«Мәңгілік елдің» «МузАрты»

4p8ix9tcxb4Тәуелсіздікке – 25 жыл!

 «МузАртқа» – 15 жыл!

«МузАрт» тобы мерейтойлық шығармашылық кешін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.

2001 жылы сәуір айында құрылған топтың алғашқы «Сенің көзің» (Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибрагимовтың әні) әні тыңдармандарға бірден жетті десек артық болмас. Топ мүшелерінде  о баста «бір-екі ән жазып көреміз, тыңдарманның сұранысы мен қызығушылығы  болмай жатса, әрі қарай жұмыс  істемейміз» деген ой болған екен. Алайда, «Сенің көзің» тыңдармандарға тез тарап, ыстық ықыласқа, көпшіліктің  қошеметіне ие болды. Содан соң топ репертуарына «Өз елім», «Анаға сәлем», «Жайлаукөл кештері», «Сағындым Алматымды», «Сен келерсің…»  деген әндер еніп, тыңдаушыларына жетті. «МузАрт» – репертуарға бай, десе де, жоғарыда атап өткен  әндер бәрібір ыстық.

xy_1mgwa0agЕнді сәл шегініп, топтың қалай құрылғандығына көз жүгіртсек. Ол кезде «Тамашада» өнер көрсететін Жанатбек Бәйтеков пен Сәбит Әбдіхалықов өздері жастардан тұратын театр құрғылары келіп, ол құрамда ән салатын топ болу керек деп шешеді. Сөйтіп Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Бесбаевқа пейджер арқылы хабарласып, межелі жерге шақырған екен. Мақсат пен Мейрамбек дуэт емес, трио болғанымыз жөн дегенді айтады.  Жанатбек мырза үшінші әнші ретінде Саят Медеуовты айтқан екен.      Мейрамбек Бесбаев: «Үшеуміз де дәстүрлі әнші болып кетеміз, ортадағы әншінің дауысы сәл өзгешелеу керек» деп отырған кезде, Мақсат Базарбаевтың есіне  Сәкен Майғазиев түседі де, қасындағыларға айтады. Сөйтіп, Сәкен Майғазиевті әрең дегенде тауып, кездесіп, ақылдасып, бір шешімге келеді. Топтың атын актер, 1994 жылы «Жігіт cұлтаны» байқауының бас жүлдегері болған Сағаділдә Үсібәлі қойған екен. Махмұд Қашқари сөздігінде «арт» – шың, биіктік, асқақтық деген мағына берсе, латыннан аударғанда «өнер» деген мағына береді. Көне түркі тілінен аударғанда «уз» деген сөздің баламасы – «сері». Яғни, өнерде биікте жүретін серілер! Ырым етіліп қойған ат, расымен, өнерлі үш жігіттің болашағын болжағандай…

11781797_411189765730867_2447277689912102899_nТоп сол құраммен 2005 жылға дейін өнер көрсетті. 2005 жылы топтағы Мақсат Базарбаевтың орнына Кенжебек Жанәбілов келді. Топтың мүшесі өзгергенімен, олардың бағыт-бағдары өзгерген жоқ. Сол биіктерінен түскен де емес. Белгілі не белгісіз себебімен Мақсат Базарбаев топтан бөлек кетсе де, олардың сәлем-сауқаттары түзу, достықтан, адалдықтан аттамаған. Мұның өзі өнеге, үлгі боларлық жайт, себебі қамшының сабындай қысқа ғұмырда пендешілікке салынып, өкпе-ренішке орын беріп жататын адамдар бар…

