Күлден қайта тірілер… 2-бөлім.

b6ed6cf7daafec6f2465c0ec762e056cТұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ: МЕН ҰРЫ ЕМЕСПІН!..

(Жалғасы. Басы 1-бөлімде)

— Қаржы полициясына вице-министрдің қолымен жазылған арыз түсті дедіңіз. «Финполың» тексеріп-тергеуі қашан басталды?

— Сентябрьде ме екен, Астананың «сен тұр, мен атайын» жігіттері келді де, қатты тексеру басталды. Тапсырыс алғаны белгілі. «Өлсеңдер де табасыңдар!» деген болу керек…

Кино саласында, тек кино саласы емес, барлық салада – қазір нарық заманы – біреу тауарын бір сомға сатса, біреу екі сомға сатады. Біреу жұмысты 1 млн-ға жасаса, енді біреу 2 млн-ға жасайды. Болмаса 1,5 млн-ға келіседі деген сияқты. Бірақ, пәле іздеген адамға түк емес екен. «Сен неге 1,5 млн-ға келістің? Жарты миллионын апарып берген шығарсың?..» деген сияқты негізсіз, дәлелсіз жала жабу, қинау, қорқыту басталғанын мен анық білем! Сөйтіп, алғашқы тексеру кезінде, «шамамен 5 млн-дай ақша дұрыс жұмсалмаған» деген қорытынды шығарып, оны Юдинаға мойындаттырып, оған «Тұңғышбай ағаға әкеп бердім, оны Тұңғышбай аға жоғарыда біреуге беру керек деген» деп айтқыздырып, «біз бір рет 2 млн., бір рет тағы бірдеңе, жалпы алғанда 5 млн 300 мыңды Тұңғышбай ағаның мына жағында тұратын кабинеттегі сейфке апарып қойдық» деген мойындатуды менің бухгалтерім екеуіне қағазға жаздырып, айтқызды. Астанадан келген қаржы полициясының адамдары осындай мойындауды жазып алады.

– Бухгалтеріңізді аты-жөні кім?

– Назгүл Болатқызы Жүнісова. Мен сол октябрьдің аяғында бір сұралдым, жағдайдың бәрін айттым, «осындай да осындай» деп.

– Екі әйел сол кезде тергеуде жүрді ме? Қамап тастады ма оларды?

– Тергеуде жүрді. Кейінірек Юдинаны қамап тастады, сонан кейін кезінде «Қазақфильмнің» қаржы департаментінің басшысы болып істеген  Ысқақова Гауһар Мырзағалиевна деген кісіні қамап тастады.

– Оны не үшін?

– Ол кісінің ешқандай жазығы жоқ. Мен түсінбедім. Яғни, бұл жерде полицияның жасап отырған қисындары – біз «Қазақфильммен» 50/50-міз ғой, яғни «екеуі бірдей кінәлі, екі жақтың да адамы отыру керек» деген ұғым болар, ол кісіні қамап қойды. Ол кісіге «неге сен отчетқа қол қойдың?» дейді. Неге қол қоймайды? Отчетты сол кісі қабылдап алады ғой. Ол кісі қабылдап алардың алдында бухгалтерия тексереді, өндіріс бөлімі тексереді, экономикалық бөлім тексереді, әр бөлімнің сарапшы мамандары қол қояды, тек сонан кейін барып ол кісі соңында қол қояды.

– Заң бөлімі де тексеретін шығар?

– Заң бөлімі де тексеретін болу керек, мен ол жағын білмеймін. Сөйтіп, «сен қол қойдың» деп ол кісіні қамады. Ол әлі де қамауда қазір… Қарашаның 2-сі күні мені тағы шақырды финполға. Ол менің екінші рет түсініктеме беруім (показания). Кешке дейін отырғызды. Қолымды тексерді, қол қойдырды, тағы бірдеңе-бірдеңе… сөйтіп кешке қарай мені алдымен Юдинамен беттестірді. Мен онымен беттестіретінін білген жоқпын. Оны маған айтқан да жоқ. Мен үшін төбемнен жай түскендей болды. Юдина отыр, көзі сорадай боп… оның отырғанына жиырма шақты күн болған. Жиырма күн бойы тергеп жатыр, тергеп жатыр… Ал енді менің алдыма келгенде Юдинаның қолында жазып алған қағазы бар.., тергеуші видеоға түсіріп жатыр кәдімгідей…, ол сол қағазда жазылған – дәлме-дәл күні мен сағатына дейін, және әрбір ақшаның санын тиынына дейін – «бәлен күні бәлен сағат бәлен минутта бәлен сом бәлен тиынды апарып, Тұңғышбай Қадыровичтің бөлмесінде тұрған сейфке апарып қойдық. Оны Тұңғышбай Қадырович жоғарыдағы біреуге беру керек деп айтқан бізге…» деп, қағазға жазып алғандарын, минут-секундына дейін, тиынына дейін айтып отыр. Мен төбемнен жай түскендей болып, «не деп отырсың, айналайын? Қашан мен сендерге ондай сөз айттым?.. Қандай дәлелің бар?..» десем, үндемейді. Ол сейф менікі емес. Бұған дейін менің фирмамда Әбдірахманов деген жігіт директор болған, анда-санда келіп қол қойып кететін. Ол жұмыс жасамай, қашып жүрген… кетіп қалған, орнына адам таба алмай жүрдім. Кабинетте оның өзінің жеке сейфі болған, мен оны қалай ашуды да білмеймін, сейфінің ұстайтын тұтқасын ұстамағам тіпті! Сөйтсем, оның коды бар екен басатын, оны да білмеймін. Өмірі ашып көрмеген адаммын! «Соған салып қойдық» деп отыр.

 – Ол сейфте сіздің саусақ іздеріңіз бар ма, жоқ па, тексерді ме?

– Оны тексерген ешкім жоқ! Тексер деп айтатындай, менде ондай ой да болған жоқ! Сол сейфтің маған пәле боп жабысатынын білсем, басында айтар ма едім, тексеріңдер деп. Айтып отырмын ғой, төбемнен жай түскендей болды. Айттым, «мұның бәрі дұрыс емес, сендер мынаны қинағансыңдар… бұлай болмайды… мойындамаймын!..  Қалай болмаған нәрсені болды дейді?…» Бір кезде оны алып кетті. Жарты сағаттан кейін бе екен, Назгүлді алып кеп отыр, бухгалтерімді. Менің бетіме қарай алмайды. Теріс қарап отыр. Көзінен пора-пора боп жас аққан… Көгала қойдай… жылап отыр қорсылдап… «Ал айт!» деді. Ол да жылап отырып, Юдинаның айтқанын түгел қайталап айтып берді.

– Ол да қағазға қарап айтып отыр ма?

– Енді… қағазға қарап айтып отыр, ананың айт дегенін айтып отыр… «Жоғарыда біреуге берем деген»… «Кімге берем деген?» «Білмеймін…» «Тұңғышбай ағаның алғанын көрдің бе?» «Жоқ, көргенім жоқ» дейді… Мен айттым: «Сендер екеуін де сындырғансыңдар… Мүмкін емес! Қандай дәлелдерің бар? Менде тіпті сейфтің кілті де жоқ, қалай ашуды да білмеймін…» дедім.

Бір-екі сағат өткеннен кейін Мужиков деген басшысы «сізді қамауға аламыз» деп төбемнен жа-а-рқ еткізіп жай түсірді. Қаржы полициясының тергеу бөлімінің бастығы. «Сізді бүгін қамаймыз» деді. «Е, не себептен?» «Сол, біз біліп отырмыз, сіздің басқарғаныңызды осы істің бәрін… мойныңызға алыңыз!..»

Сөйтіп, мені сол күні – 2 қараша күні – түнде сағат 11-лерде ме, алып кетті. Сөйтіп, түнде, әлгі өздерінің мәшинелерімен, қай жерге апарғанын білмеймін, бір жерге апарып қамады… уақытша ұстайтын жерге… Ол жердегі милиция жігіттер мені танып, олардың да төбе шаштары тік тұрып, көздері алақандай, «не боп қалды, аға?..» деп… Сөйтіп, 2 қараша сол жерге түнеп шығуға тура келді. Түнімен ұйықтағам жоқ. Өзім сол күні ауруханаға жатамын деп жүргем…

– Жертөлеге, камераға қамап тастады ма?

– Иә, жертөлеге, камераға!.. Түнімен ұйықтай алмадым. Өзім ауырып жүргенмін, больницаға жатамын деп жүргенмін, ауруханаға жолдамам да бар еді, «Совминнің» больницасы орын дайындап қойған еді…

Ертеңіне сағат 10-дарда қайтадан алып келді департаментке. Таңертең 10-нан бастап тағы да сол тергеу. «Мойныңа ал да ал!.. Біз бәрін дәлелдедік!.. Сіз басқарғансыз!.. Сіз ақшаны алғансыз!.. Сіз үйткенсіз!.. Сіз бүйткенсіз!..» деп Мужиков тергеп отыр.

Айтпақшы, «қамаймыз» дегенде, мен жүрегім ұстап, сол жерде құлап түстім. Қалтамда «успокоительный» дәрім бар еді, соны аузыма сала бергенде, лоқсып, басым айналып, диванға құладым. Жедел жәрдем шақырттым. «Совминнің ауруханасынан өзімнің дәрігерімді шақыртыңдар… мен бүгін больницаға жатуым керек еді…» дедім. Оған қараған жоқ, танымайтын бір дәрігерлер келді де қарады, қан қысымым 168 бе, есімде жоқ… қан тамырыма ыстық укол салды да кетті. Мен ол уколдан кейін ыржалаңдап күле бастадым. Не салғанын білмеймін… Сол күні апарып мені қамады, ертеңіне әлгіндей қайта басталды. Не тамақ жоқ, не су жоқ… Оны сұрауға да менің құлқым жоқ… Жағдайым өте нашарлай бастады. Олардың айтатын әңгімесі: «Отырасыз. Мойныңызға алыңыз… Бәрін басқарған сіз екенсіз…» Мен айтам, «олардың сөзіне сенесіңдер де, неге маған сенбейсіңдер?» деп. Енді, ол жерде есім кіресілі-шығасылы болды, шыны керек. Менің өмірімде мұндай жағдай болған емес!..

– Тергеу кезінде ұрып-соғу, қоқан-лоққы, күш көрсету болды ма?

– Ұрып-соқпаған шығар, бірақ психологиялық деңгейде қатты қысым жасады. Тізеге басу жағынан… «Біз білдік… сіз осындай істегенсіз… Сондықтан, былай істейік… келісейік» деді. «Сіз мойныңызға аласыз. 5 млн 300 мыңды мойныңызға алыңыз, апарып құйыңыз. Сонан соң біз істі жабамыз!» деді. «Істі жабамыз, ана екі әйелді де босатамыз». Мен айттым, «мен неге мойныма алам алмаған нәрсені?!.» «Жоқ, сіз алғансыз…» «Қай жерде көрдіңдер менің алғанымды?» «Ана қыздар айтты». «Олар көзімен көріп пе?.. Мүмкін басқа біреу алған шығар?.. Сол жерде өзі ақша болған ба екен?..» Мен әлі де ол қыздарды қорғап жүрмін: «Сендер ол қыздарды сындырып, зорлап айтқыздыңдар! Мүмкін емес ол! Ондай болған жоқ! Мен араласқам жоқ ешқандай финансқа! Бірде-бір қағазда, құжатта менің қолым жоқ! Қол қоямын деп ойламағам да, ондай финансовый жұмыстарды атқаратын мен емес, басқа адамдар!.. Менің ол жерде шаруам жоқ, айналайын!..» десем, түсінбейді. Сонымен, келісімге келе бастады, мені айналдыра бастады. Алдында біз бір адвокат тауып қойғанбыз, сол адвокат 2-сі күні де қасымда болды, 3-і күні де қасымда болды – Ғалия Тілеповна Наратауова деген кісі. Болып жатқан қазіргі сотта ол кісі осының бәрін айтты. «Осылай болғаны рас, өте қиын жағдайда болғаны рас, мойындатқаны рас…» деген сияқты мәселені.

– Яғни, сіз 5 млн 300 мың теңгені сол жерде мойындадыңыз ба?

– Енді айтайын, неге мойындағанымды… Басында мен келісімдеріне көнбедім. Маған айғай салды… Сол күні тағы да жағдайым нашарлап, жедел жәрдем шақырттым, бұл жолы өзімнің больницамның «скорыйы» келді. Олар тағы укол салды, «бұл кісіні бұл күйінде тергеуге болмайды, алып кетеміз больницаға» деді. Аналар жібермеді. Мен диванда жатырмын, маған түнеріп кеп ана Мужиков деген жап-жас жігіт айтады: «Мен жоғары жақпен келістім. Сізді қамаймын. Уже бәрі біледі. Сыртта 200-дей адам тұр, сіз оппозиция шақырдыңыз, қазір сіз оппозицияны ұйымдастырып жатырсыз. Ананы тоқтатыңыз!.. Тағы бір адвокат сізге кірем деп тұр. Ол оппозицияның адвокаты! Байқаңыз!.. Үлкен кісі сізді жақсы көреді, ренжіп қалады… Тұңғышбай да осындай екен дейді ғой… сондықтан қойғызыңыз… Мен сізге уәде беремін: менің фамилиям Мужиков! Мен мужикпін! Сіз де мужик болсаңызшы!!! Екі әйелді аямайсыз ба?!! 20 күн болды жатқандарына! Әйел адамдар ғой олар! Соларды аямайсыз ба? Сіздің жігітігіңіз қане? Атақ-даңқыңыз дардай!..» деп айғайлады. Соңында, «осыны мойныңызға алыңыз, мен істі жабуға уәде беремін! Мен мужикпін!..» деді. «Сонан соң сіздің жоғарыдағы министріңіздің жаны жай табады…» деп құлағыма сыбырлады.

Міне, әңгіме осы… Уһһ…

Амалым жоқ, көнуіме тура келді. Сонан соң…  сендім ғой мен! Сеніп қалдым! Ана екі қызды босататынына, істі жабамыз дегеніне сендім. «Ары қарай ушықтырмай, 5 млн-ды жабайын да, ары қарай тірлік істей берейік, құрысын… бір қадам артқа жасап, екі қадам алға жылжиын… бұл жерде отырғанмен түк бітіре алмаймын, одан да сыртқа шықсам жазықсыз екенімді дәлелдеуге мүмкіндігім көбірек болады…» деген ойменен… есім кіресілі-шығасылы… «Мақұл» дедім. Аш пәледен қаш пәле… «Мақұл» деп едім, «жарайды онда» деді. «Уәдеңде тұрасың ғой?» деп едім, «Уәдем – уәде» деді. «Онда біз мұны видеоға түсіреміз» деді. Видеоға түсірді. Мен шатып-бұтып ештеңе айта алмаймын. Заң жөнінде сөйлеуді білмеймін ғой. Эмоциямен сөйлеймін… Маған бүй деді: «Анау-мынау әртүрлі әңгіме айтпа… Біз қазір видеоға түсіреміз. Ана мониторда сіздің айтатын жауаптарыңыз тұрады, соны сізге қаратып қоямыз, соны сіз оқып бересіз» деді. Кәдімгі теледидар сияқты монитор. Камера осылай маған қарап тұр. Бірінші Мужиковқа түседі, маған түседі, адвокатқа түседі – общий план дейміз ғой. Анау бірінші сұрайды: «фамилияңыз… бәлен… атыңыз… түген…. қай жылғысыз… қайда істейсіз… бәлен-түлен… Сізге қойылатын сұрақ:…» деп сұрағын қояды. Жауап берердің алдында камера маған қарай бұрылады. Сол кезде Мужиков алдында тұрған мониторды маған қарай бұрады. Мониторда менің беретін жауаптарым жазулы тұр. Соны мен оқи бастадым. Ол өзінің алдында жазылған сұрағын қояды, мен оқимын. Заң тұрғысынан өте әдемі сөздермен жазылған, мен ондай сөздер айта алмаймын… Соны оқимын. Онша болмайды. Қайта оқытады, тағы да онша шықпайды. Қанша әртіс болсам да, ойнай алмадым. Видеоға түсіріп отырған оператор жігіт, орыс жігіті екен, ол да солардың адамы ғой – тоқтатып қойып, «жоқ, дұрыс емес, шындыққа үйлеспей тұр, неправдоподобно!.. Сіз әртіссіз ғой!.. Ойнасаңызшы дұрыстап!..» деп… менің намысыма тиді… Мен ол арада не істеймін? Төбелесе кетемін бе?.. Үшінші дубль ма, есімде жоқ, бірнеше рет қайталап, сол жерде босқа мойныма алып жатқан нәрсе екенін түсінгендіктен қайта-қайта «уһ…уһ…» деп… Камераға қарап емес, мониторға қарап оқып бердім.

