Күлге айналған «Фэникс»… 1-бөлім.

 03 Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:

ҚҰЛАГЕРДЕЙ, БАТЫРАШТАРҒА АТЫЛДЫМ…

 – Тұңғышбай аға, сіз екеуіміздің бұл сұхбатымыз тек шындықты айтуды талап етеді. Алланың алдында, өзіңіздің арыңыздың алдында, халықтың алдында, болашақ ұрпақтың алдында тек шындықты ғана айтуға уәде (ант) бере аласыз ба?

— Әрине, уәде беремін! Ант беремін!  Шындықты айту үшін өзіңді шақырдым емес пе?!.

— «Даудың басы…» демекші, бүгінде сіздің істі болып отырғаныңыз  «Фэникс» фильмінен басталды. Қазақ кино өнерінде бұрын-соңды болмаған ерекше  ғарыштық-фантастикалық жанрда фильм түсіруді қолға алып бастадыңыздар да, сіздердің осындай үлкен жобаларыңыз, жақсы бір идеяларыңыз жүзеге аспай қалды. «Фэникс» деген аты да сол жобаның тағдырына әсер етті ме екен… «Фэникс» — күлге айналғандай… Үлкен идеяның жүзеге асуы былай тұрсын, істің басталар-басталмас басқа арнаға бұрылуы, мақсаттарыңызға жете алмай қалуларыңыз, жалғыз сіз емес, фильмнің режиссері Талғат Жәнібековтің, бас-аяғы – тоғыз адамның басына қара бұлт үйірілуі, істі болуы… қысқасы бүгінгі қоғамда үлкен шуға айналған «Жаманқұлов ісі» осы «Фэникс» фильмінен басталғаны белгілі. Ендеше, әңгімеміздің әлқиссасын да осы фильмнен бастасақ: идея қалай туды, ол идеяны кімдер қолдады, оны жүзеге асыруға үкіметтен қанша қаражат бөлінген еді, қанша қаржыны игеріп үлгерген едіңіздер?.. Талғат Жәнібековті қашаннан бері білесіз, Юдина деген кім, басқалардың бұл істе ролі қандай???… Бәрін басынан бастап, рет-ретімен айтып берсеңіз…

– «Фэникс» фильмі – кино саласындағы менің алғашқы продюсерлік жұмысым еді… Мен баяғыда театрда басшы боп қызмет жасап жүргенде, театрдың дыбыс беру цехында Талғат деген шашы жалбыраған қазақтың жігіті жұмыс істейтін. Өзі жас, сол кездегі заманауи техниканы жақсы білетін, қойылымдарға музыканы беріп отыратын, өз жұмысын жақсы меңгерген маман еді. 90-шы жылдарды өзіңіз білесіз, ол уақытта театрларға «қайтіп күн көрсең, өйтіп күн көр» деп, үкімет қаражат бөлуді де тоқтатқан кездер болған. Техниканың бәрі ескі, тіпті, сізге өтірік, маған шын — театрдың есеп-қисап бөліміндегі қыздар қолмен қағатын тас есепшоттармен жұмыс істейтін. Солардың бәрін заманға лайықтап жаңартуға кіріскен кезім болатын. Театрдағы барлық техниканы жаңарту, компьютерлендіру, жаңа технологияларды енгізуді бастадым да, сол техниканың тілін білетін жастарды іздедім. Солардың бірі болып Талғат Жәнібеков келді. Ол кезде Талғат әлі режиссерлік оқуды оқымаған. Спектакльді көрерменнің көкейіне жеткізу жолында жаңа заманауи технологиялық әдістерді қолдану үшін білгірлік керек. Тек қана «алкөкіректікпенен», сөзбен ғана, жарықпен ғана жарқ ете қалу аз, онымен жаңа заманның көрерменін таңғалдыру мүмкін емес. Әрине, ең бастысы, драматургияның тұшымды болуы, сахнадағы актерлердің шынайылығы, бұрынғыдай таптаурын сөз айтудан тоқталуы т.б. көптеген факторлар, тіпті, көрермен жинау тәсілдеріне дейін жаңадан ойлап табу керек болды және соны бастау менің талайыма, менің тағдырыма түсті. Соны жасадым. Қазіргі таңда көпшілігі сол жолмен келе жатыр. Мысалы, көрермендерді жинау тәсілі – көрерменмен жұмыс агенттігін ашқан едім, бүгінге дейін театрлар менің сол әдісіммен жұмыс істейді. Құдайға шүкір, ең қиын жылдары мен театрдың басшысы болдым, халық театрдан теріс айналып кеткен кезде халықты қайтадан театрға бұрудың амалдарын іздеуде жанұшырып, бармаған жер, баспаған тауым қалған жоқ. Жылына он екі ай болса, біз жылына он бір спектакль қойып, көрермендердің мазасын алып, «ойпырм-ай, тағы да жаңа қойылым қойылыпты ғой, Әуезов театрына барайық…» деген сияқты ел арасында театрдың беделін арттыруда үлкен істер жасадық. Әрине, он бір спектакльдің бәрі бірдей төрт аяғынан тең тұрған үлкен туынды деп айта алмаймын, дегенмен, солардың бір-екеуі көркемдік деңгейі жағынан, көркемдік құндылығы жағынан көрермен көкейінен шығып жатса, мен өзімді бақыттымын деп есептедім…

Талғатты сол кезден білуші едім. Жаңа айттым ғой, дыбыс цехында жұмыс істеді, техниканы жақсы меңгерген еді деп. Театрдан қашан шығып кеткені есімде жоқ, кейін ол Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының кинорежиссура факультетіне оқуға түсіпті, режиссер Ардақ Әмірқұловтың мектебін бітіріп шығыпты. Анда-санда кездесе қалсақ, сәлемі түзу жігіт еді, академияны бітірген соң біраз уақыт киностудияда істеген екен. Біздің киностудияда «ә» дегеннен жастардың жолы болып кетуі мүмкін емес, әсіресе жас режиссерлерге қолдау көрсету кемшіндеу. Сенімсіздік аз болады, ақша жаратып қояды деп ойлай ма, әлде тәжірибесіз жас, қандай болатынын кім біледі деп ойлай ма… «Жолы қандай, бағыты қандай, мектебі қандай, әдісі қандай?..» деген сияқты сенімсіздіктен жастар сандалып көп жүріп қалады. Олардың бір мысалы, қазір шетелде «Кімсің? – Тимур Бекмамбетов!» боп жүрген жігіттің өмірі – біздің «Қазақфильмдегі» осы үрдістің, осы сенімсіздіктің мысалы. Шетелге барып, бағы жанып, «кімсің, Тимур Бекмамбетов!» боп жүр.

Талғат Жәнібеков те соның бір мысалы. Ол алғаш өз бетінше демеуші тауып, «Жокер» деген фильм түсіріпті. Жаңа тәсілде, компьютерлік технологияның әдісін пайдаланып, бүгінгі көрерменнің талғамына сай, бүгінгі көрермен сұранысын өтеу мақсатында түсірілген фильм. Экраннан тек қана сөйлеп тұрған бастар ғана емес, сөйлемей тұрғанның өзінде оның астары менен үстерін ойлайтыны, экрандық суреткерлік әдістерменен көрерменге жаңаша жол табудың бағытында жүргендігі байқалды.

