Дәурен СЕРҒАЗИН: Өмірде әртіс емеспін…

407228_503933949647349_1453308253_n  Өмір-дерек:

Театр және кино актері Дәурен Серғазин  1984 жылы 6 қарашада Теміртау қаласында дүниеге келген. 2002-2006 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасында тәлім алған. Көпшілігімізге 2006-2007 жылдары «Қазақстан» арнасында болған «Қымызханадағы»  Жексен  арқылы таныс. 2007 жылдан бастап «Жастар» театрының актері. Ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баянында» – Қозы, Н.Гогольдің «Ревизорында» – Хлестаков, Ш.Айматовтың  «Жан азабында» – мәңгүрт Жоламан, Т.Миннуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуінде»  – Әмір, Б.Соқпақбаевтың  «…Көзіме бір көрінсең бала ғашық…» шығармасында – Қожа, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында»  – Люченцио, М.Левидің «Жер мен көктің арасында» – Артур…  Тізе берсең бұл тізім жалғаса береді. Кинодағы рөлдеріне келсек,  «Возвращение в А» фильмінде – Алтай, «Жас ұланда» – лейтенант Талғатов, «Жаужүрек мың балада» – Сәбит,  Д.Махаматдинов түсірген «Алдар көседе» – Алдар көсе, С.Құрманбековтің «Ауыл сақшысында» Ерен, «Қара шаңырақта» – Мәди.

–  Әңгімемізді «Іздеп таптым, сені» қойылымынан бастасақ. Өзіңіз режиссерлік етіп, өзіңіз басты рөлде ойнадыңыз. Қол-аяғы мүгедек адамдардың қоғамнан тыс қалуын көрсеттіңіз деп түсіндім…

– Бұл пьесада нақты осыны мақсат еттім дей алмаймын. Көп мақсат болды. Біріншіден, келген көрермендер_dsc0134 қойылымнан кейін шүкіршілік айтып шықса деген ой. Себебі, қазіргі қоғамда шүкіршілік айту азайып бара жатыр. Болмашы нәрсеге қынжыламыз, материалдық жағдайды көп ойлап кетеміз. Он екі мүшеміз сау, қол-аяғымыз бар бола тұра,  бар бақытты бағаламаймыз. Екіншіден, интернетке көп үңіліп кеттік. Адамдардың бұрынғыдай араласуы сирек. Болашақта адамдар бір-бірімен көзбе-көз сөйлесе алмай қала ма деп қорқамын. Айналамызға жылы сөз айтуға сараңбыз. Сол мәселелерді айтқым келді. Әрине, содан кейін мүгедек жандардың қоғамнан тыс қалуы. Адам қандай жағдайда болмасын өмір сүруі керек. Және әр адам махаббатты сезінуге, сүюге және сүйікті болуға  лайықты, әр адам жақсы көре білу білек. Кез-келген адамның сыңары бар. Соны адаспай табу керек. Бұл менің төртінші режиссерлік жұмысым. Нұрқанат ағайыммен бірігіп қойған қойылымдарымыз да бар. Аз да болса көңілімнен шықты. Ойлаған, жоспарлаған дүниелерімді жүзеге асыра алдым. Режиссерлік жағынан да, техникалық жағынан да. Әрине, бұл басы. Жұмыс істейтін тұстары өте көп. «Қай жері кем, қай жері артық, не қосу керек?» деп  қойылымнан кейін әріптестерімнен, көрермендерден ақпарат сұрап жүрмін. Театрдың бір жақсы тұсы, әр кез сайын шыңдаласың, әр қойылым сахнада қойылған сайын өзгеріске түседі, сондықтан келесі қойылымда бұдан да жақсы шығады деп сенемін. Бұл қойылым көп қойылып, шыңдалуы керек. Өз басым аздап қиналдым. Екі айдай жұмыс істедім. Бас аяғы екі актер, екі биші. Аз адаммен жұмыс істеп көрмегенмін. Екі адамға спектакль құру да қиын. Декорацияға суретші Ерлан екеуміз көңіл бөлдік. Жаспыз ғой деп, бар фантазиямызды қосуға тырыстық. Өзім де актермін ғой, сондықтан рөл ойнауға моральдық тұрғыда хақым бар деп ойлаймын. Өзіме кейіпкер ұнады, рөлді түсіндім.

  • Рөліңізді ойдағыдай шығардым деп ойлайсыз ба?

– Оны көрермендер, сыншылар айтуы керек. Бастамасы жаман емес. Шыңына жеткізуге болады деп ойлаймын. Репетиция әлі де жүреді.