Содан кейін «енді осыны жазыңыз қолыңызбен» деді. «Допрос» алдын ала қағазға жазылып дайын тұр екен, соған қол қойдық. Содан кейін өзімнің атымнан, қолмен жаздыртып алды. «Мен, осындай да осындай…» деп. Оны да жазып дайындап қойған. Соны көшіріп… қолым қалтырап, сізге өтірік, маған шын – бес рет көшірдім. Себебі, қайта-қайта қате кетіп қалады, сызсам, «жоқ, болмайды мынау сызғаныңыз… қайтадан жазыңыз!..» Қайтадан қате кетіп қалады, қолым дірілдеп, қисық боп кетеді… Қайта жазғызады… Бес мәрте жаздым соны. Бір сағат отырған шығармын.

Айтпақшы, мойындардың алдында, жаңағы «оппозиция келіп тұр… оппозицияның адамдарын таратыңыз… сізге бір оппозиция адвокат келіп тұр… мынау адвокатыңыз бар ғой қасыңызда… оппозицияның керегі жоқ деп жазыңыз» деді. Мен «ойбай, оппозицияның керегі жоқ»  деп тағы да жазып бердім.

– Сол кезде, шынымен де 150-200 адам жиналып па?

– Жиналған. Ешқандай да оппозиция емес, балаларым, туған-туысқандарым, шәкірттерім, жора-жолдастарым, әріптестерім, тілеулестерім… бірталай адам жиналыпты. «Оппозицияның адвокаты, бір әйел кірем деп тұр» дегендері ешқандай оппозиция емес, өзімнің шәкіртімнің мамасы, кәдімгі Алматы адвокаттар коллегиясының адвокаты – Қадырбаева Бақытгүл Ұзақбаевна деген кісі екен. Мені «осындай болып жатыр» деп теледидардан айтылған кезде Атырауда жұмыс істеп жүрген шәкіртім мамасына звондайды, «мама, аға түсіп қапты, осындай да осындай.., мама, бар, ағаны құтқар!.. құтқар!..» деп. Ол жүгіріп келеді. Менің келіншегіммен – Дариямен кездеседі. Кірмек болады, төмендегілер кіргізбейді. Оларды мен білмеймін. Ол бірден қолына керек қағазын, ордерін алып келген. «Кіруім керек» дейді, олар кіргізбейді. Түннің бір уағына дейін жүреді, арыз жазады, бәрібір кіргізбейді. Содан кейін, «қазір әйеліңізді кіргізейік, – деді, – анау оппозицияны шығарып жіберу үшін…»

Келіншегім Дария келді. Түрден-түр жоқ, дір-дір етеді. Мен де дірілдеп тұрмын… Дария айтады, «анау Нұршаттың мамасы, адвокат, соны мыналар жібермей жатыр» дейді. «Ол оппозиция деп айтты ғой». «Қайдағы оппозиция, ол Нұршаттың мамасы… өзі естіп кеп отыр… кәдімгі Алматы қалалық коллегиясының кәсіби адвокаты, соны кіргізбей жатыр… ол айтып жатыр, мойнына алмасын деп жатыр, өтірік алдайды деп жатыр…» Мен айттым, «бұлар маған уәде берді, Дария, осыны мойныңа алсаң істі жабамыз деп отыр, сөзін беріп отыр, сондықтан мен мойныма алуым керек боп тұр…» Дария айтады, «алма мойныңа, өтірік айтады!..» дейді. Мен екі арада қалдым… Бұлар «мойныңа алмасаң, қамаймыз» деп отыр. Ал мен екінші күні қайта қамалсам, аман шығуым екіталай. Өйткені мен эмоцияның адамымын. Сахнада қанша өмір сүргеніммен, менің жүрегім темір емес… Тас емес… Жасым осыншаға келген адаммын. Әлгіндей уайыммен, әлгіндей масқарамен, әлгіндей нақақ жаламен екінші күні таңертең оянуым неғайбіл еді… Сонан соң… жетінші түйсікпен келген ой – мен мына арада жатып айқаса алмаймын, мен шығып айқасайын, шығып дәлелдейін, ана әйелдерді де шығарайын, байғұстарды… сөйтіп дәлелдейін… не де болса, бір қадам артқа жасап, екі қадам алға жасайын деген ұғыммен, шалажансар күйде, «олар мені алдайды» деген күйден гөрі, «мен кінәлі емеспін, ақталамын» деген үмітім көбірек маған күш берді. Мойныма алған себебім осы болды.

Дарияға айттым, «балаларды қайтар, бәрін қайтар, ұят болады, теледидарға түсіріп жатыр екен, ертең үлкен кісіге көрсетеді, Тұңғышбай да оппозиция боп кетіпті деп айтады, мені үлкен кісі былай жаман көрмейді, сыйлайды мені, мен ол кісінің алдында абыройын түсірмейін.., балаларға да айт.., оппозиция деп ойламасын, қайтыңдар…» деп, мен Дарияға тапсырма беріп, шығарып жібердім. Бұлар тарады.

Онан соң бағанағы айтқан «мойындату» процесі болды. Бірақ сол күні ақшаны әкеп беруге тура келді. Түнгі сағат 11-лерде! Сөйтсек, далада министрліктің адамдары жүріпті аңдып, бәрін түсіріп. Астанаға беріп отырыпты, не боп жатқанын көрсетіп… Сол кезде олар уәде бергеннен кейін, дәл қазір ақша салыңыз дегеннен кейін, менің келіншегіме адвокатым шығып, «тезірек 5 млн-ды салыңдар, сонда ғана шығарады… 1 млн 300 мың теңге кепілдікке ақша төлейсіз, сонда ғана шығарады, әйтпесе отырғызады… бәлен де пәштуан… тездетіңдер… ағайын-туысқан, шәкірттеріне айтыңдар…» дегеннен кейін, бұлар дереу ана туысқан, мына туысқан, бәрінен жинап, түнгі сағат 11-де (!) сыртта жүрген министрліктің адамдары киностудияға звондап, кассирінің үйінің телефонын тауып алып, оны үйінен алып, жұмысына апарып, печатін, қағазын дайындап, мәшинемен алып келіп, сол департаменттің алдында 5 млн 300 мыңды санап алады.

– Сол квитанцияда түнгі сағат 11-де төлем жасалғаны жазылған ба?

– Ол жазылмаған. Бірақ сол жердегі адамдардың бәрі көріп отыр ғой! Кепілдікке төлейтін 1 млн 300 мыңды түнгі сағат 11-12-де (!) жұмыс істеп тұрған банкті тауып, сол жерге барып төлеттіреді. Сөйтіп, түнгі сағат 1-2-лерде ме екен, далада күтіп тұрған адамдарыма көрсетпей, арт жақтағы қосымша есіктен мені мәшинеге мінгізіп, өздері үйге әкеп тастады.

Есім кіресілі-шығасылы. Жағдайым өте нашар. Үйге келсем, 40-50-дей адам үйде отыр екен – шәкірттерім бар, туысқандарым бар, бауырларым бар… көбі шәкірттерім… театрдағы әріптестерім бар – жастар әсіресе… Осы жерде отырып, «жігіттер, айналайындар, сендер үндемеңдер…» Мен оларға тағы қолхат жазып бердім ғой: «Тергеу біткенге дейін ешқандай бұқаралық ақпаратқа интервью бермейсіз, ешқандай ақпаратты сыртқа шашау шығармайсыз… егер шығарсаңыз, онда сіздің мера пресечения дейді ғой – үйге кепілдікке шыққаныңыз бұзылады да, түрмеге отырасыз» дегеніне қол қойып бердім ғой.

Сөйтіп, балаларға айттым, «ешкімге айтпаңдар, айналайындар, үндемеңдер… мен патриот адаммын, мен елімнің патриотымын, жерімнің патриотымын, мемлекетімнің патриотымын… мен қазақ еліне, қазақ халқына жаман сөз келмесе деймін, «қазақтың осындай үлкен, атақты актері істі болып, президентіне қарсы оппозиция жинап жатыр» деген сөзге қалғым келмейді, мен президентті сыйлаймын…» дедім.

Таңғы сағат 4-5-терде балалар бәрі кетті, шаршап-шалдығып. Ол күні де ұйықтай алмадым. Ертеңіне маған «мужикпін!» деп екі қызды шығаруға және істі жабуға уәде берген, ешқандай ақпарат құралдарына ешқайсысымыз ештеңе айтпаймыз деген Мужиков теледидардан: «Жаманқұлов 69 млн-ды мойнына алды, шетінен құя бастады, 5 млн-ын құйды» деп сайрап тұр. Оның сол өтірік ақпарат таратқанына күйініп, қан қысымым көтеріліп… тағы ауырдым… жағдайым нашар болды. Сол күні ауруханаға түстім. Орын болмай жатыр деп, бір бөлмеге жатқыза тұрды. «Қазір мына бөлме босайды» деп бір үлкендеу бөлмені көрсетті. «Әзірше осында бола тұрыңыз,  түс қайта тәуір бөлме босайды» деді. Кейін естідім, ол үлкен бөлме бос екен, ол бөлмеге тыңдайтын аппараттарды қойып жатыр екен. Ол тыңдағанынан қорқып жүрген мен жоқ. Мен не, үкіметке қарсы сөз айтамын ба? Уәде бердім бе – бердім. «Менің жазығым жоқтан» басқа не айтамын? Келіп, жылап-сықтаған туған-туысқандарыма «менің жазығым жоқ, төбеде алла тұр, бір алла біледі ғой!.. Мүмкін емес бұл! Шындық ашылады! Бұл уақытша болып жатқан нәрсе! Ертең тексеріледі, сот оның бәрін қарайды…» деген сияқты үмітімді айтамын. Соттың әділдігіне деген үміт менде әлі күнге дейін сөнген жоқ. Бірақ, өмір айтады, басқа адамдар да айтады, «соттың да кейде әділ бола алмайтын кездері болады екен» деген ұғымды. Менің қазір екінші үрейім сол. Қазір мені қарап жатқан судья естияр жігіт, жасы біразға келген, іштей бәрін түсініп отырған сияқты. Әрине, ана жаққа да, мына жаққа да бірдей, бірақ әділдікпен шешіп береді деген үмітім үзілген жоқ… Дегенмен үрей бар… Маған қойылған кінәнің дәлелдері жоқ. Ауызбен ғана айтылған, екі әйелдің дәлелсіз жаласы. Ол ауызбен айтылған – зорлықпен айтылған, екі әйелді зорлап айтқызған.

– Фильмнің шығынын – алдын-ала дайындық кезі, кейінгі дайындық кезінде жұмсалған қаражаттың сомасын айта аласыз ба?

– Сценарий авторларына төленген 10 миллионмен қосқанда 79 млн теңге. Алдын-ала дайындық пен кейінгі дайындыққа кеткен ақша – 69 млн.

– Яғни, шығынның бәрінің орны бар ма, оны растайтын құжаттар бар ма?…

– Бар. Өкінішке орай, алғаш «Айыптау актісін» қаржы полициясының жігіттері қолыма ұстатқанда соншама қалың екенін көріп шошыдым. Бір-екі бетін парақтағанда, жаңағы «Жаманқұлов бәрін жасаған» дегенді оқып, шошыдым. Ол жердегі жігіттер айтты, «аға, сіз оған мән бермеңіз, біздің жұмысымыз осылай.., сот бәрін қарайды, жоққа шығарады…» деді. Сосын барып жүрегім орнына түскендей болды. Сотқа деген сеніммен оны алып кеттік. Бірақ прокурор тек осы «Айыптау актісімен» ғана тізеге басып отыр. Нығырлап. Дәлел жоқ болса да. Есеп-қисап құжаттары бар, бірақ оны есептемей отыр. Яғни, қаржы полициясының адамдары бізге дейін осы заттардың орынды-орынсыз жұмсалғанын тексертетін комиссия құрғызып алған. Бірінші «Қазақфильмнен» комиссия құрған – 14 адамнан. Сөйтіп олар біздің түсірген материалдарды көріп, олар да министрліктің тапсырмасымен  «бұл жасалынған жұмыс осы ақшаға сай келмейді.., толыққанды емес.., мынау басқа фильмге ұқсайды.., жалпы бұл әлі толық шаруа емес.., қанағаттандырылмайды…» деген шешім шығартып алған. Олардың бәрі киностудияның адамдары, сол жерде жұмыс істейтін адамдар, мәдениет министрлігіне тәуелді адамдар… жұмысынан шығып кетеді ертең… Біз ол қорытындымен келіспедік. Басқа шақырайық дегенде, сот оған да келісім бермеді. Тәуелсіз аудит жүргізілмеді. Енді екінші: бұлар, қаржы полициясының жігіттері біздің жұмсалған ақшаларымызды өздерінің аудиттеріне тексерттірген. Сот-экономикалық эксперттеріне тексерттіріп, біздің жасаған жұмыстарымыздың бәрін жоққа шығарып, алған айлығымызға дейін дұрыс емес деген нәтиже шығарып, «бір жерінде 58 млн дейді, бір жерінде 53 млн шашау шыққан деп құжат беріп отыр. Біз сотта «бұлардың бәрі дұрыс емес, қайтадан тексеру керек» деген талапты қойып отырмыз. Әзірше ол талабымыз орындалған жоқ. Менің түсінігімде, жаман ба, жақсы ма – адам жұмыс істеді ғой! Еңбек етті бір жылдан астам!.. Бір жылдан астам алған айлығын қалай жоққа шығаруға болады? «Жаман істеді» десе, жарайды, ол үшін «выговор» алуға болады… жақсы істеді ме, жаман істеді ме, ол адам еңбек етті ғой, сол ақшамен бала-шағасын бір жыл асырады ғой!.. Өзіне тиісті міндетін атқарды ғой – орташа атқарды ма, жақсы атқарды ма – ол басқа әңгіме. Сонан соң… әлгі  компаниялар, біздермен кездескен компаниялар, бірі 1 млн-ға жасады, бірі 1,5 млн-ға жасады. Онымен де тайталасып көруге болады, қазір нарық заманы. Олардың конкуренттері бар, соларды әкеп біздің «Қазақфильмнің» адамдары куәгер қылып отыр – «мен бұл жұмысты 1-ақ млн-ға жасаймын, сіздердің адамдарыңыз 3 млн-ға жасапты» дегенді айтқыздырып отыр. Оны айтып отырған адамның не қолында білімі жоқ, сондай жасауға алған рұқсаты – сертификаты жоқ, лицензиясы жоқ, кішкентай ғана рекламный ролик жасап жүрген адамдар. Рекламный ролик пен көркем фильм түсіру – жер мен көктей! Оның үстіне – фантастикалық, оның үстіне – ғарыштық фильм! Сонан соң ол жігіттердің ішінде «неге мен бұған кірмедім?..» деген іштей наразылық, іштей қызғанышы да болған. Режиссер Талғат Жәнібеков таңдаған кезде сол жігіттерді алмаған екен. Жұмыстары ұнамаған. Яғни, бұл жерде олар бізбен «есеп» айырысып отыр, оны да ойлау керек. Сол жағынан келген кезде, бұл жасалынған экспертиза арнайы жасалынған, тапсырыспен жасалынған деген мәселені алға қойып, судья мырзаны осыған сендіруге тырысып жатырмыз.

 – Тәуелсіз аудит-тексеру жүргізу туралы адвокаттарыңыз ходатайство жасады ма?

– Адвокаттар да жасады, 27 сәуір күні мен де жасадым. Сот аяқталуға жақын қалды. Қазір бізді айыптаушы – Мәдениет министрлігі болып отыр. Олар азаматтық талап қойып отыр, «Жаманқұлов мынанша ақша, Түгенбаев мынанша ақша әкеп құйсын!» деген. Прокурор да соны талап етіп отыр. «Не себептен, соны талдап берсін?..» деген біздің адвокаттардың сұрағына әзірге жауап бере қойған жоқ. Соңғы отырыста мен тәуелсіз аудит жүргізу туралы ходатайство жазып бердім. «Мына тексерулердің қорытындысымен мен келіспеймін. Тәуелсіз тексеру болсын, ол Мәдениет министрлігінен болмасын, ол «Қазақфильмнен» болмасын, ол тіпті, Алматыдан болмасын, Әділет министрлігінен алайық» деп сұрадым. «Тіпті, шетелден тексеру комиссиясын шақырайық, тым болмаса, мына тұрған Ресейден келсін, сараптама жасасын, солар бағасын көрсетсін, сол үшін рұқсат беріңдер» деп арыз бердім. Оны сот қарай ма, қарамай ма, ол жағы белгісіз. Ол судьяның әділеттілігіне байланысты, мен соған сеніп отырмын.

– «Қазақфильм», «АлдамисРус» және сіздің фирмаңыз арасындағы үшеуара келісімшарт қай кезде бұзылды?

