ерекше үндестік тапқан. Қараңғы сахнада пистолет жарығы Ескендірден әбден таяқ жеп, нәзік те аппақ армандары тапталған, су ортасында дір-дір етіп, жалғыз қалған Нәзиге түседі. Суда жүзген қағаз қайықтарды Ескендір аяусыз жаныштап, таптап кеткен, Нәзи сол қайықтарды қайта қалпына келтіріп отыр… ал «бомж» болса, Нәзиді әсем әуенмен ғана жұбата алады… екеуінің мұңы ортақ…

Күресінге лақтырып тасталған, ешкімге қажетсіз болып қалған рояльді символикалық тұрғыда бүгінгі таңда ешкімге керексіз, құнсыз құндылық –  өнер деп қабылдасақ, «бомж» да, Нәзи де – бүгінгі уақытта сирек кездесетін ар мен ұжданды сипаттайтын символикалық кейіпкерлер деп түсіндік.

Ал материалдық құндылық алға озған заманда рухани құндылықтың «қаңғып» қалғаны – шындық. «Өмір-өзен» бүгінгі өмірдің осындай шындығын баяндады.

* * *

Ақтөбеге әр барған сапарымызда қаланың күн санап өсіп келе жатқанына куә болып жүрміз. Халқының саны жағынан республика бойынша төртінші орынды алатын Ақтөбе қаласы, шын мәнінде, ірі мегополис қатарында. Бір ғана Жұбанов университетінің өзінде 11 мыңнан астам студент білім алады екен. Демек, Ақтөбе жастар қаласы деп айтуға толық негіз бар. Солай бола тұра, Ақтөбеде жалғыз ғана театр ғимаратында үш театр «сығылысып», күн кешіп отыр, олар: Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театры, облыстық орыс драма театры және «Екі езу» сатира театры. Музей қашан барсаң да тарс жабық тұрады. Қаланың қаншалықты «мәдени», «театралды» қала екенін осыдан-ақ біле беріңіз…

Ал жастарға арналған екі күнгі премьерада қала жастарының театр өнеріне деген ілтипатын көрдік. Қай-қайсысымен тілдесе қалсаңыз да, «қаламызда заманауи жастар театры жоқ, жастардың бос уақытында баратын демалыс орны жоқ…» деген уәж естисіз.

Сөздерінің жаны бар: Ақтөбеге жастар театры ауадай қажет. Театр – тәрбие орны екенін ескерсек, бүгінгі жастардың өмірден адаспай өз орындарын табуы үшін де, Мәңгілік елдің болашағы берік болуы үшін де жастарға ТЕАТР керек. Жергілікті құзырлы органдардың осы мәселеге назар аударар кезі жетті деп ойлаймыз.

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

4 пікір

  1. Манара :

    Мен бул спектаклди корген болатынмын. Асиресе маган Назидин ойыны унады. Керемет асер калдырды. Бирге иштей егилип’ косылып жылап алдык

  2. Kelchoolo :

    Differin generic cialis Buy Revatio Online

  3. top10casinobonuses
    casino real money
    all best new online casino bonus

  4. buy levitra online usa
    buy levitra online
    best place to buy generic levitra

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


3 + = 8

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>