«МузАртқа» – «МузАрт»  болып қалыптасу оңай болмағаны анық. Оның ар жағында қарапайым көрерменге көріне бермейтін қажырлы еңбек, төгілген тер жатыр. Олардың әрбір әні көптің көкейінде, жұртшылықтың жүрегінде. Бүгінгі тілмен айтсақ,  хит әндердің орындаушылары. Кез-келген әндерінің басын бастасаң болды, тыңдарман әрі қарай шырқай жөнеледі. Бұған куә  болып жүрміз де. Бұл күнде концерттерде «МузАрттың» «Анаға сәлем» мен «Есіңе ал» әндеріне қосылып айтпайтын жандар кемде-кем. «Музарттықтар» әндерін түсініп айтады. Өздері түсінгеннен кейін ғана, өзгелерге түсінікті етіп жеткізеді. Әйтпесе, не айтып тұрғанын өзі де білмейтін, білгісі де келмейтін әншілер бар. Олармен «музарттықтарды» мүлде салыстыруға келмейді… Олар – сауатты. Ән таңдауда қателеспейді.  Олардың әндерінің сөздері де иненің көзінен өткендей. Және ән авторларын айтып жүреді қай кезде де, бұл да өзге өнер иелері үлгі алатын жайт.

9-a89qwvet8 «МузАрт» – көшбасшы топ. Сол топтан кейін төрттіктер, үштіктер көбейді. Өнер өлкесіне келген жастардың біршамасы сол «МузАртқа» еліктеп өсті. Ақын, журналист Есей Жеңісұлының «МузАрт» – қазақ эстрадасында төңкеріс жасаған ансамбль. Оны білмеу, білгісі келмеу – қазақты білмеу деген сөз» дегені оларға берілген үлкен баға деп білемін.

«МузАрт» – жапырағы жайқалған топ. «МузАрт» тобынан  – «МузАрт» вокалды-инструменталды ансамбліне айналып үлгерді бұл күнде. Ерлан Құлахметов, Арман Бексұлтан, Ғалымжан Артықбаев, Мақсат Базарбекұлы  секілді музыканттар үш серімен бірге топтың жұмысы үшін, өнер үшін қызмет етеді. «Музарттық» ағаларынан үлгі алып, тәлім-тәрбиемен сусындап жүрген топтар бар эстрадамызда.

11825116_411178892398621_228120496913476147_n   Олар – патриот. Әрбір жасаған дүниелерінен ұлттық иіс аңқып тұрады. Және оны басты назарда ұстайды. Ән айтқанда үндестік заңына бағынады. Елге сүйікті топ болуының бір құпиясы осында болар, бәлкім?!. Олар – қарапайым. Дандайсуды білмейді. Қашан көрсеңіз де, ел-жұртпен амандасып, берген сәлемге жауап қайтарып  жүреді. Сонысымен де үлкенге – сыйлы, кішіге – үлгі.

Олар – мейірімді. Олардан шапағат көрген жандар жетерлік. Жасаған жақсылықтарын жария етіп жар салмайды да.

Олар – көпшіл. «МузАрт» болғалы көп дос пен тілекші жандар тапты. «МузАрт» десе көңілі ерекше адамдар да бар. Десе де, сол топтың аяғынан шалып, құлатқысы келгендер, топ құрамының достықтарына сызат түсіргісі келгендер де  болған шығар, өмір болған соң. Алайда алып-қашпа әңгіме, қаңқу сөздер шыққан емес. «Өнерде бірге жүргенмен, өмірде бірге жүру жоқ» дейтін қағида «музарттықтарға» тән емес. Олар әрқашан бірге! Лайым, әрдайым солай болсын. Қазақтай қайсар ел аман болса, сол елмен бірге «МузАрт» мәңгі жасай береді.

nade67vumyy  Оларды өнер табыстырған, өнер біріктірген. Бірлігі жарасқан топ. Әр орындаушының өз орны бар. Дегенмен, «МузАрт» – тұтас. Оны бөлшектеуге болмайды…