– Оны «Қазақфильм» киностудиясы бұзды – осы тексеріс жүріп жатқан кезде.

– Тексеруге дейін «Сізбен келісімшартты бұзамыз» деген алдын ала «Ескерту» («Уведомление») берді ме?

– Жоқ, ондай нәрсе болған жоқ. Тексеру жүріп жатқаннан кейін, істің насырға шауып бара жатқанын байқап, «Қазақфильм», өзін-өзі қорғау үшін олар алғашқы бірігіп істеу туралы келісімшартты да бұзды, «Алдамис Руспен» үш қайтара болған келісімшартты да, сотқа беріп, бұзды, біз қатыса алмадық оған, біз мында тергеуде жүрдік.

– Келісімшартты бұзудың себебі не деп көрсетілді?

– Себебі – біз жақ өз міндеттерін орындамады деп  көрсетті. Ал олардың өз тарапынан атқаруы тиісті міндеттерінің орындалған-орындалмағанын қарап отырған ешкім жоқ.

– Сіздің фирма қандай міндеттерді орындамады, «Қазақфильм» тарапынан қандай міндет орындалмады?

– Біз өз міндеттерімізді артығымен орындадық, тіпті, америкалық инвесторларға дейін таптық. Ал «Қазақфильм» америкалық сценаристке төлеуге тиісті 50 мың долларды төлемеді. Ал америкалықтар өз мойындарына алған 50 мың долларды төлейтін еді және біз олармен кәсіби деңгейде жұмыс істегенімізде, нақты жұмыс, түсірілім басталғанда олар басқа да уәде еткен міндеттерін толық атқаратыны анық еді. Бұлардың талап етіп отырғаны баланың ісі – «50 мың долларды бізге жіберіңдер дейді, сонан кейін барып үстінен өзіміз төлейтін 50 мың долларды қосып, біз кері жіберейік» дейді. Бұл не бұл, әткеншек ойнағандай?!.  Оның бер жағында налогтар кетеді, талай ақшадан айрыламыз ғой.

Бір қызық жайтты айта кетейін: осы жайында біздің Мемлекеттік Есеп комитетіне Мәдениет министрлігі бізге бөлінген 100 миллион теңге түгелдей дерлік жұмсалды деп есеп беріп қойған. Оның 79 млн жұмсалып, 21 миллионы әлі киностудияда жатыр. Біз оны алған да жоқпыз, бірақ Мәдениет министрлігі осы фильмге берілген 100 млн теңге түгелдей игерілді деп Республикалық Есеп комитетіне есеп беріп қойған. Бұған не дейміз? Оны адвокаттар айтып отыр, «онда неге сот болып жатыр?» деп. Мәдениет министрлігінің алғашқы келген заңгері біздің жауаптарымызға, сұрақтарымызға шыдай алмай, екінші күні келе алмай қалды. Айтатын уәж таба алмай қалды. Содан кейін министрлік азулы бір адамын жіберді, сосын ақша төлеп бір адвокатты жалдапты, сол келді, олардың берген жауабы мынандай: «Иә, біз ондай есеп бердік, өйткені біз ондай есеп бермесек, бізге ақша түспейтін еді, сондықтан түгелдей игерілді деп есеп бердік. Бірақ, кейін бізге күдік пайда болды,.. бұл 79 млн дұрыс жұмсалмаған шығар деген күдік пайда болып, сонан соң біз прокуратураға арыз бердік» дейді. Бұл не? Жазылған пьеса ма? Сценарий ме?..

– «Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бермеу туралы» қолхатыңызда қай кезге дейін екені, уақыты көрсетілген бе?

– «Тергеу амалдары біткенше сұхбат бермеймін» деп қолхат бердім. Тергеу амалдары баяғыда бітті, сот жүріп жатыр.

– Алғашқы сот отырысы қашан болды?

– 27 ақпанда.

– Содан бері екі жарым ай бойы бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыспауларыңызға не себеп болды? Неге әр сот отырысы сайын халықты болып жатқан жайдан хабардар етіп отырмадыңыздар? Неге тым-тырыс қалдыңыздар? Сіз туралы «мойындады», «мойындады» деген ақпар ғана тарап жатты…

– Біріншіден, мәселенің алдына бармай, әліптің артын бағайық деген ой болды. Сот үкімі шыққанда бәріне белгілі болады ғой деген ұғыммен… сонан соң алдындағы берген тергеушінің уәдесі бар, соған сендік. Сонан соң қазақы ұғым бар – «мойындағаннан кейін, көпілдетіп, шулатып, енді шәуілдеп бірдеңе айтып жатыр мына кісі» демесін деп, үнсіз сабырлық сақтап жүргенімде осындай сыр бар. Оның үстіне, адвокаттарымның да «үндемеңізші, өйткені сіздің аузыңыздан шыққан сөзді басқа жаққа бұрып әкетеді, әзірше үндемеңізші» деген өтініштері болды. Сондықтан да үндемеуге тура келді. Тағы бір мәселе – эмоция мәселесі. «Эмоциямен бірдеңе айтсаңыз, қаржы полициясының жігіттері ашуланып, тағы бірдеңе жасауы мүмкін. Яғни, сіздің қазіргі кепілдікте жүрген мәселеңізді өзгертіп, қамап қоюы мүмкін, сондықтан кішкене аузыңызға абай болып, үндемей жүріңіз…» деген талабын орындауыма тура келді. Бұқаралық ақпарат құралдары да әртүрлі… Ең бірінші сотқа келген ақпарат құралдарына судья, мысалы, «бәрін түсірмеңіздер» деп тапсырма берді. Тек Талғат Жәнібеков қана қолын көтеріп, «мені түсіріңіз!» деді. Оның ішінде оппозициялық ақпарат құралдары да бар еді, басқалары да бар еді. Соны оппозиция жалаулатып әкетпес үшін менің адвокаттарым «Тұңғышбай ағаны түсірмеңдер» деп талап етті. Ал Талғат олардан қорықпады. Өйткені, журналистердің ішінде оған жаны ашып жүрген адамдары бар екен. Бізді түсіруге, біздің айтуымызға адвокаттарымыз бізге тыйым салып отырды. «Ушықтырмайық… ушықтырмайық… ушығып кету мүмкін… эмоцияның адамысыз, аузыңыздан байқамай әбестік бір сөз шығып кетсе, жалаулатып кетеді… басқаша бұрып әкетуі мүмкін…» деген сияқты.

Мысалы, сот отырыстарында мен ешқашан сотқа мойындаймын деп айтқан жоқпын. Соңғы отырыста екі әйел журналистпіз деп қатысқан, министрліктің блогерлері екен, «Тұңғышбай Жаманқұлов сот отырысында бәрін мойнына алды» деп жалған ақпарат таратты. Яғни, болмаған нәрсені болды деп халыққа өтірік хабарлады. Оны естігенде мен тағы ауруханаға түстім… Кардиологияға содан кейін түстім мен… Жүрегім қатты ауырды. Бір күннен кейін тағы сот болуы керек еді, жаңағыны оқығаннан кейін түнімен ұйықтай алмадым, аһылап-үһілеп шықтым, келіншегім «скорый шақырайық… скорый шақырайық…» деп қанша айтты, мен тағы ұялдым, «осы Тұңғышбай-ақ скорый шақыра береді екен» деп айтады ғой деп намыстанып.., қойшы, «ертең сот қой, қашып жүргендей болмайын, бір-екі дәрімді ішейін, қояды ғой…» деп таң атқанша ұйықтамай шықтым. Таңертең Театр қайраткерлері одағына жұмысқа бардым. Мәшине айдасам, сол қолым рульге тұрмайды, сырғып түсіп кете береді. Құжаттарға қол қойып, үйге келдім. Қолым тағы да рульді ұстай алмайды, түсіп кете береді. Арқам шаншыды. Содан Дария болмай, скорый шақырды. Оларға жайымды айтып едім, «бұл жүректің мәселесі, сізді жатқызамыз» деді. Мен айттым, «онда сендер нағыз жүректі емдейтін ауруханаға апарыңдар» дедім. Сонымен кардиологияға апарып жатқызды. Олар бірден тексеріп, «инфаркттың алдындағы үлкен кризис» деген сияқты бірдеңе айтты. Сөйтіп олар, бағана айтқанымдай, сегіз күндей емдеп, он күнге шыдаттырмай, өйткені аналар келіп тексеріпті, сонымен мені шығарып жіберді. Қазір де ауырып жүрген жағдайым бар. Бірақ тағы жатайын десем, намыстанып өліп барамын, басқаша ойлай ма деп… Жағдайым онша емес… тіл мен жақ сайрап отыр, жүректе үлке-е-ен ауыр жүк жатыр…

– Осы іс бойынша сотқа жауапқа тартылған тоғыз адам екен, олардың жайы қалай болып жатыр?

– Менен басқа, Наталья Юдина – ол бірден тергеушілерге қызмет ету үшін, бірден солармен жұмыс істеп, оны желтоқсанның 28-і ме екен, үйқамаққа шығарды. Ол сол жерде барлық кінәсін мойындады. «Барлық кінәмді түгелдей мойындаймын, алған ақшамды қайтарамын» деп, 1-2 миллиондай ақша қайтарған екен. Тағы екі-үш жігіт – олар да кінәсін мойындады, алған ақшаларын қайтарамыз деп отыр. Мойындамай отырған – мен – ештеңе алмасам, не мойындаймын?.. Талғат Жәнібеков ештеңе алмаса не мойындайды?.. Сонан соң компьютерлік графика жасаған жігіт, атын ұмытып отырмын… Әбдіқадыров деген жігіт мойындамай отыр. Олар «жұмысымызды істедік біз, адал маңдай тер ақымызды алдық, қалай мойындаймыз?» деп.

Енді бізге әртүрлі адвокаттардан әртүрлі сөздер айтылып жатыр, министрліктен де сөздер келіп жатыр, «Тұңғышбай ақшаны құйсын деп жатыр…» деген сөздер.

– Елбасыға жасаған жолдауыңызда Астанада министрмен кездескеніңізді айтып едіңіз, ол жерде қандай әңгіме болды?

– Иә, осы тергеу болардың алдында, іс насырға шабардың алдында, октябрьдің 26-сы ғой деймін, өзімнің шәкіртім, театрдың директоры Ерлан Біләл дедектетіп мені Астанаға алып барды. Әлі тергеу басталған жоқ. Бірақ тексеріс жүріп жатыр. Мені әлі тергеуге шақырған жоқ… Қабағы түйіліп кеткен: «Астанаға барайық, Арекеңе кездесейік, министрмен кездесейік, сізді күтіп отыр, сөйлескісі келеді» деді.

Мен бармаймын дедім. Сонан соң келіншегім айтты, «сені шақырып жатыр ғой, демек, көмек берейін деген шығар, түсінісейін деген шығар, сен жай адам емессің, мәмілеге келейін деп жатқан шығар, сен халық білетін адамсың, министр ретінде ол сенің қамыңды ойлап жатқан шығар, неге бармайсың?..» деген уәж айтқаннан кейін мен ойландым да, «мейлі, барсам, барайын» дедім. Таңертең ұшып бардық, кешкі сағат 7-лерде ме, зорға кездестік бір ресторанда. «Кафе-стар» деген ресторан бар екен жаңа қала жағында, сонда мен, Ерлан Біләл, Асхат Маемиров және министр Арыстанбек Мұхамедиұлы төртеуміз сол жерде кездестік. Бірден айғайлап бас салды ол жігіт. Ол кезде әлі 69 млн деген сөз болған емес еді, бірақ министрдің аузынан сондай сөз шықты: «69 миллионды ұрлағансың сен деді, соны төлейсің, 69 млн үшін түрмеге 12 жылға отырасың, әйелің, бала-шағаң қаңғырып қалып, саған «рахмет» айтады» деді. Мен айттым, «69 млн ұрлады деп отырсың ба мені?» «Иә! Бәрі доказано! Телефонмен сөйлескендерің, жазған қағаздарың, бәрі дәлелденді!..»

Әлі ол кезде мені тергеуге де шақырмаған. Мен айттым, «онда мені атып жіберу керек шығар?» дедім. Ерлан ақырын аяғымды түртті, «бастаңызшы…» деп. Сонан кейін мен, ақыры барғаннан кейін, сөз бастадым: «Арыстан, сен енді ашуыңды баса тұр. Мен келгенде сенен мұндай сөз естиін деп келген жоқпын, мәміле бола ма деп келіп отырмын. Сенің алдыңда менің кінәм бар. Ол не? Ол – ана қызды қолдағаным. Соны эмоциямен айтқаным үшін мен сенен кешірім сұраймын. Сен үкімет адамысың, менікі дұрыс болмаған екен. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. «Адамды адам түсінбеу бір ақырет, Ойлы жас, түсініпсің, рахмет!..» деген сенің Мұқағали ағаңның өлеңі бар» деп едім, орнынан қарғып тұрды да: «Мынау маған ақыл айтайын деп келді ма?..» деп айғай салды. Ары қарай тілсіз қалдым мен… Содан маған талап қойды – ультиматум: «Екі күн мұрсат берем! Барасың, ана қызды табасың – Еңлік Сыдықованы. Көндіріп, менің алдыма әкеліп, тіземе жығасың! Теледидардан айтқызасың, «өтірік айттым, олай емес…» деп айтқызасың! Оны ұйымастырған – сен!» деді маған. Мен айттым, «мен танымаймын ол қызды… ұйымдастырған да мен емес…» «Жоқ, бәрі белгілі, телефонмен сөйлескендерің бәрі анық!..» Мен біліп отырмын ғой, телефонмен сөйлеспек тұрмақ, мен ол қызды танымаймын да. Мен айттым, «неге олай дейсің, мен оны танымаймын да ғой…» «Білмеймін! Екі күн мұрсат берем, болмаса – отырасың!» деді де кетіп қалды.

Самолетымыз кешкі сағат 8-де болатын, соған кешігетін болғандықтан Ерлан звондап ауыстырып, 10-10.30-да ма, кері қайтадан ұшып келдік. Самолетта ләм-мим деп сөйлеспедік. Мені қорғауға Ерланымның шамасы жетпеді…

–  Сол кезде сіздің қалтаңызды тінтті ме, кіреберісте телефоныңызды алып қалды ма?

– Министр кіргенде бірден айтты, «телефондарын алып қойып па едіңдер?» деді. Ал менің телефоным курткамның қалтасында болған, күз кезі ғой, телефоным қалтамда қалған. Құдай-ау, ол кезде жазып алу, ол кейін маған куәға керек болады-ау деген сияқты… арам ой демей-ақ қояйын… бір защита керек, өзімді-өзім қорғауым керек деген ұғым болған жоқ қой! Егер мен шынында да… өзім қазір ойлаймын, басыма осындай талай істер түсіп, осындай «кырлы-мырлы» дейді ғой орыстар, сондайдан өтіп жүрсем, мүмкін бәрін дайындап қояр ма едім… сақ боп жүрсем… Мұндай өмірі болмаған, жүрісімнің бәрі адал, сөзімнің бәрі ақ, маңдайым жарық, жүзім таза адаммын. Артымда қалған ізім де таза. Алдым да таза. Ондай ойлаған жоқпын.

Анау Мужиковтың менің үстіме төніп: «Я – мужик!..»  деген сөзін, уәдесін мен жазып алуым керек еді! Оны да жаза алмадым ғой, тексеріп алып қалады ғой, қайдан жазасың?!. Бірақ, бір ғана дәлел бар: менің келіншегім келгенде, «мыналар уәде беріп отыр, Мужиков уәде берді, істі жабамын деді, 5 млн-ды тапсырыңдар, кепілге 1 млн-ды беріңдер, ары қарай сот болмайды, екі әйелді де шығарамын деп отыр» дегенде, Дария келіншегім айтады, «алдап отыр олар, өтірік айтып отыр, оған сенбе!..» дейді. Мен айтамын, «амал жоқ, қайтадан отырғызып қояды ғой…» деген сөздерімнің бәрі қалыпты. Құжатта бар оның бәрі.

– Ол сөздерді, екеуіңіздің араңыздағы диалогты қағазға кім жазып отырған?

– Жоғарыда қосулы тұрған камера. Ол жерде бәрін қойып кетеді екен, біз білмейді екенбіз ғой.

– Сол камераға жазылған әңгімелердің бәрі қағазға түскен, іске тіркелген  бе?