Басты рөлдегі Іңкәр Нәсиеваны қандай критерийлер бойынша таңдадыңыз?12508970_1694775274103263_3734064662240734569_n

– Іңкәр үлкен рөл ойнап көрмеген жас актриса. Маған актерлік мектебі шыңдалмаған, тәжірибесі аздау актриса керек болды. Жас актерлермен де режиссер ретінде жұмыс істегім келді. Оның актерлік шеберлігін қаншалықты аша аламын, қаншалықты мен жұмыс істей аламын, көмектесе аламын деген ойлар ғой. Бір жағынан болашақта да керек. Шыңдалған, тісқаққан актерлермен де жұмыс істеуге болар еді. Бәлкім, бұдан да жақсы, шығар ма еді олар? Бірақ, өз-өзімді қинағым келді. Өз-өзімді қинағанды жақсы көремін. Кішкене шикілеу болып жатуы мүмкін. Бастысы, оның қойылымға деген қатынасы жақсы. Ары қарай жұмыс істей береміз.

Осы маусымда қоржыныңыз қандай рөлдермен толықты?

– Биыл Өскемен қаласына фестивальге бардық. «Тырау-тырау тырналар» деген қойылымды апардық. Режиссері Нұрқанат Жақыпбай. Сол спектакльде Бақыт деген басты кейіпкердің рөлін сомдадым. Оны ойнап жүрген жігіт кинотүсірілімге кетіп қалып, ол рөлді алып шығу маған мақсат болды. Бір аптада дайындадым. Бір жетінің ішінде 14 жасар баланы ойнау қиынға соқты. Өз-өзімді сынадым. Бұрын баланы ойнап көрмегенмін. Фестивальдегі жюрилер жаман пікір айтпады. Шүкір, театрда рөлдерім жетерлік.

Сіз дегенде «Қара шаңырақтағы» Мәди еске түседі қазір. Ол рөл сізге не берді?

– Кинодағы әр рөл тәжірибе. Камерамен жұмыс, басқа актерлермен жұмыс істеу де тәжірибе. Сондықтан да маған берген тәжірибе, сосын басқа да актерлермен пікір алмасу болды, өз өзіңді шыңдауға септігін тигізді. «Қара шаңырақ» 100 серия, Мәди –  кинодағы ең ұзақ рөлдерімнің бірі болды. Ол да жақсы. Себебі, қысқа рөл болса жан-жақты көрсете алмауың мүмкін. Ұзақ сериал болғандықтан сол жерде тұрып, рөлмен біте қайнасып, Мәди екеуіміз «жақын» болып кеттік.

 Актер Дәурен Мәдиге қандай сипаттама береді?

– Көптеген көрермендер жағымсыз рөл санап, жек көретіндерін айтып жатады. Мен олай сомдаған жоқ едім. Себебі, оның бүкіл іс-әрекеттері әкесінен қалған істі ары дамыту, отбасына ақша әкелу. Әрине, пенде болғаннан кейін шатасады, тез жеткісі келеді, тез ақша тапқысы келеді. Сол жағынан кішкене шалыс басқаны болған шығар?.. Мен үшін ешқандай да жағымсыз рөл емес. Оның әрекеттері – өз отбасының қамы үшін жасап жүрген тірлігі. Өмірде сондай әрекеттерге баратындар бар, мен соларды көрсеткім келді. Сол образды ұштастырдым… Бірақ, өз басым, ондай әрекеттерге бармас едім, бармаймын да.

Мәдиге ұқсастығыңыз бар ма?

10314564_697263240341486_4648198171824901772_n – Кез-келген актер рөл алған кезде өзінің көрген тәжірибесіне салады. Немесе қасындағы дос-таныстарынан алады. Өмірдегі бар кейіпкер болса, аңыз емес, тарихи емес болса, онда бастан өткен не естіген оқиғаны қосасың.  Өзіңді зерттейсің, өзіңнен қосасың. Өзіңді жақсы білесің ғой, образды жақындастыру үшін әдеттерді өзіңнен аласың. Ұқсастық болады не ұқсатуға тырысасың.

Кейіпкерлерге бауыр басу деген бола ма сізде? Қай кейіпкеріңіз ыстық?

– Әрине, болады. Әрқайсысы ыстық. Көпшілігі Алдар көсе арқылы таныды. Сол ыстық. Жалғасы түсірілсе түсер едім. «Ауыл сақшысындағы» Ерен де өзіме ұнайтын кейіпкер. Ұзақ болғаннан кейін, әрине, Мәдиге де бауыр басып қалдым.