Бүгінде «МузАрт» тобының құрылғанына 15 жыл. Аз уақыт емес. Олардың репертуарындағы  «Аңсар әнім», «Жайлаукөл кештері», «Үш қоңыр», «Қайран көңіл», «Кездер-ай», «Сен келерсің…», «Ол көктем оралмайды», «Бір тамшы көздің жасындай», «Күзгі бақ», «Қайран, менің жүрегім», «Жалғыз досым», «Махаббат гүлі солмайды», «Бар ма менiң жазығым?», «Есіл ағады», «Таң сыры», «Қазақтай ел қайда?», «Рахмет, саған, туған ел!» секілді ондаған әндері тыңдарман жүрегіне жетті. Әлі талай әндерімен жүректерді жаулайтыны хақ. Жалпы, кез-келген топтың танылуы оның таланттылығымен қоса еңбекқорлығын да талап етеді. Және, ең бастысы, ауызбіршіліктерінің мықты болуына байланысты. Бұл топ осы үрдістен шыға білген. Әйтпесе, қазақтың байтақ даласына танымал болу, ыстық ықыласқа бөлену, екі-үш күн бойы үлкен сарайларды толтырып  концерт беру әркімдерге бұйыра бермейтін бақыт. «Кісіліктің белгісі – кішілікте» дейді ғой. Эгоистікке салынбай, ренжіспей, бір-бірін өмірде де, өнерде де түсініп жүрген жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

3iegphbpp-c  Айтпақшы, осы орайда «МузАрттың» директоры, «МузАрттың» «ыстық-суығына» төзіп жүрген, сахна сыртындағы көзге көріне бермейтін үлкенді-кішілі жұмыстарды атқарып жүрген, керемет ұйымдастырушы, Тоқпановтың «тоқпағынан» шыққан Ерлан Жүнісбайға үлкен рахмет айту артық емес. Сондай-ақ, «МузАрт» болып ел алдында жарқырап жүргендері сазгерлердің, ақындардың, ән әрлеушілерінің, журналистердің арқасы деп білеміз. Музыканың ең биік шыңына жетеміз деген мақсатпен  өздеріне  «МузАРТ»  деп ат қойған ұлдарына халқы әманда тілектес, біз де тілекшіміз. Он бес жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймыз!

27 қараша – алматылық тыңдармандар үшін көптен күткен ұлы той болды. Топ мерейлі мерекелерін атап өтіп, концерттерін асыға күткен тыңдармандарымен қауышты. Демалып, көңіл көтеріп қайтпаған адам кемде-кем шығар?.. Сол үшін сүйікті «МузАрт» тобына рахмет айту керек. 15 жыл бойы әсем әндерімен тыңдармандарының жанына  сая болып келе жатқан топ туралы әңгіме айта берсең де, жаза берсең де таусылмайды. Таусылмасын да. q4rjamwivo0«Концертте кемшіліктер болды ма?» деп сұрап жатты. Кемшілікті іздеген адам табады ғой… Аз-маз кемшілік болса кешірімді. Өнердегі үлкен кемшілікті «МузАрт» жібермейтіні анық. Бір күнде екі концерт беру оңай ма? Ары-беріден соң 6000 халықты жинау да оңай емес. Бұл –халықтың, тыңдарманның ықыласы, махаббаты. Ал оны сатып алу тіптен мүмкін емес… Елдің қошеметіне ие бола алмай кеткендер көп десек артық айтқандық болмас… Оркестрмен ән салды олар. Жанды дауыста! Биледі. Билетті. Әдеттегідей, оларға қосылып тыңдармандары да ән шырқады. «Есіңе ал», «Сенің көзің…» әндерін «МузАрт» тобымен бірге топтың бұрынғы әншісі Мақсат Базарбаев бірге шырқады. Топ енді трио емес, квартет болса да болғандай екен деген ойда қалдық… Қысқасы, мұндай концертті көзбен көру керек. Айтып жеткізу мүмкін емес…

shcz3w45meoАйтпақшы, сахналары да әдемі. Артық ештеңе жоқ. Бір әннен соң бір ән… бәрі керемет ән, бәрі хит ән… Шетелден әртіс шақырған жоқ. Шоу жасаймыз деп «тыртық» қылған да жоқ. «МузАрт» деп келген халық «МузАртын» тыңдады…

Эльенора Әмір

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 2 = 6

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>