– Қағазға түскен, томға кірген. Менің ісім бойынша 32 том қағаз жиналды. Содан кейін, мен 26-сы күні келдім бе, 27-і күні Түркістанға ұшып кеттім, өйткені алдын-ала жоспарлап қойған жұмысым бар еді – Түркістан театрын барып көру, сонан соң Жетісай театрын барып көру. Сол екі театрға баруға дайындалып қойғанмын. Ұшып  бардым. Түркістанға бару үшін Шымкентке бір күн ерте бардым. Сол жерде бір інішегімнің тойы бар еді… Сол күні қонақүйге түнеп шықтым ғой енді, соған кіріп келе жатсам, артымнан қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов келіп тұр. «Өй, қайдан жүрсің?» «Мені Арекең жіберді». «Не боп қалды?» «Шаруа бар». «Не боп қалды?» «Арекең айтып отыр, хат жазып берсін дейді… «Осындай да осындай, мен қателесіппін, мен осындай болдым, мен ұрлайын деген жоқ едім, мына адамдарым ұрлапты, бірақ соны дер кезінде сезген Арыстан не деген мықты жігіт, керемет жақсы министр екен…» деп, президенттің атына хат жазуым керек болды.

– Хаттың дайын мәтінін әкелген жоқ па? Бұлай сұрап отырған себебім, сіздің жарыңыз Дария Жүсіп маған ватсап арқылы «Сәбит ТЮЗ» деген номерден келген хаттың мәтінін скрин-шот жасап жіберген еді. Сол хат емес пе?

– Жоқ, ол екінші хат. Ал анау хатты мен қонақүйде отырып, ақ қағазға қолыммен жаздым. «Осы ашуланбасыншы енді, тоқтайықшы… жұрттан да ұят болды… қояйықшы…» деп ойладым. Оның үстіне,  «істі тоқтатайын деп жатыр.., Тұқаңа ұят болады, осылай жазып берсін деп жатыр» дегеннен кейін, мен жазуын жаздым Президенттің атына. «Қымбатты Елбасы! Осындай-осындай… мен осы жасыма дейін мұндай жасап көрген жоқ едім, бухгалтерияда шаруам жоқ.., менің адамдарым маған жауып жатқан көрінеді, енді маған араша түсіңіз, енді осы мәселені дер кезінде тоқтатқан Арыстанға мен бір жағынан риза боп отырмын…» деп жаздым амалым жоқ. Сөйтіп қол қойып беріп жібердім. Сәбит сол жерде қонақүйде оны өзінің телефонына түсіріп, тура сол жерде өзінің министріне жіберді.

– Ол хатты «мойындау хат» деуге бола ма?

– Ол мойындау хат емес, Президенттен араша сұрау. Ол жерде халқымнан кешірім сұраймын деп жаздым – «осындай сөзге қалғаныма, мені жақсы көретін халықтың мен туралы жаман ойлап қалғанына мен кешірім сұраймын, бірақ ол ақшаны мен алғаным жоқ!..» деп жаздым міндетті түрде! Мойныма алмаймын! Тек Президент мырзадан араша сұрадым. Ол хат президентке бармағаны анық. Кейіннен, осында келгеннен кейін Сәбит мына екінші хаттың мәтінін жібереді: «Жоқ, былай деп жазсын деп жатыр» деп. Алдыңғы хат ұнамай қалған… Сәбитке айттым, «мен бұндай хат жазбаймын, басымды кесіп алсаң да! Бұл не деген сұмдық???» Ол айтады, «көке, мен білмеймін, ана кісі мені өлтіретін болды…» деп. Хаттың соңында жазады: «Арыстанбек деген керемет адам, қайталанбас тұлға, өте керемет адам!..» деп мақтау керек екен. Мен бұндай хат жазбаймын, жазсам, басқаша жазамын дедім. Жаздым басқаша. «Араша түсуіңізді сұраймын» деп.

Осындай үш-төрт мәрте жаңағы хатты жаздыруға кірісті. Содан соң газетке де, бұқаралық ақпарат құралдарына да айтты ғой: «Мен төлеп берем 69 млн-ды!., Тұңғышбай ағаны мен қорғаймын!., Ондайға жібермеймін!., Өзім төлеймін керек болса!..» деген сөздерін естіген халық куә. Бірақ оның бірде-бірін ол орындаған жоқ. Әлгі 5 млн-ды да менің туған-туысқандарым жинап берді, әлгі 1 млн-ды да менің туған-туысқандарым жинап берді, қазір мен оларға 6 млн бірдеңе теңге қарызбын. Және төрт адвокатқа қарызбын. Шамамен, менің қарызым қазір 12 млн-дай болып отыр. Туған-туысқа қарыз беріп отырғанына рахмет! Ертең мәшинемді сатамын да, құтыламын, құдай қаласа.

Айтпақшы, тағы кері шегініс жасайын, еске түсіп отыр: Астанаға барып келгеннен кейін, істің насырға шапқанын мен байқадым. Себебі, ана қызды әкеле алмаймын, өйткені оны білмеймін, білсем де әкелмес едім… 26-сы күні түнделетіп Астанадан келдім де, ертеңіне Шымкентке шығуым керек қой… Мен кеткеннен кейін не болады, келгеннен кейін не болады – жағдай қиын болатынын сездім де, үйде отырып, таспаға Президентке видеожолдауды сол күні жаздым: «Осындай да осындай, аға, осылай болып жатыр, бұл жерде менің ешқандай қатысым жоқ, ешқандай құжатқа қол қойғам жоқ, бірақ министр мырза, арамыздан қандай қара мысық өткенін білмеймін, осындай боп жатыр. Екі жыл бұрын сізбен кездескенде өзіңіз сұрап едіңіз, «Арыстанмен жағдайың қалай?» деп. Сіздің өзіңіздің таңдаған кадрыңыз болғандықтан, мен оның әртүрлі жағдайын айтуға пәтігім жетпеп еді, өзіңіз таңдаған кадрыңыз болғаннан кейін мен артық сөз айтқым келмеді, айтқан жоқ едім. «Бәрі дұрыс» деп едім. Бірақ ол ректор кезінде екеуіміздің шекісіп қалғанымыз бар еді, оны мен сізге айта алмадым. Ол жай жігіттердің арасындағы болатын шаруа ғой дедім де қойдым. Бірақ Арыстанбектің соны маған доқ сақтап қалатынын сезген жоқ едім. Қазір осындай болып отыр. Мен сізден өтінемін, араша түсіңіз!.. Жақсы проект жасап жатыр едік, бұл Қазақстанның имиджіне жақсы болатын еді, болайын деп тұр, мен сізге уәде беремін, жүрегіммен жұмыс істейміз!.. Жұмысты аяқтаймыз!.. Осы фильм шықса, Арыстанбек ырза болады, бізге жасаған сенімсіздігі үшін, ақылы болса, ұялатын шығар…» деген сияқты бірдеңелерді айттым. Дәл қазір сөзбе-сөз есімде жоқ…

– Ол видеоүндеуіңізді көрдік, тыңдадық… Сол видеоүндеуден кейін қандайда бір реакция болды ма Ақорда тарапынан?

– Ешқандай да реакция болған жоқ. Бізге жеткен қауесет бойынша, министр ақпарат құралдарында алып-қашпа әңгіме айтыпты: «Сендер қараңдаршы ол қашан жазылғанын?!.» Бірақ менің қателігім бе, әлде өзімнің ақылға салғаным ба – таспаға жазған адамдарға айтқан едім: «Мұны жібермеңдер әзір. Егер тіпті жағдай қиын боп кетсе ғана, жіберіңдер» деп, өзім Шымкентке кеттім. Бұл – 26 сентябрь түнде видеоға жазылды, «әзірге жібермеңдер, солай бола қалса ғана, жіберіңдер» деп, мен 27-і күні Шымкентке ұшып кеттім. 28, 29, 30-ы – үш күн Шымкентте болдым. Мен сол жақта жүргенде менің шәкіртім Ерлан – қазіргі театрдың директоры – Астанадан келе салысымен менің келіншегіме «террор» жасаған. Іздестіріп, таптырып, айтып, «жүр Астанаға» деп, тіпті, билет алып қойған!.. Дарияға айтады, «Астанаға жүресің бізбен бірге, барасың, министрдің кабинетінің есігі ашыла бастасымен төрт аяқтап еңбектеп кіріп, жата қалып, кешірім сұрайсың…» деп, Дарияны айналдыра бастаған. Дария бармай қойған. Мүмкін, қорыққанынан бармай қойған шығар?!. Ол жерде, мүмкін, Дарияны тағы басқа бір нәрселерді мойындаттырып, болмаса басқа бір жоспарлары болған шығар. Бұны билет алып, әлгі Еңлік Сыдықоваға жібермекші болыпты. Басқа да қоқан-лоққы жасауы мүмкін еді ғой? Бармағанның өзінде сағат сайын, секунд сайын телефонына звондап, маза бермей, «қайда жүрсің?.. қайдасың?..» деп, іздеп, үйге дейін келіп, кешке дейін қақпаның алдында күтіп… «жүр де жүрдің» астына алған. Сол Ерлан бауырым… менің шәкіртім, менің директорым… содан бастап қазір мен туралы әлгі интернетте, фейсбукта шығып жатқан мені сыйлайтын әріптестеріме, шәкірттеріме – бәріне «бір ауыз Тұңғышбай Жаманқұлов туралы айтпайсыңдар!..» деп тыйым салған. Айтқан адамдарды шақырып алып, «сорлап қаласың… ертең атақ ала алмай қаласың… неге ондай сөз айтасың?.. ендігәрі айтатын болсаң, құрыдың!..» деп қорқытқан.

– Нақты бір-екі мысал айта аласыз ба, кімдерге солай деп айтқан?

– Мысал көп. Біреуін айтайын: менің шәкіртім, өзінің курстасы Рабиға Ағманова деген қызға айтқан. Ол қыз өзі отбасылық жағдайымен театрға жұмысқа кіре алмай жүрген – тұрмыс құрды, балалы болды… Енді театрға кіргісі келіп жүр, қуыршақ театрында жұмыс істеп жүр. Екеуі бірге оқыған. Сол мен туралы жазылған фейсбуктағы бірнәрсеге өзінің жақсы ықыласын білдіргені үшін жолдан тоқтатып алып, «сен неге ондай айтып жүрсің? Сен егер өнерде жүргің келсе, өнерде қалам дейтін болсаң, мынауыңды тоқтат!..» деп айтқан. Театрдағы бүкіл жастарды, қоластындағылардың бәрін шақыртып алып, «ешқандай да ешқайсысың еш жерде Жаманқұлов туралы жақ ашпайсыңдар!..» деп қорқытқан. Бәрі келіп маған айтады… «тіпті, суретін салмаңдар!..» деген жағдайға жеткен. Ерлан Біләл «енді сендер Театр қайраткерлері одағынан шығыңдар, бұл одақ енді болмайды, Жаманқұлов сотталады, одақтан шығыңдар, одақ жабылады!..» деп, барлық адамдарды үгіттей бастаған. Министр жалғыз Әуезов театрына емес, Лермонтов атындағы орыс театрына, ұйғыр театрына, неміс театрына, корей театрына және басқа да театрлардың бәріне – облыстық театрларға құзыры жүрмесе де, әкімдеріне звондап, Мәдениет бөлімінің бастықтарына звондап, «театрларың Қайраткерлер одағынан шықсын!.. Біз енді ассоциация құрып жатырмыз…» деген сияқты қоқан-лоққыны жасап, әлі күнге жалғастырып келеді. Бірақ оған көнген бірен-саран ғана адамдар: корей театры түгелдей шығып кетті, Әуезов театрынан 4-5 адам қорыққандарынан, атақ ала алмай қаласың деген соң шыққан, басқалары орнында. Керісінше, Театр қайраткерлері одағынан шыққан адамның саны, шамамен, 17-18 болса, осы кездерде одаққа кіргендер 92 адам болды! Керісінше, облыстардағы орыс театрлары кіріп жатыр! Олардың бәрі мені қолдап, қазір 54 театр болса, қаладағы 8 театрдан басқалары – 40 театр мені қолдап хат жазды. «Жаманқұловты қолдаймыз… бұл дұрыс емес, Жаманқұлов ағамыз Театр қайраткерлері одағын көтерді, бұл не деген сұмдық… ассоциация деген не?..» деген сияқты хаттар жазды. Бірақ оның бәрін мен қалай беремін бұқаралық ақпарат құралдарына? Тек оларға айтар рахметімнен басқа ештеңем жоқ. Ол хаттардың бәрі сақтаулы.

– Ал зиялы қауым өкілдерінен қандай да бір қолдау болды ма?

– Зиялы қауым өкілдері дегенде – бұрын мені сыйлаған, бұрын мені жақсы көрген ағайындардан қолдау болғандар бар. Марал Ысқақбай ағамыз, Ұлықбек Есдәулет досым, қоғам қайраткері Мүсілім Дайырбеков деген ағамыз,  сонан соң Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев – міне, осы кісілер жоғарғы сотқа қолдау жазды. Ең бастысы, Олжас Сүлейменов – ол Қазақстандағы бүкіл шығармашылық одақтар конфедерациясының төрағасы ретінде «Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан Театр қайраткерлері одағын көтерген азамат, осыншама тірліктер жасаған азамат, өліп қалған одақты тірілткен азамат.., бұл жігіттің қолынан ондай нәрсе келмейтініне мен кепілдік беремін, дұрыс қарауыңызды сұраймын!..» деп өз қолымен орысша жазып берген хаты бар. Олардың бәрі жоғарғы сотқа кетті және көшірмесі қазір істі жүргізіп жатқан судьяның қолында.

Тіпті, Алматыдағы болған ассоциация… Ассоциация деген ол қоғамдық ұйым емес, оның қандай заңды тұлға екенін әлі ешкім түсіндіріп те берген жоқ. Қоғамдық ұйым емес, ол – қоғамдастық, қауымдастық. Оның өзінің бөлек Уставы болады. Оған жеке адамдар мүше болмайды, мекемелер, мысалы театрлар қауымдасады. Мен оған қарсы емеспін. Қауымдастық болса бола берсін, қауымдастық көмектессін актерлерге, мына жақтан одақ көмектессін актерлерге.., бүкіл Қазақстанның актерлеріне қолдау көбейсін, оларды «арқасынан қағатын» адамдар да, ұйымдар да көп болсын, менің оған ешқандай қарсылығым жоқ!.. Жақсы болды қайта! Әйтпесе, бұл кісі министр болғалы Театр қайраткерлері одағының бірде-бір ұсынысын қабылдамай тастады. Мен атаққа ұсынған облыстардағы мықты-мықты актерлердің біреуін де қабылдамай, сызып тастап отырды. Мен қоғамдық ұйымда жасайтын кейбір форумдарымды, мысалы, «ананы жасайық, мынадай жасайық… суретшілердің, театрлардың форумын жасайық…» деген ұсыныстарымның ешқайсысын қабылдамай, қаржы бөлмей, лақтырып тастап отырды. Ол қаражаттың бәрін мен басқа жақтан тауып отырдым. «Еңлікгүлді» мен тоғыз жыл болды жасап жүргеніме. Бір де біреуіне – не шақырсам келмейді, не көмек бермейді… Министрліктің атынан, тым болмаса, бір приз беретін жағдайы жоқ… Оның бәрін мен спонсорлар арқылы тауып отырдым. Енді сол «Еңлікгүлді» қайталап, бұлар өздері «Сахнагер» деп жасап отыр. Мен бұған қуанбасам, қызғанып отырған жоқпын. Бірақ олар біз сияқты талдап, талғап, «әй, шынымен лайықты екен ғой…» деген сараптау жасамаған. Өздеріне жұмыс істеген адамдарға приздерді берді: мені жамандап сөйлеген Меруерт Өтекешоваға берді… Менің қыр соңымнан өмір бойы қалмай келе жатқан өзімнің қымбатты ағам Асанәлі Әшімов – өзі ассоциацияның президенті – бірінші өзі сыйлық алды… Ерлан Біләлға да сыйлық берді, Асхат Маемировке де берді… Бұл не? Бұл – жүлде ме, әлде бүлде ме?..

– 9 жыл бойы өзіңіз ұйымдастырған «Еңлікгүл» сыйлығының атауы туралы айта кетсеңіз… Неге «Еңлікгүл» деп атадыңыз?