Мені теледидардан көріп қалыпты. Мен көп кездесулерге барамын, көп адамдармен кездесемін, араласамын. Қазақстанның космонавттары Тоқтар Әубәкіровпен, Талғат Мұсабаевпен сөйлесіп тұрғанымды көріп қалған екен. Тоқтар Әубәкіровпен іштей сыйластығымыз ерекше: 2 қазан – ол кісінің ғарышқа ұшқан күні болса, менің туған күнім… Сол кісілермен сөйлесіп тұрғанымды көріп қалып, Талғаттың қағазға түртіп жүрген бір идеясы бар екен, сонысын алып маған келді. «Аға, менде бір қызық идея бар. Неге тек америкалықтар ғана жер шарын қорғап қалатын фантастикалық киноларды түсіреді де, бүкіл әлемді, бүкіл жер жүзін, бүкіл ғаламды тек қана америкалықтар ғана қорғап тұрғандай болып көрінеді?!. Ал бізде «Байқоңыр» бар емес пе? Ғарышқа «Байқоңырдан» ұшады. Екі космонавтымыз бар. Космосқа біздің үлесіміз үлкен, неге біздің қазақ елі осы космонавтикаға байланысты қияли-фантастикалық «фэнтэзи» жанрында фильм түсірмеске?.. Менде ғылыми негізге құрылған сценарий бар, аға, оқып көріңізші…» деп, берді. Оқып шықтым. Ол өзі білімдар жігіт. Кеңес кезінде Ресей мен Қазақстанның ғалымдары «Күннің Жерге әсері» деген мәселеде ғылыми тұжырымдар мен гипотезалар жасап, бүгін жаңалық деп ашып жүрген көптеген табиғи құбылыстарды зерттеумен айналысқандар бар. Кейін кеңес өкіметі құлаған кезде бәрі далада қалып, ұмыт бола бастаған. Жердің Күнді айналуына, жердегі табиғаттың өзгеруіне, жер сілкіністеріне, цунамилерге, жердің неше түрлі мінез көрсетуіне, табиғаттың өзгеруіне Күннің әсері бар екені ғылыми түрде дәлелденген. Мысалы, Жер Күнді айналатын болса, сол Күннің бір рет жарқ ете қалған жалынының өзі жерге ерекше әсер ететіндігін зерттеген кеңестік екі ғалым – бірі орыс, бірі қазақ ғалымы болған. Ол ғылыми жұмыс өте ертеректе басталғанымен, одақ құлаған соң, аяқталмай, гипотеза күйінде қалып қойған. Қазір соның бәрі – Жердің әртүрлі катаклизмдерге ұшырап жатқаны Күннің әсерінен екені дәлелденіп жатыр ғой!..

Осы мәселе жөнінде Талғат Жәнібеков сценарий жазыпты. Мен оның таңғажайыпты болатынын сездім және сендім. Және ойландым. Мысалы, неге Ресей ракеталарын Байқоңырдан ұшырады? Ресейдің өзінің де кең байтақ, ұланғайыр жері бар, бос жатқан Сібірі бар, бірақ неге Байқоңырдан ұшырады? Бұл жерде қазақи ұлтжандылықпен, жанашырлықпен күйініп, «ой, қазақ көнбіс қой, сондықтан орыстар бізден ұшарады» деген ойлар айтылатыны рас. Одан емес екен. Менің есіме түскені – кейіннен басқа бір білгір жігіттерден де естідім – Байқоңырдың ежелгі аты «Жеркіндік» екен.

– «Жеркіндік»?.. Қызық екен…

– Иә, ата-бабаларымыз «Жеркіндік» деп атаған екен. Бұл сөздің тура мағынасына зер салыңыз – Жердің кіндігі. «Кіндік» деген ұғымды ары қарай ойланыңыз: ананың құрсағында жатқан бала кіндік арқылы қоректенеді. Яғни, кіндік – ана мен баланы тікелей байланыстыратын жол, үлкен байланыстар тізбегі… Сонан соң тағы бір мәселе: қазақ жерді «дөңгелек жер» демейді, «жұмыр жер» дейді. Зерттеуші-ғалымдардан бастап бәріміз жердің формасы шар деп есептеп жүрміз ғой. Қазақ жерді «шар, дөңгелек жер» демейді, «жұмыр жер» дейді. Яғни, жер жұмыртқа пішіндес болғаны ғой, ал жұмыртқаның бір жағы жіңішкелеу болып бітеді, демек, Жердің атмосфераға жақын жағы «Жеркіндік» боп тұр ғой, шамасы. Оны космостық деңгейде ғана қарап, зерттеу керек… Яғни, Жеркіндіктен — Байқоңырдан космосқа қарай тікелей байланыстар тізбегі болуы бек мүмкін. Неге оны қазақ атамыз Жеркіндік деп атаған? Демек, Күнмен, галактикамен, керек десеңіз, алла тағаланың өзімен тікелей байланыс жасайтын бір ғарыштық бағыт, болмаса бір ашатын жол бар шығар? Қорқыт бабамыздың да тәңірмен тілдесу үшін Жеркіндікті — қасиетті Сырдың топырағын таңдауы бекер емес шығар?..

Кейін-кейін сұрастыра келсем, «Байқоңырдан» ұшатын ракетаның космосқа – Айға, Марсқа, басқаға ұшатын шығыны Америкадағы «Каневрал» ғарыш айлағынан ұшырылатын ракетамен салыстырғанда 11 есе арзанға түседі екен. Яғни, орбитаны тесіп өту америкалықтар үшін бізден 11 есе қымбатқа түседі. Ал қазір Ресейдің Красноярдан салған космодромының ғарышқа ұшу шығыны біздің «Байқоңырдан» ұшатын ракетаның шығынан 4 есе қымбат. Қараңыз, қандай құдырет! Біздің «Жеркіндік» — ананың құрсағында жатқан баланың кіндігі іспеттес, ғарышпен тікелей байланысы болып тұрған жоқ па? Яғни, ауаның тығыздығы, ауаның қозғалысы, айналыс қолайлығы, атмосфера, стратосфера, ионосфераны тесіп өту, ғарышқа тез жету мүмкіндігі әлдеқайда зор болып тұр ғой?!. Сондықтан да ғалымдар әу баста ғарышқа ұшу үшін «Жеркіндікті» – «Байқоңырды» таңдаған.