Мәди арқылы рахметті көп естідіңіз бе, әлде?..

–  Салыстырмадым. Рахметті де айтты, жек көреміз дегендер де болды. Демек, сендіре алдым. Көшеден ата-апалар кездесіп жатса, құшақтап, алғыс айтып жатады. Сериал жақсы деп жатады. Оған, әрине, қуанамыз.

Актер көрерменін шын жылатып, шын күлдіру үшін не істеу керек?

– Сендіру керек, өзі де сол оқиғаға сену керек. Репетициялары 100%  өту керек ол үшін. Рөлді терең зерттеп, соны бар ынта-жігерімен сомдап, берілу керек. Шынайы болу керек. Сол кезде көрермен сенеді. Көрермен сенсе сенімен бірге күледі, бірге жылайды.

Сахнада тұрып естіген шапалақтарды неге теңер едіңіз? 12244333_1522215851437567_962958945571369963_o

– Ол актердің бір спектакль үшін екі-үш ай сіңірген еңбегінің, жіберген уақытының, жұмсаған күш-қуатының 5-10 минутта шапалақпен кері қайтып келуі. Яғни, алмасуы. Лезде қайтарып аласың.

Киноға шақырту көп пе?

– Көп те, аз да емес. «Қара шаңырақтан» кейін кіші-гірім рөлдерден бас тартуға тура келді. Себебі, театрдан кішкене тыс қалып қалдым. Көңілімді театрға бөлгім келді. Өзім де киноға көп түскім келетін актер емеспін. Үлкен, жақсы жобалар болса құба-құп.

Режиссер таңдайсыз ба? Кімнің түсіру алаңында жұмыс істегіңіз келеді?

– Әр актер сценарийге, режиссерге қарайды. Сосын қаламақыға. «Бәленше деген режиссермен жұмыс істегім келеді» деп тап басып атай алмаймын. Біршама режиссерлердің түсірілім алаңынан табылып жүрмін. Сценарий ұнаса кез-келген режиссердің түсірілім алаңынан табылуға тырысамын.

Театрда режиссерлік жұмысыңызды бастап кетіпсіз. Кино түсіргіңіз келмей ме?12017465_1488799748112511_3816420818211815910_o

–  Әзірге жоқ. Тәжірибе жинап, шыңдалуым керек. Жақсы сценарий қолыма тиіп жатса, түсіруім мүмкін.

Сіз туралы мінездемелер әртүрлі екен. Сахна сыртында тым тұйық дейді, біреулер әзілқой дейді. Өзіңіз айтыңызшы, қандайсыз? Өмірде актер емессіз бе?

– Тұйық екендігім рас. Бейтаныс адамдармен тіл табысу маған қиын. Көп адамға ашыла да бермеймін. Табиғатым солай. Жұлдыз емеспін. Нұрқанат ағайымыз көкірегімізді көтерткізбейді. Сәл босаңсысақ немесе «көкірегіміз көтеріле бастаса», ұрсып, жерге түсіріп алады. Қарапайыммын, керек болса автобуспен де жүре беремін. Көпшілік тамақтанатын жерлерге де бара беремін. Өмірде актер емеспін, бола да алмайды екенмін. Театр менің жұмысым. Актерлігімді басқа жерде қолданып көрмеппін. Тек сахнада және түсірілім алаңдарында актермін…

Жұбайыңыз Мәдина Май да актриса. Өнердегі жігіттер «бір үйге бір өнер адамы жетеді» деп, сол саладағы қыздарға үйленуді, жарының актриса болғандарын қаламайды. Жұбайы өнерде жүруге тыйым салған арулардың ішінде небір Қыз Жібектер, Қарагөздер жүрген болар… Сізді бұл жағынан мақтауға болады екен…

– Мүмкін ол арулардың өз таңдаулары болар? Қанша дегенмен, қазақ қыздары үшін отбасы бірінші орында тұрады емес пе?.. Отбасы мен өнерді қатар алып жүре алса, үлгеріп жатса, қарсы болып нем бар? Егер үлгермей жатса мен де үйде отырғызып қояр ма едім? Біз бір курста оқыдық. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Театр деген не, актер деген кім екенін түсінеді. Өмірде де, өнерде де мені жоғары қояды. Жарысып өмір сүрмейміз. Ол маған жол беріп, мені үнемі қолдап отырады. Шүкір, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Айлун есімді қызымыз бар.13243853_1013671752053204_629049736917730389_o

 Әңгімеңізге рахмет! Өмірде де, өнерде де жолыңыз болсын!

Сұхбаттасқан  Эльенора ӘМІР

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


6 − 1 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>