– Біздің Театр қайраткерлері одағының сыйлығын «Еңлікгүл» деп менің атағанымда гәп бар еді. Еңлікгүл – ерте көктемде шығатын гүл. Сонан соң, біздің қазақ драматургиясының алғашқы героинясының аты – Еңлік. Оның үстіне бұл сыйлық көктемде берілетін болғандықтан, 27 наурыз – Халықаралық театр күнінде берілетін болған соң, осыны ырым етіп, «Еңлікгүл» деп атап, өткізіп жүргеніме, мінеки, 8-9 жыл болды. Оның бәріне үкіметтен бір тиын алғаным жоқ. Мені сыйлайтын азаматтардан алдым. Оның әрқайсысын өткізгенде, кемінде, 20 млн теңгедей ақша кетеді: оны ұйымдастыруы бар, оған келген қонақтарды қонақүйге орналастыру бар, шайпұлы бар, беретін жүлдем бар – бір емес, жеті жүлде берем, әрқайсысына бір-бір миллионнан! – үстінен налогын төлеттірмеймін, таза беремін, налогын өзім төлеймін. Оның жанында Голливудтағы «Оскар» сыйлығындай – әрқайсысына алтын жалатылған кубок береміз! Соның бәрін видеоға түсіріп, үлкен фестиваль жасап жүрдік жыл сайын. Өздерінің төл мерекесі – Халықаралық театр күні қарсаңында театр актерлерінің бір серпіліп қалатын күні еді. Биыл соны жасаттырмай қойды. Бос тұрған Әуезов театрын бермей қойды. Мен министрге хат жаздым, Ерлан Біләлға хат жаздым, «27 наурыз – дүйсенбі, театрдың демалыс күні, театрды бер бізге, мен «Еңлікгүлді» жасайын…» деп. Үмітім болды. Хатыма үндемей қойды. Жауап жоқ-жоқ-жоқ… Тек күн жақындағанда ғана, «ол күні театр ассоциацияның жұмысына байланысты театрда үлкен шара бар, бере алмаймыз…» деген жауап алдым. ТЮЗ-дан да сондай жауап келді. Ешқандай театрды бермеді. Сонан соң маған көмек беріп отырған «Самұрық-Қазына» сияқты компанияларға да ақша бергіздірмей қойды. Керісінше, ақшаны өзі алып, судай шашып, қаншама адамдарға приз берді. Мен оған қуандым, бір жағынан. Ол да болсын, «Еңлікгүл» де бола берсін. Бірақ, соны әдемі жасауға болар еді ғой… менің аяғымнан шалмай-ақ… Оның үстіне, менің таңғалатыным, осындай шараға мемлекеттік хатшы келіп, Асанәлі Әшімовке приз берді!..

– Асанәлі Әшімовтің театр сахнасында соңғы ойнаған рөлі – 2002 жылы «Ымырттағы махаббат» қойылымында Клаузен екенін білеміз. Оған дейін жас кезінде ойнаған Юлий Цезарын, Дон Жуанын, Қодарын, Еламанын т.б. рөлдерін сонау 1970-80-ші жылдары сомдағандықтан, оларды көру бақыты бізге бұйырмапты. Ол еңбектері үшін лайықты атақ-даңқ, марапаттың бәрін алды… Ал соңғы 20-30 жылдың аясында Клаузеннен басқа қандай рөлде ойнады, біз білмесек, театрдың ішінде жүрген сіз білетін шығарсыз?

– «Ымырттағы махаббаттан» кейін ешқандай рөл ойнаған жоқ. Оның алдында да ешқандай рөл ойнаған жоқ. 70-ші жылдары Әзекеңнің өзінің бір актерлер шоғыры болды – ол – Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов, сонан соң анда-санда Сәбит Оразбаев. Міне, осыларға арнап ол кісі ылғи спектакль қойып жүрді. Осылардың ішінде міндетті түрде Асекеңнің рөлдері болды. Тәуір-тәуір рөлдерінің ішінде атай алатынымыз – «Дон Жуанның думанында» Дон Жуанды жақсы ойнады. Сонан соң Бәйтен Омаров ағамыз қойған «Таңғы жаңғырық» спектаклінде мен – Бақтығұл рөлінде, ол кісі – Жарасбай рөлінде ойнады, сол рөлінде жақсы актерлық табысқа жетті, мұны айту керек. Ол спектакль 1979-80-ші жылдары қойылды. «Қан мен терде» Еламанды ойнады. Осындай бірді-екілі рөлі болды.

– Меруерт Өтекешова да «Сахнагер» сыйлығын алды. Сөз жоқ, сонау 1970-ші жылдардағы «Қыз Жібек» фильмінен кейін ол кісі «кімсің – Меруерт Өтекешова» болды. Өмір бойы сол Қыз Жібегімен келе жатыр. Кинодағы одан кейінгі бірен-саран рөлдерін ешкім білмейді десек, артық айтқандық емес. Театр сахнасында да соңғы рет қай жылы, қандай рөл ойнағанын білу үшін біраз театр тарихын қопаруға тура келеді. Жалпы, театрда ауыз толтырып айтатын рөл сомдады ма? «Сахнагер» деген сыйлықты қандай еңбегі үшін алғаны бізге түсініксіз болды. Әлде мен әділетсіз баға беріп отырмын ба?.. Сіздің алғашқы махаббатыңызға… 

– Енді ол бүкіл қазақтың махаббаты болды ғой. Сұлу қыз болды. Қызықтық. Бірге оқыдық. Бірақ Құман құрық сап қойған кезі… Бірақ сабаққа келмей, киноға түсіп жүрді. Аты Қыз Жібек болғаннан кейін, Хадиша апамыз ол кісіге де ерекше ықылас білдіріп, жақсысын асырып, жаманын жасырып, әйтеуір бітіріп шықты.

– Халық сүйген Жібекті Хадиша апамыз да сүйді…

– Әрине… Оның үстіне бірден оның тағдыры – кинода жолы болды, бірден жарқ етті. Тағдыры ертең қандай болатынын қайдан біледі, сол кезде аванспен берілген ду қол шапалақтаулардың бәрі ертең орындалуы бек мүмкін ғой. Бірақ менің Меруерт курстасым ақыры қазақшаны білмей кетті. Біледі-ау, дұрыс сөйлей алмайды, іртік-іртік, акцентпен сөйлейді. Сонан соң дауыс регистры қойылмады, онымен айналыспады, өзін өзі баптамады. Кәсіби сахна актрисасы дейтін деңгейге жете алмады. Бірді-екілі киноға ғана түсті… Ал енді театрға еңбегі сіңді деп мен алланың алдында да, адамның алдында да айта алмаймын. Бірге оқығанымыз рас. Жек көрмеймін. Ол жек көрсе көре берсін. «Жаманқұлов курстасым болғаны үшін ұяламын» деді ғой, ұялса ұяла берсін… бірақ өнердегі тағдырына мен алаңдаймын, ол емес. Неге тек Қыз Жібек қана болып қалды ол қыз? Неге ол өзіне өзі қамшы салып, Қыз Жібектен кейін басқа мықты-мықты рөлдерді ойнамады? Неге жарқ етіп басқа рөлдерде көрінбеді? Неге қазақ бола тұрып, қазақтың Қыз Жібегі бола тұрып, патриот ретінде өзінің тілін сайрап тұрып сөйлейтіндей жағдайға жетпеді? Неге теледидардан, радиодан интервью бере алмайды? Неге екі ауыз сөздің басын қоса алмайды? Бір қызығы – орысша да қоса алмайды… Ал дауысты жасауға болады. Дауыспен жұмыс істеуге болады. Дауыс – актердің аппараты. Мен оны жамандайын деп отырған жоқпын. Оның жалқаулығы ма, әлде сол жалғыз Қыз Жібекпен қалғанына тоқмейілсу ме? Осы маған жетеді деді ме екен, мен түсінбедім…

– «Сахнагер» сыйлығы қаншалықты әділетті бөлінді деген ойдан туындады ғой әңгіме…

– Енді бұл жерде ол кісіге берілген номинация былай ғой: «Сахналық ғұмыры үшін» дейді. Сахналық ғұмыр ол кісіде жоқ. Кезінде Әлиманды үшінші әлде төртінші құрамда тарғыл дауысымен бір-екі рет қана ойнап шықты. Қарагөзді өткен ғасырдың 80-ші жылдары бір-екі рет менімен бірге ойнады… Халық теріс бұрылып, Қыз Жібегі болғаннан кейін ғана үндемей отырды. Көп ойнаған жоқ. Тағы бір-екі рөлі болған шығар, бірақ «әй, бәрекелді!» деп айызың қанып қол соғатын, тым құрымаса, бір рөл жасаған жоқ. «Сахналық ғұмыр» былай тұрсын… «Қарагөз» спектаклінде Қарагөзді ойнай алмаған жеті қыздың ішінен Әзекең марқұм, Меруертке және Гүлнар Ералиеваға сеніп беріп еді, екеуінің де тілі шатық.., айналып келіп амалдың жоқтығынан Әзекең Қарагөзді қырықтың үстіндегі Фарида апай Шариповаға берді. Сырымды мен ойнадым. Мен жап-жас жігітпін. Фарида апай орта жасқа кеп қалған. Актерлік шеберлігімен алды. Мұны Димаш Ахметович Қонаев көрді. Енді, актерлік шеберлігі жетпесе, дауысы тарқылдап тұрса, қазақша дұрыс сөйлей алмаса, тілі  таза болмаса… Әзекең де өзіне өзі пышақ салғандай болар еді…

– Театр Қайраткерлері одағын тарату туралы съезд де біраз шу болды…

– Осы айғай-шу басталғанда, «одақты тарату керек, Тұңғышбай Жаманқұлов министрді отставкаға кету керек деген сөзді айтты» деп, аяқ астынан осы Алматының 6-7 театрының адамдарынан жиырма шақты адамды жинап алып, біздің Кіші залда… не дейсің, бір күні «Қазақстан Театр қайраткерлері одағының кезектен тыс съезі болып жатыр» деп хабар жетті маған. «Не дейді?!.» деп келдім мен, маған шақыру берген жоқ. Келсем, әлгіндей, өздерінше төрт-бес адам жиналып алған, «осындай-осындай…» деп сөйлеп жатыр. Асанәлі ағамыз сөйледі. Ол кісінің де сөзі арсын-гүрсін… орысша-қазақша… «Вот товарищ Жаманқұлып» деп кекетіп менің фамилиямды… «ваше всступление вшерашний ошень был всступление такой неграмытный вступление» деді.

Содан кейін Корей театрының директоры шығып алып сөйледі кеп-кеп: «Мәңгілік ел бағдарламасы бойынша Қазақстан Театрлар қайраткерлері одағы ештеңе жасап жатқан жоқ… сондықтан біз одақтың төрағасын қайта сайлаймыз осы съезде…» Содан Театр қайраткерлері одағының президиум мүшелері шығып айғай салды: «Бұл қандай съезд? Съезд, алдымен, президиумда қаралады, президиум пленумға салады, пленум съезді шақырады, оған ақша бөлінеді, бүкіл 54 театрдан, әрқайсысынан кем дегенде он-оннан адам келуі тиіс, содан кейін күн тәртібіне мәселе қойылады, содан кейін барып шешіледі. Төрағалықты шешетін министр емес, съезд. Ал бұл съезд емес!.. Мынау не?..» деп, Лермонтов театрының актеры Михаил Токарев сөйледі. Содан кейін мен шығып сөйледім, сөйтіп біз бұл съезді жоққа шығардық. Сонда сол жерде тұрып Меруерттің сөйлеген сөзі: «Я стесняюсь, что я учился вместе с этим человеком» деп… Мен қатты қуанып жүргендей – онымен бірге оқығаныма… Өкінішті… Мен оны, өзімнің бірге оқыған курстасым ғой деп, одақтың кейбір шараларына қатыстырып, форумдарға қатыстырып.., Таразда менің атымдағы фестиваль болды, «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» деген – Тараз жасайды оны Тараздың ақшасына – сол фестивальге Құман екеуін ЖЮРИ мүшесі етіп шақыртып.., Хадиша апайдың студенті ғой деп… сол жерде сөйлеттіріп, кішкене үйренсін, көрсін, білсін деп, қасымда ертіп жүруге талаптандым…

– Сіздің әріптестеріңізге деген құрметіңізді тағы бір жолы байқадым: осы шудың басталып кеткен тұсында ТЮЗ-дің 70 жылдығы болды. Сахнаға Асанәлі Әшімовтен бастап, бірнеше адамды шақырды. Сіз інілік ізетпен ол кісіге жол беріп, оны алға оздырып, өзіңіз кейін қалып, ол кісі сөз сөйлегеннен кейін де, өзіңізге сөз берілгенде «Асанәлі ағамнан кейін бірдеңе айтудың өзі қиын…» деп, ол кісіні тағы да көтермелеп сөйледіңіз. Ұсақ мінезге бармай, ірілік, кісілік танытқандай болдыңыз… Бірақ әр кезде екеуіңізді араңызда көзге көрінбейтін «мылтықсыз майдан» жүріп жатқандай болып сезілетін…Кезінде баспасөз беттерінде де біраз «шайқасқандарыңызды» білеміз… Араларыңыздан қандай «қара мысық» өтіп кеткенін айтып бере аласыз ба?.

– Ол «шайқас» Әшімов театрдың бастығы болып тұрған кезде басталған еді… Қайтейін халықтың алдында екеуміздің арамыздағы пенделік кикілжіңді ортаға салып?.. Оны да халық жақсы көреді, бірақ пенделігін білмейді. Соны білмей-ақ кетсін деген інілік ой менікі… алдымдағы ағам… егер ол кісінің абырой-атағына нұқсан келсе, маған да нұқсан келетіндей боп тұрады. Өйткені ол кісі де өнер адамы, ол кісі де театр мен киноның актері, «ойбоой, біздің мақтап жүрген өнер адамымыз Ас-ағамыз осындай адам екен ғой!..» деген сөз болса, оның бір ұшығы маған тиіп жатқандай болады… Сондықтан ол кісі туралы мен ештеңе айтпаймын. «Ол осылай деді» деген өсек әңгімелер болса, «енді… байқамай айтып қалған шығар, ол кісі үлкен тұлға ғой…» деп жүремін.

Жалпы, алдымдағы кейбір ағаларымның жасаған шалалықтарын, білімсіздіктерін өзімнің жүрегіммен қатты қынжылып қабылдаймын. Неге ғана осылай?.. Неге ғана ол ағаларым ел алдына шыққанда, тым болмаса, үш-төрт кітап оқығандығын білдіре алмайды? Неге ғана сол ағаларым халық сыйлайтындай ду қол шапалақ иесі болған соң, соның үдесінен неге шыға алмайды? Неге ғана сол ағаларым алқақотан отырғанда ақсақал ретінде, тым болмаса, «құл-ху-алланы» үш қайырып бата жасап бере алмайды? Неге ғана сол ағаларым жиылып отырған кезде өзінен кейінгі інілеріне жақсы сөз, арқасынан қаға алатын әдемі ағалық, ақсақалдық мінез таныта алмайды деп күнде мың өлемін… Несіпбек Айтұлының «Ағалар-ай» деген өлеңі осындайда туған екен ғой…

– Елбасына видеоүндеу жасап, араша сұрадыңыз. Сахнада көбінесе хан-сұлтандар мен би, төрелердің рөлін сомдаған Жаманқұловтың сыртқы түр-тұлғасы да, мінез-болмысы да Абылай хандай ірі еді, кесек еді. Елбасына жасаған видеоүндеуіңізде сол тұлғаның шөгіп кеткенін көрдік, психологиялық тұрғыда тым кішірейіп, сынып кеткендей күй байқалды…

–  Мен ойнаған Абылай ханның да сынған жерлері бар. Мысалы, бүкіл билердің бәрі оған қарсы шығып, қытай мен орыстың арасынан уәж таба алмай, қиналып жүрген кезде қасында Тәтіқара мен Бұқар жырау болған ғой, сонда Бұқар да, Тәтіқара да Абылайдың кейбір мүлт жерін айтып отырған. Мысалы, Бұқардың мынадай өлеңі бар:

«Ей, Абылай, Абылай,

Мен сені алғаш көргенде

Түркістанда жүр едің,

Тұрымтайдай ұл едің,

 Әбілмәмбет төренің

Түйесін баққан құл едің…» дейді.