Осының бәрін білгенде мен «Фэникс» фильміне одан сайын қызықтым. Басты рөлді – қазақ ғалымын өзіңіз ойнайсыз деді маған. Орыс ғалымы қайтыс боп кеткен екен, баласы бар екен, баласы ғылымнан алшақ, ішімдікке жақын, өмірі өзге арнаға бұрылған екен… Бірақ келіні осы тақырыппен ғылыми тұрғыда айналысады екен. Фильмдегі басты кейіпкердің бірі сол болуы керек еді. Ғылыми-фантастикалық жанрға негізделген фильмнің мақсаты – Күннің Жерге әсерін көрсету, Күнге «Фэникс» деген аппарат ұшыру арқылы, миллиардтан, триллиардтан бір дәрежеде әсер етудің нәтижесін көрсету. «Фэникс» – Жердегі цунами, жер сілкінісі сияқты түрлі катаклизмдердің алдын алу, қыстың қысқаруы, жауынның көбеюі, ғаламдық жылылық, ғаламдық суықтық деген мәселелерді орнына келтіретін аппарат болады, ол Күнге ұшып барып, өзінің ең басты миссиясын орындайды деп, бір жағынан фантастикалық, бір жағынан ғылыми шындығы да бар фильм түсіруді мақсат еттік. Қазақтың космонавтары ұшатын «Жеркіндіктен» Жер-Ана мен Күннің арасындағы байланысты түзетудің қамына ұшырылатын «Фэникс» аппаратын ұшырып, Жер-Анамызды тек америкалықтар ғана емес, біз, қазақтар да қорғайтынымызды көрсететін, «Байқоңырды» да, біздің мүмкіндігімізді де дүниежүзіне паш ететін фильм болуы керек еді. Қазақ киносы мұндай тақырыпқа өмірі бармаған, бара да алмайтын еді, енді бұдан былай бара ма, бармай ма, білмеймін… Себебі, мақтанбай-ақ қояйын, ол үшін тек кино тілін ғана емес, мен сияқты жаңағы «Жеркіндіктің» не екенін білу керек, атмосфера, стратосфера, ионосфера қабаттарының ерекшелігін білу керек, қазақтың тілін білетін, қазақтың жанын түсінетін ұлтжандылық керек, елге деген патриоттық керек, сонан соң Талғат сияқты киноның, компьютерлік графиканың әдісін білетін және көрермендерге жеткізудің жолдарын кәсіби түрде меңгерген, суреткер режиссер ретінде ойлана білетін, жасай білетін, сонымен «ауырған», өз ісіне ессіз берілген фанат маман керек…  Талғат бауырым да айтады, «мен осы киномен дерттімін» дейді.

Мен де дерттімін. Дерттілік сол, өнер арқылы – мейлі кино болсын, мейлі театр болсын, мейлі әдеби жанрлар болсын, басқа салалар болсын – елімнің, жұртымның, мемлекетімнің мерейін үстем ету үшін (мақтаныш үшін емес!)…, сонан соң қазақ деген халықтың білімсіз, тексіз, надан еместігін, қазақ деген халықтың әрбір салтында, әрбір сөзінде, әрбір атауында мән жатқандығын көрсетуді мұрат тұттық. Қазақтың кейбір ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрінде, тіпті, киізге басқан ою-өрнегінде ғарыштық мағына жатқан жоқ па? Немесе, жаңағы «Жеркіндік» дегенді қазақ қалай дәл айтқан?! Сезген бе, әлде жоғарыдан бір сәуле келген бе, әлде жоғарыдан бір «сигнал» келген бе солай атауға?!.

Осы мәселенің бәріне қатты қызыққандықтан, әрине, ең алдымен шауып отырып Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа бардым. Қабылдауын сұрадым. «Талғат, бауырым, осындай бір керемет идея боп тұр. Сен ғарышқа бір емес, бірнеше рет ұштың. Өзің «ҚазақҒарыштың» басшысысың. Қазақ елінің батырысың. Ол жаққа барудың не екенін жақсы білесің. Жаныңды шүберекке түйіп барып, алланың әмірімен шүберекке түйіп қайтып келдің. Біз сенімен мақтанамыз… Біз енді қазақтың «Байқоңыры» — «Жеркіндігі» жайында, қазақ космонавтикасының осы мәселеге ықпал етуі жөнінде осындай фильм түсірсек деген ойымыз бар. Мынаны оқып көр…» деп, фильмнің синопсисін бердім. Оқып көріп, бірден «жақсы екен, Тұқа, мынау бір керемет идея екен…» деді. Онда былай істейік дедім: «Екеуміз мемлекетке ұсыныс жасайық, осыған ақша бөлсін…» деп, 2012 жылы Талғат Амангелдіұлының қолымен, менің діттеуіммен Министрлер кабинетіне хат жолдадық. Ол кезде Кәрім Қажымұқанұлы Мәсімов Үкімет басшысы, сол кісіге хат түсірдік. Ол кісіге де идея ұнаған болу керек, «2014 жылы бюджеттен осы фильмді түсіруге ақша бөлінсін» деген нұсқау берді. Ол нұсқауды ала салысымен, кино жағынан есеп-қисапты жақсы білетін адамдар киноның бюджетін есептеп, шамамен 550 млн теңгеге түсіруге болады деп, 2012 жылы сондай шешім қабылданды. Бірақ 2014 жылдың бюджетіне енгізілгендіктен, бұл қаражат бізге тек 2014 жылы келетін болды.

– Бұл фильмді түсіру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағында жұмыс істеу керек шығар, соның макетін салу керек шығар, тіпті, кейбір кадрларды ғарышта түсіруге тура келетін шығар? Яғни, өте қымбат фильм болар ма еді?

– Әрине, әрине!.. Сол кезде ғарышкер Талғаттан сұрадым, «космоста біраз жүрдің, сол жақта түсірген видеоларың бар ма?» деп. «Бар!» дейді. «Сен оны бізге бер, біз пайдаланайық». «Міндетті түрде беремін!» «Космостық киіміңді бер… Ресейдің космонавттарымен, «РосКос» ғарыш агенттігімен байланысың бар ма?» «Бар». «Бізді байланыстыр, бірге барайық, сөйлесейік… Байқоңырға кіруге бізге рұқсат бер…» деген сияқты ұйымдастыру жұмыстарымен мен айналысып кеттім. Сөйтіп, ешкімге баруға болмайтын жабық зона «Байқоңыр» ғарыш айлағына рұқсат алдық. Біздің жігіттер ұшыру алаңына дейін барды. Сөйтіп, 2014 жылы басталды ғой қызу жұмыс. Кино тілінде айтсақ, «предподготовительный период», «подготовительный период» деген болады. Яғни, фильм түсірердің алдында «алдыңғы дайындық», «кейінгі дайындық» кезеңдері. Сол тұста:  Қандай жерлерге барамыз? Қай жерлерде түсіреміз? Қай кадрларды жылдың қай уақытында түсіреміз? Қандай актерлерді түсіреміз? Қай сахналар қай жерде түсіріледі? Компьютерлік графикасын кімдермен жасаймыз? Кімдер кәсіби тұрғыда жақсы жасай алады? Қалай жасаймыз?.. деген сияқты мәселелердің барлық бүге-шігесіне дейін жоспар жасадық, ол жұмыстардың қаржылық шығынын «Қазақфильмнің» білгір мамандары бізге есептеп-қисаптап жазып берді.

Осы тірліктің басы-қасында болғаннан кейін, түгелдей осы ақшаны өз мойныма – өзімнің журнал шығаратын, ептеп-септеп жарнама роликтерін түсіретін шағын фирмам бар еді, соған алуыма болар еді. Бірақ мен олай істемедім. «Қазақфильмнің» үлкен тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн деп шештім, өйткені олар бұл мәселеде көп біледі, олардың көмегіне жүгінейік, біз кей мәселелерді білмеуіміз мүмкін, бәрібір мамандарды солардан аламыз, аппаратты, техниканы солардан аламыз, шығармашылық әрі техникалық жұмыскерлерді солардан аламыз, сондықтан біз бірігейік деп, сол кездегі «Қазақфильмнің» президенті Ермек Аманшаевтың алдына барып, түсіндірдім. Ермек бауырым айтты: «Бізбен бірікпей-ақ, өзіңіз істей бермейсіз бе?» деді. Мен айттым, «айналайын, Ермекжан-ау, мен бірінші рет жасайын деп отырмын, фильм түсірудің бүге-шігесін білмеймін, мен тек киноға түскенді ғана білемін, ал оның ұйымдастыру жұмыстарын біле бермеймін ғой. Сондықтан сендердің адамдарың маған керек, бірігіп түсірейік. 550 миллионды мен табуын таптым-ау, пайдасын бірге көрейік, «Қазақфильм» компаниясымен 50/50 болып, келісімшарт жасайық, бірігіп істейік, бұл өте үлкен жоба, жалғыз күшім жетпейді» деп қолқа салдым, ақыры ол қолқамды қабыл алды. Келісімшарт жасалды, ол өзінің барлық мамандарына тапсырма берді. Әлгіндей есеп-қисап, ұйымдастыру шаралары, «алдыңғы дайындық», «кейінгі дайындық» кезеңдерінің экономикалық тұжырымдарын жасап берді бізге. Бірақ көп ұзамай өзі басқа қызметке ауысып кетті.