Сонда Бұқар жырау «орыспенен соғысып, жұртыңа жаулық сағынба» деп отыр. Абылай екіленіп, өзінің батырлығына салып, орыстарға қарсы соғыс ашпақшы, сонда Бұқар жырау ақыл беріп отырған. Абылайдың: «Мен 48 жыл таққа отырғанда тақымым тақтан емес, аттан тозды – елдің қамын ойлаумен!.. Сонда сен Тәтіқара екеуің әлгіндей сөз айтқаннан гөрі ел қамын неге айтпадыңдар? Неге мені солай сындырдыңдар?..» дейтін өлерінің алдында айтатын сөзі бар. Бұл Маман Байсеркенов ағамыздың пьесасындағы өте бір керемет сөздер. Мен соны жаным ауыра айтамын. Абылайдың да сынған тұстарын айтамын…

Елбасына мен уәж айтқанда, үндеу жасағанда, Елбасымнан араша сұрарда, Елбасының төңірегінде жүрген жандайшаптардың мен туралы жаман айтып жүргеніне көзім жетті. Оны қалай айтамын – өзінің таңдаған адамдары ғой… Елбасының сол тұста көп жігіттерден көңілі қалып.., тақ берген адамдарының біразы тайқып кетіп жатты ғой. Ол кісі де пенде болғаннан кейін, ет пен сүйектен жаралғаннан кейін, қателесті. Басына қаншама қиын жағдай түсті. Ел оған әртүрлі қарады… Енді менің жағдайымнан келген кезде, Елбасыға кім не айтып жатыр.., кім не деді екен?.. Елбасының жағдайын ойлағаннан, ол кісінің осы арада шырылдап, қайсысына сенерін білмей жүрген көңіл-күйін мен өзімнің көңіл-күйіммен салыстырдым. Менің сынғаным емес, мүжілгенім, күйінгенім – Елбасының ішкі жандүниесінің күйінгенімен бірдей болды деп ойлаймын. Оны әдейі жасағаным жоқ. Өзі солай шықты. Мен Елбасының жайын түсініп отырдым. Ол кісі «әй, Тұңғышбай да сондай екен-ау…» деп ойлап отыр-ау деп, жалған сөзге, жаңсақтыққа сенді-ау деп, жаным күйзеліп отырды. Ол – сыну емес, мүжілу еді, сонан соң шыным еді. Және жүрек қағысымды Елбасыға жеткізу еді.

– Дегенмен, сол бейнежолдауыңыз өзіңіздің кінәңізді мойындағандай әсер қалдырды…

– Мен кінәлімін деп есептегеннен емес, «менің басыма осындай жағдай түскені ұят болды-ау… елден ұят болды-ау… мені сыйлайтын Елбасынан ұят болды-ау… екіұдай қалатын болды-ау…» деп күйзелгеннен еді. Ол – күйзелу, басыма түскен сынақтың ауырлығын сезіну.., және одан шығатын жолдың өте қиын екендігін сезіну, дәлелдеп шығудың өзі өте ауыр екенін сезіну, әділеттің ауылы дәл осы тұста менен тіптен алыстап бара жатқанын сезіну.., және мен білетін шындықтың қорғаусыз шырылдап құрып бара жатқанын сезіну…

– Ол кісінің қабылдауында болғаныңызда Арыстанбек Мұхамедиұлы екеуіңіздің араңыз туралы сұрады дедіңіз. Ол кезде бұл мәселенің бірі де жоқ еді ғой, бірақ неге Елбасы сізден «Арыстанмен қалайсың?..» деп сұрады екен? Неге, мысалы, «Масимовпен қалайсың?» деп сұрамайды? Әлде сол кездің өзінде министр екеуіңіздің араңызда мәселе бар ма еді?

– Өйткені ол кезде, мен үлкен кісіге кіргенде екі мәселе қойдым: бірі – Қазақстан Театр қайраткерлері одағына ғимарат сұрау және осы одақтың мәртебесін өсіру жайлы. Екінші, өзінің қойған сұрағына менде жауап тұрды: «Не істеп жүрсің?» деп сұрады. «Ештеңе істеп жүрген жоқпын, аға» дедім. «Қалай?» деді. «Егер жұмыс бергіңіз келсе, мен қазір Қазақстан актерлерінің ішіндегі ең бірінші және жалғыз ғылым кандидатымын. Ұстаздық жұмыс істегеніме 25 жылдан асты. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген менмін. Бұл академия театр және кино мамандарын оқытатын орын. Қисаңыз, осыны мен қазір жөнге салар едім. Ептеп олқы кеткен тұстары бар. Арыстан министр болып кетті, қазір ректордың орны бос тұр» деп едім. «Бос тұр ма?» деді. Содан кейін жоғарыдағы сұрақ туындады: «Арыстан екеуіңнің араң қалай?» деді. Мен сезе қойдым, яғни, Арыстанмен ақылдасатынын сездім де, «ол осындай адам еді… ректор кезінде бүлдіріп кетті ғой…» деген сөзді айтуға аузым бармады. Аузым бармағаны – менің қорыққандығымнан емес, Елбасының министрді тағайындағанда мүлт кеткенін бетіне басқандай болам ба деп, өзімді өзім ұстадым. Сонан соң, ол жігітке жаңадан осындай мансап бергеннен кейін, анау-мынау пендешілігін, балалығын, шалалығын қойып, тұлғалыққа қарай ойысатын шығар деген үміт те болды. Патша осындай тақ беріп отырғаннан кейін, соған лайық болатын шығар, кейбір жасаған шалалықтарынан ажырайтын шығар деген үміт болды. Сондықтан мен оның сыртынан «анау-мынау» деп, қатынөсек айтқандай болмайын деп аузымды жаптым. Айта алмадым. Ал ол кісінің ойында не болды – мен оны енді түсініп отырмын. «Егер екеуің тіл табыса алмай жүрсеңдер, академия ректорының орнын қалай аласың?..» деген ұғым болған болу керек. Ақыры солай болып шықты – ол орынды маған қимады. Мен оған өкінбеймін…

– Соңғы кездері жоғары оқу орындары жекешелендіріліп жатыр. Бәленбай жылдық тарихы бар әрбір жоғары оқу орындарына қожайын табылып жатыр… Театрларды да жекешелендіру керек деген әңгімелер ара-тұра айтылып қап жатыр… Асқар Тоқпанов іргетасын қалап кеткен қарашаңырақ – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының және театр ошақтарының жекешелендірілуіне қалай қарайсыз?

– Жекешелендіру – біздің әлі етіміз де, есіміз де үйрене алмай жүрген құбылыс. Нарық болу үшін халық саны біздің бүгінгі санымыздан кемінде екі-үш есе көп болу керек. Нарықтық заманға көшу үшін халық тоқ болу керек. Халықтың ертеңге үрейі болмау керек. Бір-бір айлыққа қарап қалмайтындай, әрқайсысының өзінің жеке тірлігі болу керек. Сонда ғана мұндай жағдайға көшуге болар… Ал енді Жүргенов академиясы консерватория негізінде құрылды ғой. Біздің Құрманғазы атындағы консерватаориямыз халық қырылып жатқан кезде, 1944 жылы ашылыпты… қан төгіліп жатқанда… Оны құрған қаншама адамның бәрі – могикандардың бәрі о дүниелік. Ол жерде Құрманбек Жандарбеков, Роза Жаманова, Байғали Досымжанов, Ермек Серкебаев т.б. қаншама мықтылар сабақ берді. Күләш Бәйсейітова сабақ бермесе де, соларға үлгі болды. Шетелдерден келген, әсіресе еврей халқының «менмін!» деген керемет музыканттары соғыс кезінде осында көшіріліп, музыканың бүкіл терең құпияларын үйретіп, негізін, фундаментін (іргетасын) керемет қалап кеткен өнер ошағын біреудің жекеменшігіне беру – кісәпірлік! Күпірлік! Қасиетсіздік деп есептеймін! Біз, Жүргенов академиясы, содан бөлініп шыққанбыз. Басқа республикаларда театр институты баяғыдан болған, ал біз 1978 жылы ғана бөлініп шықтық. Хадиша Бөкеева, Рабиға Қаныбаев, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаевтар берік іргетасын қалап, шаңырағын, уығын бекітіп берген еді. Ең басында айшық мүйіз ақ серкем – Асқар Тоқпанов жүрді. Үлкен кісілерге кіре жүріп, таяғымен тоқпақтай жүріп, Қазақстан театр өнерінің оқу ордасын ашты және қазақ актерлері мен режиссерлерін оқытудың өзіндік мектебінің үлгісін салды! Өзі құрған институтқа ол кісі арам оймен өз атын беру туралы ойлаған жоқ, кезінде, заман тауқыметін тартып жүрген жетім кезінде өзіне қол ұшын беріп, Мәскеуге оқуға жіберген Темірбек Жүргеновтің атын берді! Руға, жершілдікке бөлінген жоқ. Қазақ өнеріне қанын, жанын берген адамның атын бергізді! Сол Асқар Тоқпановқа біз әлі күнге дейін бір де бір театрдың атын бере алмай жүрміз… Жамбыл театрына А.Тоқпановтың атын берейік деп хат жазғаныма, міне, алты-жеті жыл болды!

– Расында, ең мықты деген театрлардың біріне ол кісінің атын баяғыда беретін жөніміз еді… Не себептен ол кісінің аты осы күнге шейін бірде бір театрға берілмеді?

– Себебі, ол кісі шыншыл, әділетті адам еді. Барды – бар, жоқты – жоқ деп айтатын. Кез-келген министрдің есігіне кіріп келіп: «Ей, министр культуры и отдыха! Не бітіріп отырсыңдар?..» деп, бар ойын айтып, шығып кете беретін. Кез-келген спектакльге кіріп, бірінші қатарға отырып алатын да, қойылып жатқан спектакльдің бидай-былдырық екенін көрсе, орнынан қарғып тұрып: «Шантропа!.. Бездарщина!..» деп айғайлап, спектакльдің ортасынан шығып жүре беретін. Ол шалдан сескенетін. «Шал» болғанда да, «күншуаққа» жылынып отыратын шауқан шал емес, Тоқпанов – нағыз ақсақал, нағыз қазына болды. Әркімнің ығына жығылғыш, көнгіш, «көп айтса – көнді, жұрт айтса – болды, әдеті надан адамның» деп Абай хакім айтқандай, жүр ғой талай шалдар… Ол кісі ондай болған жоқ. Мұқаңның өзімен тікелей, тепе-тең сөйлескен текті кісі. Ұлы Абайды сахнаға шығарған – сол кісі! Кішкентай комик Қалибек Қуанышбаевты ұлы трагик актер жасаған – сол кісі! Дінмұхамед Қонаевтың кабинетіне кіріп келіп: «Димеке! Мынау не боп жатыр?..» деп айта алатын – жалғыз сол кісі! Ол кісінің еркелігін Димекең де көтерген. Димекеңмен достығы керемет болған! Мұқаңмен достығы керемет болған! Бауыржан Момышұлымен достығы керемет болған! Нұрғиса Тілендиевпен достығы керемет болған! Өлерінде маған айтып кеткен бір ауыз арманы болды: «Өкініп кетіп барам, Тұңғышбай! – деді. – Мен Димекең мен Бауыржан Момышұлын татуластыра алмай кетіп барамын…» деп жылады. Ол кезде Димекеңе Бауыржан Момышұлы «орыстар маған генерал бермеді, герой бермеді… сен соған ара түспедің…» деп өкпелеген болу керек… Сол кездегі достықтарын қараңыз: Бауыржан Момышұлы Асқар Тоқпановқа айтатын көрінеді: «Ай, Асқар, мен – дурак номер первый, сен – дурак номер второй екенсің!..» деп. Сонда Тоқпанов: «Дурак номер третий де бар, аға» десе: «Білем!.. Тілендиев – дурак номер третий» дейді екен. Яғни, үшеуі де шындықты айтатын, әділетсүйгіш, бүгінде қазаққа арман болып қалған тұлғалар… Қазір бұларды сағынғаннан басқа, сағына отырып, іздегеннен басқа амалымыз қалмады…

Осыдан бір жыл бұрын интернеттен оқып қалдым, жаныма қатты батты. Ермек Тұрсынов деген ақылман жігіт: «Қазақта жалғыз ақсақал бар еді, бірақ оның ұлты неміс еді – Герольд Бельгер деген. Одан да айырылдық…» деп жазыпты. Жүрегім су ете қалды. «Апырм-ай, шын ба… Шын-ау…» деп қалдым.

Қазір 80-ге келсе де ақсақал бола алмай жүрген ағаларыма өкінемін. 90-ға келсе де, Мұхтар Шахановша айтқанда, «сақал-шашын күнге ағартқан қарттарға» өкінемін. Ақсақал болып, «Жігіттер-оу!..» деп, тіпті, сол Елбасына да барып, ағалық, ақсақалдық сөз айтатындай мысы жоқ. Баяғы Шәкір Әбеновтар бата берді ғой, сондай бата беретін деңгейге жеткен – бренд дейміз бе – ұлттық бренд-ақсақалдың жоқтығы өкініш. Сондықтан да Елбасының төңірегінде шалалардың жүргені өкініштен гөрі қазір қайғыға, қасіретке айналып барады. Елбасы – біреу. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Елінің қамын ойлап отыр. Анау-мынау деп ол кісіге жаба берудің жөні жоқ деп есептеймін. Мен мұны шын жүрегіммен айтамын. Жіберген қателігі – менің қателігім сияқты қатты қапаланамын. Жеткен жетістігіне – бөркімді аспанға лақтырамын. Ол да сенімпаз адам. Сеніп қалып отыр… Ал әлгіндей ақсақалдардың жоқтығы ол кісінің де шымбайына бататын шығар…

– Егер сондай ақсақалдар болса, Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Тұңғышбай Қадырұлының арасы мұншалықты дәрежеге дейін ушықпас па еді? Мысалы дәл сондай ақсақалдың ролін Асанәлі Әшімов атқарса… «Мәмілеге келіңдер, қойыңдар, мыналарың дұрыс емес, елден ұят болады» деген ақсақал болды ма? Қонаев пен Момышұлын татуластырғысы келгендей қазақтан бір Тоқпанов табылмады ма?

– Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы есіме түсіп отыр. Қасқырдың аты қалай еді?

– Бірішек болса керек…

– Сол қасқырды атып алып, қанжығасына байлап, ауылына сүйретіп жақындай бергенде, қасқырдың тісі ақсиып жатыр екен. Соған қарап, Ақан: «Әй, көкжал, өзіңнен де бар-ау…» депті. Сол айтпақшы, мен өзім «сүттен ақ, судан таза» болмайын. Өзімнен де бар-ау, шамасы. Шындық айтатын мінезімнен… Ол кісі (Асанәлі Әшімов) менің жіберген майда-шүйде кейбір кемшіліктерімді кешіріп, Арыстанбекке барып, тіпті, Елбасына баруға да хақылары бар… Бір Асанәлі емес, Сәбит Оразбаев деген ағам бар. Екеуі де сексеннен асып отыр. Екі ақсақал бірігіп: «Ей, анау ит – Тұңғышбай, тілінің тотияйыны бар.., кемшілік ода жоқ емес, бар, бір ашуыңызды беріңіз…» деп баратын жөні бар еді. Ондай жөн-жосықты, өздерінің орнын ұқпай отырған адамдарды қалай ақсақал деп айта аламын? Қарияларымыздың ақсақал бола алмай қалғандығының бірден-бір мысалы – осы.

Мен қанша жерден жынды болайын – бірақ мен ұры емеспін. Қанша жерден ақымақ болайын – мен соншалықты тентек емеспін. Қанша жерден мен шала болайын, бір-екі кітапты өмірімде кем оқып қояйын – бірақ мен жемқор емеспін. Мен халқымды, ұлтымды, мемлекетімді ынты-шынтыммен жақсы көретін адаммын. Сол үшін қызмет етіп жүрген адаммын – тілім үшін, ұлтым үшін, өнер үшін… қазақтың өнері жерде қалмаса екен, арзандамаса екен деп шырылдап жүрген жындымын. Бірақ мен ұры емеспін!. Менің арманым – жаңа үрдіспен жасалған кино түсіру еді… «Жеркіндік» деп, «дөңгелек, домалақ» деп емес, «жұмыр жер» деп қазақ қана айта алған екен ғой. Менің қазағым, орысша айтқанда, «интуитивно» тегін емес екен ғой. Алланың сүйікті құлы екен ғой. «Ей, қу құдай, шұнақ құдай» деп, құдайдың өзін «тілдеп» алғанда, кешіретін себебі – содан екен ғой деген ұғымымды дәлелдегім келген шығар… Әйтпесе өз басыма жетер атақ-даңқым бар, алатын атағымның бәрін алғанмын – Мемлекеттік сыйлықты алғанмын, халық артисін алғанмын, бір емес, екі орденім бар, халықтың алдында сүйіспеншілігім бар… енді маған атақ үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ, керісінше, халық үшін, өнер үшін атағымды жұмсап жүрмін…шашып-төгіп… Қазіргі жасымда ақша жинап, содан бизнес жасап баю да менің ойымда жоқ. Менің байлығым артымдағы балаға байлық болмайды. «Әке байлығы балаға байлық болмайды» деп қазақ баяғыда айтып кеткен. Оған өмірде де көзіміз жеткен… Балаларымның өз нәсібі өзінде…

Мысалы, біздің дәуірімізден 5 ғасыр бұрын болған анамыз Томирис жайында спектакльді тұңғыш рет мен қойдым сахнаға! Әзірге дейін жүріп жатыр. Көрген сайын өзім күйзеліп, жаным ауырып шығамын. Екінші жағынан, «ай да, Пушкин!..» деген Пушкиннің сөзімен айтқанда, «әй, Тұңғышбай, ит екенсің!.. жақсы-ақ қойыпсың…» деп өзіме риза болып шығатын кездерім бар. Спектакль соңындағы Томиристің бір-ақ ауыз сөзі үшін ғана қоюға болады. Елес айтады: «Әй, Томирис, балаңның басын алдың, байыңның басын алдың, сүйгеніңнің басын алдың, өзің ғана қалдың… өзіңе не қалды?..» дегенде Томирис ойланып тұрып: «Сақ деген ел қалған жоқ па? Сақтың сары даласы – жер қалған жоқ па?!.» дейді. Осы екі ауыз сөзде қаншама үлкен астар жатыр! Сон-о-оу жиырма жеті ғасырдан бері қарай біздің ұрпаққа – бүгінгі ғасырға айтылатын айқай жатыр. Ел мен жер!.. Жиырма жеті ғасырдың астынан айғайлап жатыр… Осы екі мұрат үшін өмір сүруге болады… Ол спектакль әлі жүріп тұр, құдайға шүкір. Сол Асанәлі ағамыз қазір театрдың көркемдік жетекшісі. «Алып тастау керек!..» дейтін көрінеді. Кейбір ағаларымыз: «Халық жақсы келіп жатыр, жүре берсін…» дейтін көрінеді. Ал Абылай ханның екеуін де сол Асанәлі ағамыз репертуардан алдырып тастады. Ол кезде менен кейін театрға басшы болып келген Есмұхан ағамыз, жақсы кісі, ана кісіден қорыққанынан ба, әлде солар тыныш болсын деді ме – патшамыз көріп, көзіне жас алып, ду қол шапалақтап, риза болып, спектакльден соң бізбен дастархандас болып, ақ тілегін айтқан, «мінекей!» деген «Абылай ханды», бір-ақ жыл жүрген соң, алып тастады… мен кеткен соң… 2000 жылы қойылды, 2001-де мен кеттім, 2002-де алып тастады.