Сонан соң кино мамандарын жақсы танитын режиссер Талғат Жәнібековтің арқасында «атқарушы продюсер» Надежда Юдина дегенді таптық. «Атқарушы продюсер» деген – түскен ақшаны жаратушы. Сол екеуі оператор, дыбыс режиссері, компьютерде жасайтын жігіттер т.б. мамандардың бәрін де өздері тауып, таңдап, іріктеп, жұмысқа алды. Мен олардың ешқайсысына араласқаным жоқ, араласа алмаймын да, өйткені мен білмеймін – қай жұмысқа қандай маман керек, оларға қанша жалақы төлеу керек, қай ақшаны қайда, қанша жұмсайды, не сатып алу керек, қайдан, қаншаға алу керек… оның бірінен хабарым жоқ. Мен ақша жұмсаушы емес, керісінше, ақша табушымын. Талғат та айтты, Юдина да айтты, «сіз бірінші күннен осы идеяның басындасыз, осы істің алға жылжуына бірден-бір себепкерсіз, сіз «генеральный продюсер» болып қалыңыз. Айлық береміз, бірақ сіз жоғарыдағы үкіметпен арадағы байланыспен – ақша табу, «ҚазҒарышпен» байланыс сияқты үлкен жұмыстармен жүресіз. Жұмысты біз істейміз, ақшаны біз жаратамыз, жауапты біз береміз…» деді. Міне, осылай басталып кетті…

– Яғни, бұл жобада «Қазақфильм» компаниясы және сіздің «Тұран Универсал Бизнес» фирмаңыз үлескер. «АлдамисРус» деген қашан қосылды?

– Соған келе жатырмын… Сол аралықта төтеннен жағдай болды… Менің өзі кейде «жолым ауырлау» деп өзімді өзім… і-і-ім… кінәламаймын-ау… бірақ, «неге осы менің жолым ауырлау?..» деп өзімнен-өзім сұраймын. Өнерге келуім де бірден бола қалған жоқ, алдымен техникалық вузда оқып, өнерге келгім келсе де, келе алмай, «менен не шығады дейсің» деп қорқып… қорыққанда – қазақы ұяңдық қой… сөйтіп уақыт оздырып келіп едім. Ал келгеннен кейін режиссерлерге не бойым ұнамай, не түрім ұнамай… бойым сорайып, түрімнің қазаққа ұқсамағаны кедергі болып, ұзақ жылдар роль берілмей, құр әншейін қамшы әперетін, домбыра әперетін, барып кел, шауып кел сияқты эпизодтық рольдермен жүрдім… Кинода да біраз жылдар бойы жолым болмай, қазаққа ұқсамайтын түріммен киноға түсе алмай жүрдім… Бірақ түбі – қайыр менің жолымның…

Бұл ситуацияда да жолымның қиындығын айтайын – 2014 жылы «ал, бастаймыз!» дегенде теңгенің девальвациясы болды да кетті. Бұрын 120 теңге болған доллар 150-ге бір шықты, 180-ге екі шықты, сөйтті де 300-ге, 350-ге дейін бір-ақ жетті. Сонда бізге бөлінген 550 миллион теңге — фильмнің бюджетін есептеп белгілеген  2012 жылы 3 млн доллар болса, қазір ол 1,5 млн болып қалды. Ақша жетпейтін болды. Сосын біз шарқ ұрып инвестор іздей бастадық. Үкіметтен тағы сұрау ыңғайсыз, ол болмайтын шаруа. Мен салып ұрып алдымен осы Қазақстандағы «менмін!» деген қалталы, өнерді сүйетін, мені сыйлайтын, кезінде мен театр директоры болғанда талай көмегін көрсеткен жігіттердің бәрін араладым. Қиын кезде, девальвация болып жатқанда олардың ешқайсысы маған көмек жасай алмады. Көбі «көрейік аға, ойланайық, аға» деп қалды.

Уақыт өтіп бара жатыр. Салып ұрып Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың жолдастарының телефондарын тауып алдым да, «Роскосмос» бастығының орынбасары Сергей Савельев деген жігітпен кездесуге Мәскеуге ұштым. Есігінде үш күн күтіп жүріп, ақыры кездесіп, хатымды беріп, «осындай фильм, бірге жасайық, Ресей мен Қазақстанның үлкен табысы болсын… Ресейдің космонавты ұшады, ресейлік ғалымның қызы ұшады, қазақтың космонавты ұшады… сендердің техникаларың бар… бүйтейік, сөйтейік…» деп, хат қалдырып кеттім. Тура сол кезде олардың да үкіметі мен «Роскосмос» арасында ыңғайсыз түсініспеушілік жағдайлар болып жатты да, «бүгін-ертең жауабын айта алмаймыз, біз қазір тексеріліп жатырмыз… жауапты кейін береміз…» деп қалды.

Ол жақтан қайтып келіп, өзіміздің ұлттық компанияларға бардым. «Қазмұнайгазға» бардым. Ол кездегі басшылары мені сыйлайтын жігіттер еді. «Жігіттер, біз осылай космосқа ұшайын деп жатырмыз, ракетаның бір шетіне «Қазмұнайгаз» деп жазып қоямыз… көмек етіңдер, жігіттер…» дедім. Олар да «жақсы екен, жақсы екен…» дегеннен ары бара алмады.

Сөйтіп жүргенде Талғат Жәнібековті Францияға жібердік. Кан кинофестивалі болды, соны көруге кетті. Сол жақта жүргенде, аяқастынан, ойламаған жерден Сергей Беспалов деген жігітпен кездесіп – өзі Ресейдің азаматы, продюсер, бірақ қазір Америкада тұратын орыс жігіті, көптеген фильмдерге продюсер болған, инвестор болған – Талғат соған осы идеяны айтып, алдын-ала түсіріп алған шағын тизеріміз бар, тизер деген – құпиялыққа құрылған шағын жарнамалық тұспал, соны көрсеткен екен, Беспалов алақанын ұрып, «болды, біз көмектесеміз, Қазақстан қанша ақша бөлген болса, біз де дәл сонша ақша бөлеміз, Америкада түсірілетін кадрларды біз түсіріп береміз, бірақ режиссері сенсің… Америкалық актердің гонорарын біз төлейміз…» Сценарийде Американың ғалымы бар, ол рольге біз Квентин Тарантиноны ойлағанбыз. Американың актерінің гонорарын білесіңдер ғой, шамамен қанша алатынын… бір сағаттық түсірілімінің өзіне миллион доллар алады олар… Менің жүрегім жарылардай қуанғаным – ең бастысы, «бұл фильмді түсіргеннен кейін дүниежүзілік прокатты жасауды біз қолымызға аламыз» деді. «Дүниежүзілік көрсетулердің амал-тәсілін ұйымдастыруды да, оның шығынын да біз мойнымызға аламыз. Ал түскен пайданы тепе-тең бөлеміз…» деді. Бұл – «Голливудтың» продюсерінің айтып отырғаны! Яғни, бұл деген сөз – міндетті түрде біздің ақша, шығарған шығынымыз бірнеше есе үстемелеп қайтады, бюджет зардап шекпейді, ал Қазақстанның, «Қазақфильмнің» тарихында жаңа кино жанрына жол ашылады. Менің есімде жоқ, «Қазақфильмнің» тарихында бірде-бір фильмнен, 50 пайызы демей-ақ қояйын, 30 пайызын қайтарғаны бар ма екен, жоқ па екен? Оған үйренгенбіз біз…

Ал «Голливуд» шығынына көмектесеміз деп отыр, дүниежүзілік прокатқа шығаруды қолымызға аламыз деп отыр, және, ең бастысы, олар түгел қайтарады! Қайтармай қоймайды. Түн ұйқысын төрт бөледі олар! Міндетті түрде пайда табатынына көздері жеткенде ғана фильмге кіріседі. Шығын қайтпайтын, табыс таппайтын фильмді олар түсірмейді де! Соған көздері жеткендіктен, сенімді болғандықтан олар бізбен «Келісім беру меморандумына» қол қойды. Мұндай жұмыс «Қазақфильмнің» тарихында ғана емес, Қазақстанның тарихында болмаған нәрсе. Сол кездері, естеріңізде болса, Елбасымыздың айтып жүрген үлкен-үлкен сөздері бар болатын: «Шетелден инвестор тартыңдар, ақшаларыңды құйып, бірігіп жұмыс істеңдер» деген, тура біздің осы ісімізге дәлме-дәл келіп тұрған мәселе болатын. Мен қуанғанымнан бөркімді аспанға лақтырғандай болдым. Талғат олармен келіссөздер жүргізе бастады, мен оларды білмеймін, әрине. Олар өздері келіп бізге меморандумға жазды, «бірге түсіруге бейілміз, Қазақстан тарапынан бөлінгендей қаражат бөлуге әзірміз, әлгіндей ұйымдастыру шараларын толық мойнымызға аламыз» деп.

Енді Америка қайда, біз қайда? Олар жұмыр жердің астында, біз жұмыр жердің үстіндеміз ғой. Байланыс ауырлау, сол байланысты жеңілдету үшін америкалық «Алдамиса Интертаймент» деген «Голливудтың» компаниясы Ресейде өзінің «дочерная» компаниясын – «АлдамисаРус» деген бөлімшесін ашты. Оған өздерінің іс жүргізе алады деген жігітін бастық қып қойды, сол арқылы жұмыс істеу керек деп. Бірақ олар біздің сценарийді дүниежүзілік стандартқа сай етіп, «кей жерлерін өзгертеміз, диалогтарын басқаша құрамыз, кейбір сахналардың орнын ауыстырамыз…» деген секілді көптеген өзгерістер енгізу керектігін айтты. Олардың өздерінің тәсілдері бар, яғни, «сондай тәжірибелі сценарист табамыз, ол сценаристің қаламақысының жартысын біз – америкалықтар төлейміз, жартысын Қазақстан – сендер төлеңдер» деді. Ол қанша болады? Яғни, 50 мың долларды олар, 50 мың долларды біз төлейтін болып, ал америкалық сценарий жазушы сценарийді халықаралық стандартқа лайықтап адаптациялауға – қайта жазып шығуға кіріскелі тұрған кезде… дүние өзгерді. Министр ауысты. «Қазақ елі» деген үлкен жоба келді…

Ол кезде бізге бюджеттен бекітілген 550 млн теңгенің 100 млн теңгесі бөлініп, «алдыңғы дайындық», «кейінгі дайындық» барысында оның 79 млн-ын игердік. Оның 10 миллионы сценарий жазған екі авторға төленді, қалған 69 миллионына әлгіндей үлкен-үлкен жұмыстар жасадық: «Байқоңырға» барып түсірдік, Қапшағайға барып түсірдік, далаға барып түсірдік, қалаға барып түсірдік, адамдар іздедік, кастинг өткіздік, жұмысқа қабылдадық, компьютерлік графикамен жұмыс істей бастадық, (музыка, художник, киім…)… осындай көптеген ірілі-ұсақты жұмыстар жасалынды. Алғашқы жұмыстардың өзін көріп шығуға екі жарым сағат уақыт кетеді. Бұл кино емес, бұл тек дайындығы! Сол материалдың өзінде кейін фильмге кірістіретін мүмкіндіктер бар. 2-3 минуттың тизерімен голливудтық продюсердің қызығушылығын оятқан жұмыстың қандай болуы мүмкін? Мұның бәрін кино саласында жүрген мамандар жақсы түсінеді… Девальвация болып жатқандықтан біз асығып, кей дүниелерді тез түсіруіміз керек болды. Оның үстіне, кино тілінде «уходящий объект» дейді – яғни, жаз өтіп кетсе, Қапшағайда түсіре алмай қаламыз. Сценарий бойынша бізге мұхит керек қой, Тынық мұхитына барып түсіретін мүмкіндік жоқ, сондықтан Қапшағайдың суын түсіріп аламыз. Кейін компьютер арқылы сол судан Жердің ашуланғанын, буырқанғанын, долданғанын… Күннің бізге деген «көңілі» онша болмай қалғандықтан жер бетіндегі катаклизмдерді көрсету үшін мұхиттан киттің аспанға тік көтеріліп, тасқа кеп сарт етіп құлайтын көрінісін екі-үш ай жасайды. Былай қарасаң, титтей ғана, бірнеше секундтық кадр… бірақ қаншама еңбекті талап етеді… Ол кит теледидардан жиі көретін кит емес, өзгеше кит болу керек. Оның алдымен қабырғасын, қаңқасын жасайды, сосын сол сүйекке ет жапсырады, оны терімен қаптайды, сыртындағы қабыршағын, көзін, аузын, тісін, қимыл-қозғалысын… бәрін-бәрін компьютермен жасайды. Ал енді өмірде, табиғатта кит ешқашан тік көтеріліп шапшымайды. Оны да тек компьютермен ғана жасайды. Бұл деген өте ұсақ, уақытты көп алатын, көп маңдай терді қажет ететін еңбек. Оны жасап отырған жігіттің көзінде тостағандай қалың көзілдірік бар. Күні-түні компьютердің алдынан шықпайды. Оның жасаған жұмысын шетелде бәленбай миллионға жасайды, ал ол бізге азғантай ғана ақшаға келісіп отыр. Мына фильмнің жақсы болатынына қызыққаннан келісті. Жас жігіт ол да. Осындай жұмыстың бәрі жасалып жатты. Мен анда-санда «не істеп жатырсыңдар?» деп барып тұрамын. Оператор жігіттер де мына фильмнің жақсы болатынына сенгендіктен, қызыққаннан аз ақшаға көп жұмыс істеді. Осылайша, жұмыла, үлкен жүрекпен, зор ықыласпен басталып кеткен және ең үлкен мәселелер шешіліп, келісімдер жасалып, дайындық шаралары түгел аяқталған шаруамыз бір-ақ күнде… тоқтады…