«Абылай ханның ақырғы күндері» дейтін спектакльді 1996 жылы Маман Байсеркенов қойды. Бес жылдан кейін алып тастады. Солар репертуарда жүре берсе, нелері кетеді? Жарайды, мен, Асанәлі Әшімовтың жек көретін адамы, ойнамай-ақ қояйын – басқа жасқа берсін де ойнай берсін. Халыққа актер емес, спектакль керек. Халыққа спектакльдің айтатын ойы керек. Мен де мәңгілік емеспін, ешқайсысымыз мәңгілік емеспіз, ал спектакль мәңгілік болуы бек мүмкін…

Ал енді қазір «Томирис» фильмін түсірейін деп жатыр дейді. Оның да басы-қасында Арыстанбек жүр. Менде тағы да үрей бар… Шын айтайын, кейінгі түсірілген «Қазақ елі», қанша патриот болсам да, қанша хандарды ойнап жүрсем де, көңіліме қонбады. Құлазыдым. Мен сол фильмде Шайбани ханды ойнауым керек еді, бірақ министр ойнаттырмады. Ал ол фильмді көргеннен кейін «ойнамағаным қандай жақсы болған!» дедім. Халықтың алдында қарабет болатындай фильм түсірілген екен. Ол фильмге 2 миллиард теңге кетті. Біздің фильмге бөлінген 450 миллионды Арыстанбек Мұхамедиұлы сол фильмге лақтырды. Оған хақысы жоқ еді. Демек, біздің фильмді тоқтатудағы мақсаты – «Қазақ еліне» ақшаны құю ма, сонан соң менен кек алу ма? Осы екі арасын білмеймін…

– Екеуіңіздің араңыз өзі о баста неден басталды, қандай мәселеден басталды? Министр болып келе салысымен бірден фильммен, сізбен ұстасты ма?

–  Мен актерлік шеберліктен сабақ беремін – 1989 жылдан бері! Әр төрт жыл сайын түлектердің қанатын қатайтып, тәрбиелеп ұшырамын. Менің оқытқан балаларым, құдайға шүкір, бәрі де әрбір театрдың ортаңқолдай актерлері. Өнер институтында актер шеберлігінен қабылдайтын мастер (шебер, көркемдік жетекші, яғни, мен) келген абитуриенттердің ішінен адаспай таңдап, талғап алуым керек. Көзінен нұр көруім керек, жүрегінен бір ерекше сезім көруім керек, сахнаға шыққанда көз тоятындай жігіттері – бірі тұлғалы, бірі орта бойлы, бірі кішірек, қыздары сұлу болу керек. Сол абитуриенттердің ішінен өзі оқытатын шәкірттерін таңдап, талғауда көркемдік жетекшіге ғана рұқсат берілген. Басқа ешкім араласпау керек бұған.

Арыстанбек ректор болып келгеннен кейін, 2012 жылы мен курс қабылдадым. Шынымды айтайын, мен де қазақпын ғой, соншалықты кәпір, кісәпір емеспін ғой. Курс қабылдардың алдында ректорға бардым: «Арыстанбек, мен биыл қабылдаймын. Беретін 12-ақ грантың бар екен. Енді, саған бір-екі адам звондаған шығар, бұйымтай айтатын танысың бар шығар, туысың бар шығар, өтініш айтқан шығар… ондай адамдарың болса, бір-екі адамның атын айт, мен дайындайын. Сөйтіп, өзгелер білмейтіндей етіп, сол айтқан бір-екі балаңды алайын…» дедім. Бұл – қазақилық, түсінушілік, басшы ретінде оны сыйлаған сый-құрмет… Оған өтініш жасаған адамдар болса, көңілі қалмасын, ректор бола тұра «орындай алмады» деген сөз келмесін деген ой… Құдай тұр төбемде – алдына бардым. «Болды, аға, айтам, айтам…» деп қалды. Біздің емтихандар басқа вуздардағыдай емес, басқаша ғой. 15-20 күндей талғау, іріктеу комиссиясы жұмыс істейді, оны өзім басқарып отырамын, сахнаға шыққан әр баланы мұқият тыңдап, таңдаймын. Менің курсыма 300-400-дей адам келеді – 12 орынға!.. Талғау өте қиын. Талапкерлер бірінен соң бірі келіп жатыр, келіп жатыр. Осы баланың бойында бірдеңе бар-ау дегендеріне «сен емтихан тапсыра ғой» деп, рұқсат қағазын беріп, іріктеу талаптарына сай келмегендерін «айналайын, сен бағыңды басқа жақтан сынап көр…» деп шығарып салып жатырмыз. Емтихан жақындап қалды, «айтам» деген ректор әлі айтпайды… Бір уақытта емтихан басталып та кетті. Асхат Маемиров ол кезде «Театр» факультетінің деканы. Сол келіп отырды. Емтихан басталарда соған айттым: «Айтпақшы, ана кісі маған өзінің бір-екі баласының тізімін берем деп еді, сен барып келші…» десем, «мен білемін… менде…» деді. «А, жақсы болды ғой» деп, емтиханды бастадық. Пәкене бойлы бір бала шықты. Онша емес… Қасымда отырған декан «мынау» деп сол баланы ымдады. «Ойбуй, құдай-ай… жарайды, ұл ғой, тоқпақтап-тоқпақтап бірдеңе қылармын…» деп, жоғары балл қойып, оны жібердім.

Бір қыз шықты. Бойы сорайған, түсі суықтау. «Мынау» деп тағы көрсетті. Өзім де алдында «допуск» бергенде ойлап қойғанмын, «тоқпақтаса, бірдеңе шығар ма екен» деп. «А, жарайды» деп оны қабылдадым.

Тағы біреуді көрсетті. Тіптен нашар. «Мен екеу деп едім ғой…» дедім. «Енді…» «Жарайды…» деп, оған да тәуір баға қойдым. «Уһ, болды ғой… енді өзімнің таңдағандарымды аламын ғой» деп кірісіп жатқанда, тағы «мынау» деп көрсетеді. «Өй, тоқта… мен екі-үш адам дегенмін… үшеуін алдық…» десем, «енді… өзіңіз біліңіз… тізім міне…» деп 11 адамның тізімін беріп отыр. «Мен сонда кімді оқытамын?.. – дедім. – Жарайды, мен бәрін қараймын, бойларында бірдеңе болса аламын, болмаса, алмаймын…» дедім. Сөз бергенім – үшеу ме, үшеуін алдым да, қалғандарын алмай қойдым. Емтиханымыз сағат түнгі 11-лерде бітті. Келіншегім екеуіміз машинамен үйге қайтып барамыз. Түнгі сағат 11.30-дарда маған Арыстан телефон соғады. «Ей, сен неге менің айтқанымды істемейсің?» деп бастады. Дәл осылай «СЕН!» деп…

– Арыстан, мен… – дей бергенім сол еді, тыңдамайды.

– Сен менің кім екенімді білмей жүр екенсің!..

– Әй, Арыстан, тыңдасайшы… – деймін, тыңдамайды.

– Мен сені ертең жұмыстан шығарып жіберемін!.. Сенің орныңа Сәбит Оразбаевты аламын!.. Сен білмей жүр екенсің менің кім екенімді!.. Сен неге айтқанды орындамайсың?!.

– Әй, Арыстан, мен орындадым ғой айтқанымды… – деймін, тыңдамайды. «Бірдеңе-бірдеңе» деп айғайлап жатыр. Қоймаған соң: – Пошел ты на три буквы!.. – деп орысшалап, телефон тұтқасын тастай салдым. Қасымдағы келіншегім «ойбай, неге олай деп айттың, ол бастығымыз ғой, ұят болды ғой…» деді. Қоймай жатыр, қайтем?.. Не сөзімді тыңдамайды…

Сол күні түнімен ұйықтай алмадым. Таңертең бардым. Менің емтиханым бітіп кеткендіктен маған емтихан кезінде академияға кіруге рұқсат жоқ. Кірейін десем, алдымда «охрана» тұр. «Үш әріптің» жігіттері жүр. «Мен кіріп отыра тұрайын» деп едім, кіргізбеді. «Ректор келді ме?» деп едім, «келмеді» деді. Сағат 10-ға таман келді. «Арыстан, кешегі жайында сөйлесейін деп, қабылдау бөлмеңе кіріп күтіп отырайын деп едім, мыналар кіргізбей жатыр, мені алып кір» деп едім, былай бір қарады да, күзетші жігіттерге: «Мынаны кіргізбеңдер!» деп кетіп қалды. Мен қазақшалап тағы боқтадым: «Өй, әкеңнің…» дедім де, кетіп қалдым. Содан екі жыл сөйлескен жоқпын. Жұмысымды істей бердім. Содан ол екі жылда министр болып кетті.

2014 жылы менің фильмімнің «финансированиесі» басталды. Фильмде ақша көп екенін біледі. «Қазақ елі» бар, басқа бар.., фильмдердің тізімін көргенде «мынау не фильм?.. Тұңғышбай Жаманқұлов?..» деген болса керек. Мен «логика» бойынша айтып отырмын… Бәленің бәрі содан басталды. Содан кейін бағанағы айтқан Талғат Жәнібеков теледидардан айтқан «жазба хат» — «ана жақ бәленбай ақша сұрап жатыр» деген… Содан кейін әлгі қыз… оны менен көрді, «сен ұйымдастырдың» деп. Осының бәрі ушығып, аяғы осылай болды.

– «Сол қызды Жаманқұлов ұйымдастырды» деген әңгіме не себептен шықты? Ондай сөздің тарауына қандай да бір негіз бар ма? Ол қызды танисыз ба?

– Ол сөз ешқандай негізсіз, дәлелсіз сөз. Ол қыз менің курсымнан бір курс жоғары оқығанын білемін, өзін танымаймын. Сәбит Әбдіхалықтың айтуынша, (кейінгі бір кездесулерде айтты): «Жоқ, көке, ол қыз «сіздікі» емес екен, оны өзі мойындады» деді. «Арыстанбек мойындады, «Тұқаңның бұл жерде жазығы жоқ екен деп айтты» деді…

Енді қайта-қайта айтатын сәлемі: «Ана ақшаны құйсын.., мына хатқа қол қойып берсін… содан кейін біз істі жабамыз…»

Мен айттым, «құйғаным – менің мойындағаным ғой?!. Қалай құямын мен? Біріншіден, менің ақшам жоқ. Екіншіден, мен оны құймаймын. Неге? Өйткені мен алғам жоқ ол ақшаны! Неге құюым керек?..» дедім. Алдымен мені арашалап алып шықсын, сонда мен Арыстанды «азамат!» деп, кез-келген бұқаралық ақпарат құралында айтамын. «Мен қателескен екенмін, Арыстан азамат екен!.. Ірі тұлға екен!.. Айтқанын орындады, мені пәледен құтқарып қалды! Менің жазығым жоқ еді! Өзінің министрлік қызметін пайдаланып, мені дәлелдеп шығып, сотта мені қорғап, мені арашалап алды!» деп өмір бақи айтып өтемін. Ал алдын ала, «асатпай жатып құлдық» деп, мен ондайды жаза алмаймын деп, үш-төрт рет жаңағы хатына қол қоюдан бас тарттым.

– Ойлап отырсам, академиядан басталған кикілжіңді сол күні шешуге бір тырысыпсыз. Кейінгі Еңлікке байланысты дауда кешірім сұрап тағы да алдына барыпсыз. Араларыңыздағы конфликтіні шешуге, ол кісімен түсінісуге сіз бірнеше рет талпыныпсыз. Не себептен ол кісі мәмілеге келгісі келмейді деп ойлайсыз?

– Сосын, үшінші рет, мен ерекше құрмет тұтатын үлкен ақсақал бар – Мүсілім Дайырбеков деген, сол кісі тергеу жүріп жатқан кезде оны шақырып алып, мені шақырып алып, тағы да осы Алматыдағы бір кафеге апарып, татуластырмақ болды. Арыстанның қасында үш-төрт «охранасы» бар. «Әй, қарағым, екеуің де бір өнерде жүрген адамсыңдар. Қарағым, Тұңғышбайдан кінә бар енді… Сен министрсің ғой, қолыңда билік бар, мұның қолында билік жоқ… эмоциямен айтып қалған шығар… қойыңдар, енді, татуласыңдар, ұят болады… Тұңғышбай Жаманқұловты соттап жіберіпті деген сөз саған да жақсы емес, «сотталып кетті» деген Тұңғышбайға да жақсы емес. Сенің де артыңда сөз қалады, бұның да артында сөз қалады. «Бірін-бірі соттатып жатқан қазақ» деген сөз ұят болады… Қояйық, айналайын… алдыңа барыпты ғой, кешірім сұрап… Қазір де, міне, алдыңда отыр, ренжімесін деп отыр…» деді. Сондағы айтқаны: «жоқ… пажалыста-пажалыста… бірақ статья болады, статья болмай қоймайды…» деді де тұрып жүре берді. Яғни, көнбегені, ақсақалды тыңдамағаны. Үнсіз қалдық біз…

Барлық ақшаны шашып, төгіп, соған еге болып, қол қойып, ақшаны алып жаратқан адам – Юдина деген орыстың қызы ақталып шығайын деп отыр, мен – датталып шығайын деп отырмын. Бір қағазда қолым жоқ, бір ақшаға ешқандай қатысым жоқ, тек қана айлығымды алдым – оны мойындаймын, айлығыма сай жұмыс істедім, бармаған жер, баспаған тауым жоқ. Енді тек судьяның әділ шешімін жүрегіміз толқып күтіп отырған жағдай…

Білмеймін… Атам қазақтың сөзі бар ғой, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Осы мақал дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Түлкіні мен тазы боп шалу үшін не істеуім керек? Әлгі түлкінің аярлығына аярлық қосуым керек пе? Заманың осылай бұрылыс-бұлталаң боп тұрған кезде сол бұрылыс-бұлталаңның ішінде мен де қалуым керек пе? Әлде осы шындығымды қорғау үшін аздап өтірік айтуым керек пе? Кейде шындықты қорғау үшін өтірік те айтуға болады емес пе? Уақыты келгенде айту үшін дәл қазір мені кінәлаушылардың ығына аздап болса да жығылуым керек пе?.. Білмеймін… Онда мен өзімді өзім кешіре алмаймын… Бірақ мен бостандығымды сақтап қалуым мүмкін… Ертең халқымның алдында осы шындығымды айтуға мүмкіндік туатынын білемін – егер сондай жағдайда болсам… Егер олар талап қойса, «жарайды, егер осылай болса, мен құтыламын ба?» деп, сол талаптарын орындаймын ба? Орындамаймын ба? Талаптарын орындасам, халқым қалай түсінеді? Орындамасам, мен қай күйде боламын? Соны білмеймін…

– Адвокаттарыңыз қандай кеңес беріп отыр?

– Адвокаттар – кәдімгі адвокаттар… талайды көрген адвокаттар…

– Адвокаттарыңызға сенесіз бе? Әрбір ақпарды бүге-шігесіне дейін қопарып, тексеріп, зерттеп, сізге пайдасы тиетін кез-келген мәліметті, дәлелді толық жинап, әсірелеп айтқанда, «кинодағы адвокаттардай» жұмыс істеп жүр ме?

– Толықтай сенемін деп, жанын салып, жүрегімен жұмыс істеп жүр деп айта алмаймын. Олар қазіргі заманға сайланған адвокаттар. «Былай жасау керек» деп маған айтып жүргендер де бар… Әрине, олардың ақылы: «Сізді талатуға бермеудің жолы мынадай… артқа бір қадам жасауыңыз керек шығар…» деп айтып жүр.

– Мужиков деген тергеушінің сізден қалай жауап алғанын айттыңыз. Сол кезде адвокаттар қасыңызда болды ма? Куәгер ретінде растай ала ма? Және сол Мужиковты сот процесіне шақырта ала ма?

– Алғашқы алдын-ала ұйымдастырылған, жазып берген, оқып берген, зорлап жаздырған «мойындауды» бергенде қасымда Наратауова деген адвокат болды. Ол адвокат сотта соның бәрін дәлелдеп берді. Содан соң адвокаттар, басқалардың да адвокаттары бар, ана «мойындаған» видеоны көргеннен кейін, «Мужиковты шақырайық» деп, ходатайство берді. Бірақ сот мырза мұны қабылдамады. Мынадай уәж айтты: «Ал, жақсы, мен шақырайын. Сендер сонда сол Мужиков соның бәрін мойнына алып, «иә, мен сөйтіп едім» деп айтады деп тұрсыңдар ма?.. –  деді. – Ол үйтіп айтпайды. Одан сайын тағы пәлеге қаласыңдар… Оның не керегі бар?..» –  деп бізді тоқтатты. Біз ойланып қалдық.

Жақында интернеттен бір нәрсе оқыдым – Шәкәрімді атқан Қарасартов тарихта Қарасартов боп қалды ма? Енді оны ақтап жатқандар бар екен. Яғни, Қарасартовтың өзі атпапты-мыс, ол сол кезде ОГПУ-дың аудандық бөлімінің бастығы болғандықтан тек ату туралы үкімге қол қойған адам екен-мыс. Ол жаңағы Қарасартовтың ұрпағының ақталуы шығар… Қанша дегенмен, өз қолымен атпағанмен, бір ғана «қолымен» («подписімен», үкімімен) Шәкәрімді атып отыр…

Ал Мужиков… Бауыржан деген атты әкесі жақсы үмітпен қойған шығар. Бірақ бұл жігіттің аға сыйлау, әділдіктің ауылына қону, жүйелеу, жүйемен жұмыс істеу, сосын Елбасының айтып отырған тапсырмасын – «адамдарды бұлтартпас дәлелді жағдайда ғана тұтқындаңдар»  деген сөзінің бәрін аяқасты қылғаны анық. Қожамжаров мырзаны қабылдап отырып – ол кезде менің тергеуім жүріп жатыр – сонда оған Елбасы орысшалап айтты, қазақшасы жаңағы: «Кінә тағылған адамдардың кінәлі екендіктеріне тек бұлтартпас дәлел болғанда ғана қамаңдар…» деді. Заңда да солай. Ал менің жағдайымда бұлтартпас дәлел түгілі, тырнақтай дәлелдері жоқ, біреудің сөзі арқылы, жапқан жаласы арқылы, дәлелсіз, менің сағымды сындырып отыр… Сондықтан… тарихта Мужиков та қалады… Бауыржан інім… Бірақ енді «шаш ал дегенге бас алатындай» соншама халық жауы емеспін ғой. Болмаған нәрсені сол жаққа барып, «болмады, дәлелдей алмадым» десе, басын шауып тастар ма еді оның? Жарайды, бір жыл өспей қалар, ендігі жылы өсер еді ғой. Керек жұлдызын алар еді басқа жұмыстан да… Бұл – үркетін, шошитын үрдістер, шошитын тірліктер. Арыға кетпей, өзімен өлсін дейтін нәрселер…

– Судьяның аты-жөні кім? Ол кісі сіздердің отчеттарыңызды, жасаған жұмыс объемдарыңызды, дайындық барысында түсірген материалдарыңызды көрді ме?

– Судьяның аты – Шәкіров Тәкен Шайманович. Ол кісі соңғы отырыстардың бірінде екі сағат бойы бүкіл жасалған материалды көріп шықты. Тапжылмай отырып көрді. Жұмыс жасалғанына көзі жетті деп ойлаймын. Бір жерде бізді кінәлаушы министрліктің өкілі: «Ой, мына каскадерлардың жұмысы түк емес қой… қымбатқа жалдаған…» дегендей сөзіне: «Жоқ, Қазақстанның каскадерлары өте сапалы жұмыс істейді…» деді.

– Біздің білуімізше, Қазақстанның каскадерлары шетелдік, ресейлік, америкалық фильмдерге түседі және гонорарлары аз емес…

– Иә, соны айтып қалды, «Қазақстанның каскадерлары дүниежүзілік деңгейде жұмыс істеп жатыр» деп. Соған қарағанда олардың жұмысын жақсы білетін болса керек. Қалай болғанда да, судья біздің істеген жұмысты көрді. Профессионал кино жағынан хабары болмаса да, қанша қажыр, қанша еңбек кеткенін байқады. Бірақ төбесінде тұрған «жұдырық» жүрегіндегі әділдікке жол бермей тұр-ау деймін…

– Ауруханада жатқан кезіңізде дәрігерлер қалай қарады?

– Үш мәрте жаттым. Дәрігерлер өзінің Гиппократқа берген антын орындап, көмегін жақсы жасады. Бірақ оларға тергеудің адамдары келіп, тексеріп, «ауырып жатқаны рас па?» деп, көздерін жеткізіп кетіпті. Екінші рет ауырып жатарымда – мен «Совминнің» ауруханасында тіркеулімін – соған барып жатарымда, ол жердегілер де «тағайындалатын» адамдар ғой – «сізді жатқыза алмаймыз» деді. «Бізге де жан керек» деген сөзді айтқан жоқ, бірақ «енді жатқыза алмаймыз» деді. Сол кезде мені сол емхананың психотерапевті: «Жоқ, мына кісіде қазір депрессия, бұл кісіні «психоневрологияға» жатқызу керек» деді. Сөйтіп, сол бөлімде 15-20 күндей жаттым. Сонда менің жағдайымды естіп, Мәскеуде оқып жатқан балам: «Институттан шығамын.., кетемін, үйге барамын, папама барамын…» депті. Оны естіген мен шок боп, дірілдеп жатқанымда – екі қолымда аспалы укол – төбемде Мужиковтың жіберген тергеушісі тұрды. «Ертең тергеуге келуіңіз керек, міне шақырту, қолыңызды қойыңыз» дейді. «Шырағым, менің жағдайымды көріп тұрсың ғой, қолым дірілдеп жатыр, қалай қол қоямын?..» дедім. Төбемде дәрігер тұр, мен жатырмын… «Я офицер, аға.., я офицер… мен айтқанды орындауым керек…» дейді. «Айтып бар начальнигіңе! Мен жатырмын, тұра алмаймын! Қалай тұрамын – солай барамын!..» дедім. Сөйтіп, олардың бөлімше бастығын, мені емдеген дәрігерді шақыртып алып, оларды да тергеген! Тергеп, олар менің аурығанымның рас екенін дәлелдеп берген. Сонда, өзіме осындай жала жабылғанда, ешқандай мән бермей, қиналмай жүре беретін таспын ба мен?.. Немене?.. Ауыра алмаймын ба мен?.. Менің  ауруым сонда олар үшін өтірік боп тұр ма?.. Сонда мен қашып жүргендей жағдайдамын ба?!.

– Керісінше, әу баста сіз тергеуге өз аяғыңызбен бардыңыз емес пе?

– Өз аяғыммен, өз мәшинеммен бардым. Сонда мәшинемді де бермей қойды, 20 күндей солардың «тұтқынында» тұрып қалды. Қалтамдағы бүкіл документтерімді де алып алды. Бермей қойды. Мені кепілдікпен жіберді, бірақ мәшинемді бермеді. Нем бар, нем жоғын бәрін тексеріп қойыпты, яғни сот шешімінсіз, тіпті, тергеу басталмай жатып «дүние-мүлкімді тәркілеу» — «конфикация имущества» жасапты. Ол тізімді көргенде менің келіншегімнің көңіл-күйі бұзылып кетті, «көке, бізде түк жоқ екен ғой» деді. Бір-екі жер телімдері бар екен, оның өзі менікі емес, ағайындыкі, менің атымда болса керек. Және баяғыда алған бір мәшинем бар, «Camri», оның өзін ініме бергеніме талай жыл болған. Ал қазіргі мініп жүрген екі мәшинем – елдің маған сыйлаған, «мінгізген аттары». Яғни, менен «кәмпескелеп» алатын дым жоқ. Менің әлгі ұсталып жатқандар сияқты ұшағым, тікұшағым, кемем, Дубайда оншақты үйім, Түркияда котеджім, Еуропада виллам, қос-қостан түрлі қымбат мәшинелерім, шетелдік банктерде жатқан ақшам жоқ! Жаманқұловты «кәмпескелеп» бір қарық болып қаламыз деген әлгі тізім жасаушылардың көңілдері жаман пәс боп қалған шығар деп ойлаймын да…

Баяғыда біреудің үйіне ұры түсіпті. Түк таба алмаған соң, «так жить нельзя» деп жазып кетіпті дейді… Сол сияқты, олар да «ойбай, ағамыздың атағы дардай, жағдайы осы ма?..» деген шығар. Ал менің қазір алатын зейнетақым – 49 мың теңге. Театрда алатын айлығым – 89 мың теңге. Өмір бақи осы айлықпен келе жатқан және өмір бақи осыған қанағат тұтып келе жатқан адаммын. Ал Театр қайраткерлері одағына мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбейді, тек шығармашылық одақ. Демеушілердің көмегімен жылына «Еңлікгүлді» өткіземін.

– Биыл «Еңлікгүлді» өткізуге театрларды бермегенін айттыңыз. Басқа жерде өткізуге болмас па еді? Ол жағын ойламадыңыз ба?

– Ойлап қойдым. Мына «шудан» аман-есен құтылып алсам, «Еңлікгүлді» өткіземін деген ойым бар. Бұрынғы демеуші болып жүрген жігіттерге айтамын, «маған сүйіншіге «Еңлікгүлді» өткізуге демеуші бол» деп барамын, олар қолдайды деген үмітім бар. Табамын, қолдайтын жігіттер табылады…

–  Әуелі алла, сосын сот мырзаға құдай әділдік берсін деп тілейік…

– Сот та менің жағдайымды түсініп отырғанын біліп отырмын. Бірақ мен жас бала емеспін ғой. Сотқа да жоғарыдан «дүмпулер» болып жатқан шығар. Сол құрсаудан құтылудың амалын таба алмай, ол кісі де жүрегі ауырып, күйзеліп жүрген шығар деп… оны да ойлаймын… Бірі кем дүние… Не істеймін? Көзсіз батырлық жасап, көкірегімді амбразураға төсеп, Матросов сияқты оққа құлаудың қазір жөні бар ма? Егер мен солай мерт болсам… халықтың аты – халық… оның бір аты – тобыр… бүгін шырылдап, мен үшін «ойбой… ойбой…» дейді, бір жылдан кейін ұмытады… Кетті ғой талайы ұмытылып… Не істеу керек? Қандай «тазы» болу керек қазіргі «түлкі» заманда? Осы ойда быт-шыт боп жүрген жайым бар…

Төбеде бір алла бар. Бәрін көріп тұр. Бірақ алла асықпайды… Мен асығамын… менің өмірім мәңгі емес. Жасым бір жылдан кейін 70-ке келеді. Енді қанша жыл өмірім қалды? Алла біледі оны да. Алланың маған беретін шындығы ертең келе ме, келесі жылы келе ме, оның арғы жылы келе ме… жоқ әлде мен бұл өмірден өткеннен кейін келе ме – оны мен білмеймін. Бірақ алланың асықпайтынын білемін. «Асықса екен» деген пендешілік арманым бар, «бүгін қолдаса екен мені» деп… бірақ ол болмайды ғой…

Мұхтар Шахановтың бір өлеңі бар:

«Жата бермес шындық-ит босағада,

Тура қара, көзіңді тасалама!..» дейді.

Мен халқымның алдында шындық үшін көзімді тасаламай, тура қарайтын жағдайдамын, аллаға шүкір! Мені осындай етіп жаратқанына шүкіршілік етемін. Мені осындай етіп тапқан анама да шүкіршілік етемін. Халқымның бетіне тура қарай аламын. Көзімді тасаламаймын, кірпігімді де түсірмеймін! Мен ақпын халқымның алдында. Өнерімнің алдында ақпын. Ұлтымның алдында ақпын. Заманым мен кезеңімнің алдында да ақпын! Заңның алдында да ақпын!

– 70 жыл қара деп келген дүние – ақ болды, ақ деп келгеніміз – қара болды… Бүгін қара дегеніміз – ертең ақ болады…

– Ол ертең… Ертеңіме сенгім келеді. Кешегілердің бәрі бүгін ақталып жатыр, табылып жатыр. Кешегі қателіктер – бүгін дұрыс істер болып жатыр. Кешегі дұрыстарымыз – бүгін бұрыс болып жатыр. Аумалы-төкпелі заман. Аумалы-төкпелі заманның «шынжыр балағының» астында қалғым келмейді… «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген жаман мақал бар қазақта. Өлі арыстан болу да жақсы нәрсе емес, әрине. Бірақ тірі тышқан болғанның несі жақсы?.. Құдай біледі… және мені түсініп отырған сот мырза біледі… Әлгі жоғарыдан келетін тегеурінге шыдас беретіндей алла тағалам оған да күш берсе екен деп тілеймін!.. Өйткені мені кінәлайтын бірде-бір дәлел жоқ!..

 – «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді» деген сөз бар ғой, аға. «Ер жігіт бүгін малды, ертең малсыз» дейді… қандай жағдай болса да, тіпті, басыңызға іс түсіп жатса да, ешқашан сынбаңыз. Дәл осы мінезіңіз жоғалмасын. Бүгін болмаса, ертең – түптің түбінде шындық жеңеді. Соған сенейік, содан үміттенейік. Біздің тек алладан тілек тілеуге, дұға жасауға ғана күшіміз жетеді.

– Рахмет! Алла күш берсін!

–  Алла сізге де қуат берсін! Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» деген шағын ғана әңгімесі бар. «Фэникс құстың күлі болғай едік…» деп аяқталады. Сіздің «Фэниксіңіз» де – фэникс құстың күліндей –  қайта тірілсін деп тілейміз!..

Сұхбаттасқан Сәуле Әбединова

Сұхбат 2 мамыр күні таспаға түсірілді, 8 мамыр күні 1-бөлімі, бүгін, 18 мамыр күні 2-бөлімі жарияланды.

P.S. Осы сұхбатқа қатысты Тұңғышбай Жаманқұловқа айтар уәжі не берер жауабы бар кім-кімді де тыңдауға және бір сөзін өзгертпей, қаз-қалпында жариялауға әзірміз.

 *Суреттер ғаламтордан алынды.

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

8 пікір

  1. Жазира ибраева :

    Ел алдында журген агаларымыздын, бир-биримен бир мамлеге келе алмауы кынжылтады. Тунгышбай аганын онердегы енбегин багалаймын. Жазыксыз екенине сенемин. Аганы колдаймын!!!

  2. Әлпеш :

    …айналайын Қазағым, масқара ғой.., жеткен жеріміз осы ма??? Ағамыздың еңбегі қайда қалды???

  3. Серікқазы :

    Бұл сұхбатты оқымай тұрып та Тұңғышбай ағаның таза екеніне сенетінмін. Мына материалды оқығаннан кейін тіптен көзім жетті. Бәрібір ӘДІЛДІК жеңеді.

  4. Перизат :

    3 рет окып шыктым басынан аягына дейн.Әділік деген қайда?! Тұңғышбай ағамызды қолдаймыз

  5. Жайна :

    Шындыкты айтып шыр-пыр болганы макаладан сезиледи. Мен онер адамы да емеспин, жай окырманмын. Катты кулазып, конилим калып, бугинги когам бет-пердеси тагы далелдей тускендей. Тунгышбай ага, жабыркаманызшы… Сизди сырттай онер адамы ретинде гана танимын, жаным шыркырап жылап алдым.

  6. Kelchoolo :

    Comprare Cialis Germania buy viagra online Productos Con Finasteride Comprar Propecia

  7. pay day one
    online payday loans
    small personal loans online

  8. levitra prix discount
    buy levitra online
    viagra cialis levitra buy online

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 4 = 12

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>