Министр ауысты. Жаңадан келген министр тәртіппен, кезең-кезеңімен түсіп жатқан ақшаны тоқтатты. Мен себеп-салдарын іздеп, қайта-қайта Астанаға барып, министр мырзамен кездестім. «Ареке, жағдай былай, біз мынаны бастағанбыз, сен тоқтатып қойыпсың… отызға жуық адам жұмыс істеп жатыр, олардың алатын айлығы бар, компаниялармен бірігіп келісімшарттар жасап қойғанбыз, біреу мәшинесін береді, біреу үйін береді, біреу киім тігеді, біреу музыкасын жазады…» деп. Қысқасы, еден жуушыдан бастап, режиссерге дейін қаншама адам еңбек етіп жатыр. Мен олардың бірін де білмеймін, ол жұмыскерлерді іздеген де, тапқан да, келісімшарт жасаған да — атқарушы продюсер. Менің білетінім – компьютерлік графикасын жасайтын және дыбысын жазатын жігіттермен жүбе-жүз таныстым, жұмыстарын көрдім. Сізге өтірік, маған шын – теңіздің шуының өзі әр күні, әр сағатта, әртүрлі ауа райында, күннің құбылуына қарай, өзгеріп отырады екен. Тіпті, космостағы тылсым тыныштықтың өзі дыбыс – сол дыбыстың бәрін іздейтін, табатын жазатын жігіттердің еңбегі қаншама!

Мысалы, кино — көркем шығарма болғандықтан конфликт болу керек. Сценарий бойынша, «Байқоңырдан» ғарышқа көтерілген ракетамыз сәтті ұшып, космос кораблі ғарышқа бет алады. Күнге жақындағанда корабльден «Фэникс» аппараты бөлініп шығуы керек. Бірақ бір ақау шығып, аппарат бөлінбей қалады. Атады – кетпейді. Ғарышкерлер ашық космосқа шығып, ақауды жөндемек болады. Одан да түк шықпайды… Соңында шешім қабылдайды: «Біз қалайда тапсырманы орындауымыз керек… Еліміз бізге қарап отыр… Кеттік…» дейді де, ажалға бет бұрып, бөлінбеген «Фэникс» аппаратымен, кораблімен қоса Күнге қарай, мыңдаған шақырымдарға атқылап жатқан күннің жалынына қарай қойып кетеді… Яғни үш-төрт космонавт опат болады… жанып кетеді… Күлі де қалмайды… Сөйтіп, «Фэникс» өзінің алдына қойған міндетін орындайды – Күннің орбитасына барып, жалынға барып тиіп, әдеби тілмен айтқанда, Күннің «ашуын» тарқатады,  Күнге триллионнан бір әсер етіп, жер бетіндегі табиғаттың қалыпқа түсуіне әсер етеді…

Мысалы, «Фэникс» аппараты ғарыш кораблінен бөлінбей қойғанда космонавттардың ашық космосқа шығып, ақауды жөндемек болатын сахнасын дайындық барысында түсіріп көрдік. Киностудияның ауласында ғарышкерлердің роліндегі актер жігіттерді – олардың бірі Төлепберген Байсақалов – троспен байлап қойып, жан-жақтан алтыбақан сияқты темірлерді орнатып, көкте қалықтатып, олай да, былай да айналдырып түсірдік. Ол да оңай жұмыс емес. Соларға дейін түсіріліп, дайындалып қойған. Ғарышкердің бірі –  қыз бала, жаңағы айтқан орыс ғалымының келіні, оны да тросқа байлап, кәдімгідей, ғарышта жүргендей айналдырып түсірдік. Компьютерде оның тростарын алып тастап, оған скафандр кигізіп, ғарышқа ұшырамыз… Қайталап айтамын, мұның бәрі тек дайындық жұмыстары. Түсірілім барысында мұның бәрі студияларда, корабль макетінде, ғарыш айлағында, әртүрлі «натураларда», бірнеше дубльмен жүзеге асады. Ал ол бұдан жүз есе қиын да машақатты жұмыс. Шын скафандрды кигізіп түсіру мүмкін емес, өйткені оның салмағы өте ауыр, көтеріп жүру мүмкін емес. Скафандрды да айнытпай, пошымын тура сондай қылып, бірақ жеңіл, қолайлы етіп тіккізіп те қойдық. Компьютерлік графикамен «Фэникс» аппаратын да дайындап қойдық. Бұрынғы ғарыш аппараттарына ұқсамайтын, өзгеше аппарат болды. «Байқоңырға» барып, баяғы ұшқан Союз кораблі ескерткіш боп тұр ғой, соны түсіріп алып, соның деңгейінде жаңартып, қайта жасадық. Королевтің отырған пульті, Королевтің телефонмен сөйлескені, Гагариннің отырған креслосы – соған дейін, бірде-бір ұсақ-түйекті назардан тыс қалдырмай,  бәрін түсіріп алғанбыз. Оның бәрі материал ғой! Яғни, атқарылған жұмыс өте үлкен! Жай ғана дайындық материалдарын көру үшін 2,5 сағат керек! Бұл кино өнерінің машақатын да, қиындығын да осы саланың мамандары жақсы түсінеді…

— Сонымен, «Фэниксті» қаржыландыру аяқастынан тоқтады…

— Иә. Қаржыландыруды тоқтатып тастаған соң министр мырзаға бірнеше рет бардым… Сөйтіп мен түсіндірумен, ол түсінбей… бір-бірімізді түсінбей жүргенде тағы біраз уақыт өтті. Бір жылдай біз осылай әрі-сәрі күйде жүріп қалдық. Бір жылдай адамдарымыз жалақысыз, ақшасыз қалды. Іріктеп жинаған жақсы мамандарымыз басқа жаққа кете бастады. Оларды түсінемін – отбасы, бала-шағасы бар, оларды асырау керек, басқа проектілерге кете бастады. Біз өзіміздің жинаған адамдарымыздан айрыла бастадық… Уһһ… (үнсіздік)

Біз Америкаға баратын виза да ашып қойған едік, 2015 жылдың авгусында ма – қазір дәл уақытын ұмытып отырмын, шатасып… – төрт-бес адам баруымыз керек еді. Билет алайық десек, билетке ақшамыз жоқ. Барып, голливудтық «Алдамис Интертаймент» компаниясымен нақты келісімшарт жасап, сценарийдің өзгерісінен бастап, қай күні, қай жерде, не түсіретінімізге дейін құжат жүзінде бекітіп, мөр басып, қол қойып келуіміз тиіс еді.

Сол кезде министрліктен, онан соң киностудиядан мынадай әңгіме шықты. «Жоқ, олар ақшаны бізге жіберсін, 550 миллионды, сосын біз оларға жіберіп тұрамыз» деді. Бұл енді басқа сыймайтын әңгіме. Үлкен ағаттық. Кәсібилікке жатпайды. Алдын-ала келісімшарт жасау туралы меморандумда ондай сөз жоқ. Оның бәрін былай қойғанда, олар бізге жібергенде – бір салық ұсталса, біз оларға жібергенде тағы салық кетеді. Сосын тағы мынадай әңгіме айтты: «Сценарийді қайта адаптация жасайтын адамға төленетін 50 мың долларды олар бізге жіберсін, біз өз тарапымыздан төлейтін 50 мыңды үстінен қосып, оларға кері жіберейік» деді. Бұл не сонда? Қандай данышпанның есебі? Күлеміз бе, жылаймыз ба?..

Америкалықтар – заң мен құжаттың адамы. Олармен келісімшарт жасалып, мөр қойылғанда, олар сол жақтағы уәделі шығындарды жауып, түсірілімге көмектесіп, келісімшартта көрсетілген өз міндеттерін сол жақта атқарып берсе, қайда жатыр? Қисынға салсақ, соның өзі біз үшін үлкен олжа емес пе? Біз 550 миллион теңгемізді өз жеріміздегі түсірілім шығындарына жаратамыз. Олар да сол 550 миллионға пара-пар жұмысты өз жеріндегі түсірілім жұмыстарына шығарады. Оның ішінде дүниежүзілік прокаттың шығыны да бар. Қисынды емес пе?.. Ал фильм прокатқа шыққан соң кеткен ақшаны бұлар міндетті түрде қайтарады ғой! Табысын 50/50 бөлісеміз деп отыр ғой! Олардың өз ақшасын «бері сал да, ары сал» деген не ол? Баланың ойыны сияқты… Әрі-беріден соң, тіпті, оларға мұндай әңгіме айтудың өзі ұят емес пе? Мына қазақтар қандай ел демей ме?..

Сөйтіп жүргенде, «Қазақфильмнің» адамдары «Алдамистің адамдары келсін» деді. Жоғарыдан нұсқау болған болу керек. «Алдамис Рустың» басшысы Алексей Савостьянов деген жігіт келді. «Мен Голливудтағы Беспаловтың адамымын, Ресейдегі «дочерный» фирманың басшысымын, алғашқы келісім бойынша, сіздер 50 мың долларды Америкаға жіберулеріңіз керек, америкалықтар 50 мың доллар шығарып, сол жақтағы сценарийді қайта  жасайтын адамға ақша төлеу керек…» деп, мәселенің мәнін түсіндірді. «Мақұл» дегендей болып, келісіп, ол келісімшартқа да қол қойдық, құжаттың бәрі бар. Бірақ… тағы да жолымыз жүрмеді…

Сөйтіп жүрген кезде режиссер Талғат Жәнібеков, жас емес пе, әрі шыдамы әбден шегіне жеткен болу керек – бір жылдан астам уақыт басталған жұмыс жүрмей тоқтап қалды, екі қолы алдына сыймай, қанаты қайрылып… қайтсін енді, күйіп барады, тірлік те күйіп барады, өзі де күйіп барады… «темірді қызған кезінде соқ» дейді ғой… суып бара жатыр… – солай есі шығып, бойын ашу-ыза кернеп жүргенде теледидардан интервью берген кезінде әлгі сөзді айтып жіберді.  «Бізден осыншама ақша сұрады, біз бере алмадық…» деп. Ол жоғарыдағы жігіттердің шамына тиді. Айғай-шу содан басталып кетті. Сол айғай-шудың артын ала бере, бір айдан кейін бе, екі айдан кейін бе, Еңлік деген қыздың әңгімесі шыға келді. «Осылай да осылай» деп, бүкіл қоғам шуылдап кетті. Сөйтіп жүргенде маған келді журналистпіз деп бір қыздар, «осы мәселе туралы қандай пікір айтасыз?» деп. Кім екенін білмей де қалдым. Осынша жақса келгенше аңқаулығымды айтсаңшы… аңқаулық па, әлде әділдік пе, «ондай өсек әңгімелерді еститінбіз… бірақ мен қолыммен ұстап, көзіммен көрген жоқпын, мына қызды да білмеймін… егер ол әңгіме расталса, онда министр отставкаға кету керек, ұят болады…» деген сөзді айттым. Содан министр мырза маған қатты қапа болды. Сөйтіп, бәрін бірден тоқтатты. Тексерулер, тергеулер жіберді. «Қазақфильм» алдымен тексерістер жасады. Алғашқы тексерістердің бәрінде таза боп шықтық. Өйткені, бәрі орнында, істелген жұмыс көрініп тұр, енді ғана жұмыс басталған, бөлінген қаржының 7-8 пайызы ғана жұмсалған, ар жағы әлі сол бойы тұр. Ол ақша әлі «Қазақфильмге» де түспеген, министрлікте жатыр. Министрлік «Қазақфильмге» жібереді, «Қазақфильм» бізге жібереді – есептелген смета бойынша. Тексерді, бір емес, бірнеше рет тексерді. Ештеңе болмады. Сөйтіп жүргенде министрліктегі адамдар вице-министрдің қолымен қайтадан бас прокурорға арыз жазды. «Осындай да осындай, дұрыс тексерілмей жатыр, біз білеміз, бұл «Фениксте» үлкен қаражат шашып жатқандар бар… тексеріп беруіңізді өтінеміз…» деп. Қайтадан тексеру басталды.

– Қаражат алу, жұмсау, жалпы, қаржы мәселесінде құжаттарға сіз қол қоюшы ма едіңіз?

– Әрине, жоқ. Қаражаттың қаншасын қайда жұмсайтынын, қай фирмаға қанша шығын жұмсайтынын, кімге қанша айлық беретінін мен білмеймін де, оған менің қатысым да жоқ. Қаржы мәселесіне қол қоятын, тіпті, менің хақым да жоқ қой, мен кино саласының бүкіл экономикалық, бухгалтерлік есеп-қисабының қандай болатыны білмеймін. Қаржылық құжаттарға қол қою құқығы атқарушы продюсер Юдинаның қолында. Және менің фирмамның директорының қолында. Атқарушы директор «мынанша ақша керек» деп менің фирмама келеді, менің директорым сұраған ақшасын береді, ол алып кетеді. Сөйтеді де ол тиісті шығындарға жаратады, сосын «мынанша қаражат жараттым» деп есеп береді. Қағаздарды, барлық есеп-қисапты Юдина мен біздің бухгалтер «Қазақфильм» киностудиясына өткізеді.

– Сіздің фирмаңыздың атқарушы директоры кім?

– Еспаев деген жігіт. Алдында Әбдірахманов деген жігіт болған… Барлық құжаттарға солар қол қояды, ақша айналымына, есеп-қисапқа солар жауапты. Алдыңғы кезеңде 79 миллионның 44 миллионы игерілді деген отчет «Қазақфильмге» тапсырылған. Қалған 35 миллионы кейін игерілді, оның есеп-қисабы, құжаттары дайын тұр. Сол отчетты тапсырарда, жоғарыдан нұсқау келді ме, «Қазақфильм» бұл документтерді қабылдамай қойды. Факт бойынша жоспардағы нақты жұмыстар жасалынды, еңбек еткен жұмыскерлер жалақысын алды, бухгалтерлік есеп-қисап құжаттары бар, шығынның бәрі орын-орнында… Қабылдамады. Сол кезде тергеу басталып кеткен кез еді, соны себеп қылды да, отчетты қабылдамай тастады…

– Барлық шығынның орны бар, бірақ сізге жала жауып отыр ма сонда?

– Бұл жала. Екі әйелді қорлап… Әйел адамды!.. Біреуі жас қыз, біреуі орыс әйел, тіс қаққан қу… Мына біздің фильміміз оның бесінші ме, алтыншы фильмі! Юдинаның. Мүмкін ол қалай ұрлауды, қалай неғылуды білетін шығар… Бірақ мен оған талай айттым, «байқаңдаршы, артық-ауыс тиіспеңдерші, келесі жұмыста «прибыль» болады, сол кезде айлықтарыңды көбейтетін жағдайға жетеміз, осы бірінші проектімізді абыроймен өткізейікші…» деген өтініштен басқа не деймін? Оларға мен ұрлап беріңдер деп қалай айтамын? Өзім барып мемлекеттен жалынып сұрап алған ақшаны ұрла деп??!. Өзімнің фирмамнан өтіп жатыр. Өзіме өзім көр қаза алмаймын ғой мен! Қоспасам – алмаймын ғой!.. Халық біледі, мен театрға тоғыз жыл директор болғанда, бүкіл бет-әлпетімді, бүкіл жинаған абырой-атағымды сол театрға жұмсадым! Төбесін қайтадан жаптым! Құлап жатқан мраморларын қайтадан өргіздім, оның бәріне үкімет ақша берген жоқ!.. 1993 жылдан 2001 жылға дейін – ең қиын замандар болды. Жұмыскерлер айлығын ала алмай қалған кездерде мен Мәдениет министрлігін айналып өтіп, Қаржы министріне барып, «бірінші Әуезов театрына – Ата театрға жіберіңдер ақшаны» деп сұрап алып, сондай жағдайға жеткем. Басқа театрлар, мекемелер айлап-жылдап айлықтарын ала алмай жүргенде, біздің театрдың адамдарының айлығы бір күн де кешігіп көрген жоқ. Басқа театрлар гастрольге бара алмай жүргенде, біздің театрымыз тоғыз жыл бойы ылғи да гастрольдерге шығып жүрді. Сонда мен бет-әлпетімді әкімдерге сатып, жалынып, алдарына барып, «әй, мынау – Ата театр ғой!..» деп, бар мүмкіндігімді, керек десең, қалтамдағы барымды театрға төккен адаммын, құйған адаммын!..

Ал мына кезде өзім жасап отырған проектіден өзім бірдеңе жырымдап алу – ақылға сыймайтын нәрсе ғой! Өзім отырған бұтақты өзім кесемін бе?!. Сонан соң, айналайын, менің алған тәрбием басқа! Біз кеңес өкіметінің тәрбиесімен өмір сүрдік. Бір айлықпен ғана, маңдай тер еңбекпен ғана табатын айлықпен өмір сүріп, соған қанағат ету әбден санамызға сіңген адамдармыз. Ол заманда бір тиын үшін жауап бересің! Егер қазір менің астымда мәшинем болса – ол халықтың маған деген ықыласынан мінгізген мәшинесі. Өмірімде мен екі мәшине міндім, екеуін де халық мінгізген. Сондықтан менің санамда, өзім еңбек етіп жүріп, бетімнің әрін бес төгіп, мемлекетке барып сұрап алған ақшаны қалтама салу деген – менің миыма сыймайтын, түсінбейтін нәрсе! Мүмкін емес олай жасау! Қазір осы нәрсе менің мойныма ілінгені… менің шақшадай басым шарадай болды. Қайта-қайта.., міне осымен қанша рет жедел жәрдем шақырдым?!. Жеті-сегіз рет жедел жәрдем шақырдым. Мен әжептәуір ауылда өскен жігіт едім, анау-мынауға бой бермейтін, денсаулығым, құдайға шүкір, жақсы, қой бағып, шөп шауып, жер аударып, арба айдап, қара жұмыс істеп, ауылда өскен қажырлы жігіттердің бірі едім!.. Және театрда қаншама-қаншама рөлдер ойнадым – жүрегімді парша-парша қып!.. Мынаған көнетіндей жағдайым жоқ, жеті-сегіз рет жедел жәрдем шақырып, соңғы рет жүректі қарайтын кардиологиялық ауруханаға түстім. Он күн жатуым керек еді, олардан финполдың адамдары келіп сұрастырып, «анық па, анық емес пе?..» деп біліп, «бір жетіде шығарыңыз» деп оларға тапсырма беріп.., сөйтіп мені сегіз күннен кейін шығарды. Соттың отырысына бардым. Әлі де жүрегім ауырып отыр. Қайтадан жатар едім, бірақ қайта-қайта ауруханаға жата берген деген… «немене бұл, қашып жүр ме?..» деген ой келеді-ау деген уайым мен ұяттан қазір өзімнің денсаулығымды ойлаудан қалдым. Бір күні көзім жұмылып кетсе, осы әңгімем қалатын шығар, басқа не қалады менде?!. Артымда жылап бала-шағам қалады… бірақ мен өзімнің жүрегіммен бірге өнеріме деген әділдігімді, еліме деген әділдігімді, мемлекетіме берілгенімді ала кетем… (үнсіздік)

69 млн теңге мойныңызға іліп отыр ма?

– Тергеу барысында… О баста тергеу дұрыс болмады… Ал тергеу барысында жаңағы Мужиков деген жігіт «мужикпін» деген сөзінде тұрмады… жаңа айттым ғой, «мен жіберемін, ертең істі жабамын, босатамын» деген Мужиковіміз мен больницаға жатқаннан кейін екі күннен кейін теледидардан: «Тұңғышбай Жаманқұлов мойнына алды 69 миллионды, енді 6 миллионын төледі…, қалғандарын төлей бастады…» деген жалған ақпаратты бұрқ еткізді. Ол мені тағы ұшырып түсірді. Содан кейін, берген уәдесін орындамағаннан кейін, кейінгі соттарда мен алдыңғы мойындауымнан бас тарттым. «Біз келіскенбіз!» дедім. Судья маған орынды сұрақ қойды: «Тұңғышбай Қадырұлы, сонда бұл сауда болды ма сендердің араларыңда?» деп орысшалап. Мен айттым, «сауда болды, судья мырза, осылай-осылай деп айтты, сондықтан мен мойныма алғам, бірақ олар қыздарды да шығарған жоқ, маған берген уәдесін де орындаған жоқ, істі жапқан жоқ!.. Бірін де орындамады!..» деп. Керісінше, Юдинаны өздерінің жағына бұрып, «тергеуге көмектесті» деп, «бүкіл жасаған кінәраттардың барлығын Тұңғышбай арқылы жасадық» деп жаздырып, әлгі «Айыптау актісі» дей ме… сол 60 беттік «Айыптау актісін» оқып қарасаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Бәрін Тұңғышбай айтыпты, «ана жерге бар да сен ақшаны шаш…, Тұңғышбай айтыпты, мына жерге бар да ақшаны бер… Тұңғышбай айтыпты, сен ана жерге бар да, ақшаны жасыр…» деп. Мүмкін емес нәрсе! Сөйтіп мен өмірімде бірінші рет еліме, жұртыма, ең бірінші өнерге осындай бір жаңа үрдісте, жаңа технологиямен, дүниежүзіне белгілі болатындай жаңа фильм жасағым келіп еді… проектімнен Құлагерше… атылдым… Батыраш-Қотыраштарға атылдым… Қособаның түбінде…

(Жалғасы бар).

Сұхбаттасқан Сәуле Әбединова

02.05.2017

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

4 пікір

  1. order viagra online nz
    generic viagra 100mg
    buy cheap viagra generic online

  2. fairest online gambling
    casino
    play online blackjack ipad

  3. buy levitra china
    vardenafil
    buy brand name levitra

  4. cuanto sale el viagra
    generic viagra
    cheap viagra mexico

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


7 − 1 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>