Өнер КЫЛЫЧ, түрік режиссері: Яссауи, Қорқыт ата, Көроғлы жайлы фильмдер түсірсек дейміз…

25635162_10156072637216738_1114103518_oАлматыда 23-27 желтоқсан аралығында «Түрік фильмдерінің апталығы» өтеді. Апталық аясында қазақстандық көрермендер «Айла», «Күйеуің сияқты айт», «Тау», «Дүниенің ең ғажап иісі», «Көртышқандар»  фильмдерін тамашалай алады. Түркиядан Қазақстанға қонаққа келе жатқан кино мамандары, режиссерлер мен актерлер де бар. Қазақ-Түрік ынтымақтастығын нығайту мақсатында жүзеге асырылғалы жатқан апталықтың ұйымдастырушыларының бірі Өнер Кылычпен аз-маз әңгімелескен едік.

– Өнер Кылыч мырза, Қазақстанға қош келдіңіз!

– Қош көрдік.

– Рұқсат етсеңіз, «Түрік фильмдерінің апталығын» ұйымдастырушы ретінде сізге бір-екі сауалым бар еді…

– Мархабат.

Өзіңіздің мамандығыңыз режиссер екен. Қандай фильмдер түсірдіңіз?23915545_10155986855206738_586221305153894641_n

– Иә, режиссермін. Мен көбінесе деректі фильмдер түсіремін. Сельчук заманын, Анадолы тарихын түсірдім. Соңғы дайындап жатқан фильмім Қорқыт ата жайында. Әсіресе, Қорқыт атаның жүрген жерлерін, қайда өмір сүргенін басты нысана етіп алдым. Қорқыт атаны әзірбайжандықтар – Әзібайжанда, түріктер – Түркияда, қазақтар – Қазақстанда өмір сүрген дейді. Менің ойымша Қорқыт атаның табаны тиген жердің бәрі – оның мекені. Ол фильмді әзірбайжандықтармен бірге бірлесіп атқарып жатқан жайымыз бар. Қырғыз халқымен бірігіп Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіне» фильм түсіріп жатырмыз.

Ал қазақ киногерлерімен қандай байланыстарыңыз бар?

– Сол қазақ ағайындарымызбен, түбіміз  бір тел болғаннан кейін танысып, араласып тұрайық, шығармашылық байланыста болайық деген мақсатта осындай апталықтарды ұйымдастырып жүрміз.  Режиссерлермен, актерлермен енді-енді танысып жатырмыз,  әлі де таныспақ ниеттеміз. Осыған дейін «Анаға апарар жол», «Жаужүрек мың бала»  деген киноларыңызды көрдім. Өкінішке қарай, ол фильмдерді түсірген режиссерлерді білмейді екенмін. Ұнады.

Әртүрлі елдерге, қалаларға фестивальдерге барып тұрамын, сонда сол қалалардағы театрлармен танысқанды құп көремін. Былтыр Астанадағы «Жастар театрына» барып, театр репертуарындағы «Нартәуекел» қойылымын көрдім.  Өте талантты актерлеріңіз бар екен. Солардың бірі – Әділ Ахметов. Кейін ол актерді «Анаға апарар жол» фильмінен көрдім. Айтып отырғанымдай, соңғы кездері қазақ киноларына, қазақ актерлеріне назар аудара бастадым. Өнерлі жандар өте көп. Бізде де өнерлілер бар. Біздер мен сіздердің режиссерлер мен сценарийшілері, актерлері бірігіп жұмыс істесе, керемет фильмдер шығарсақ деген ойымыз бар. Байқағаным, қазақтар киноларын көп жарнамаламайды. Біз түрік фильмдерінің апталығын біраз елдерде өткізіп жүрміз, сол сияқты Қазақстанда да жиі ұйымдастырсақ деген тілегім бар. Түріктер әзірбайжандармен, қырғыздармен бірігіп бірнеше кинолар түсірді, болашақта да бірнеше жобаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Сол сияқты, егер жұмыс істеуге құлықты жандар болса, қазақтармен де бірігіп кино түсірсек дейміз.

– Қазақ режиссерлерінен кімдерді білесіз, қандай фильмдерін көрдіңіз? Қазақтармен бірігіп қандай жоба жасау ойыңызда бар?

– Ермек Тұрсыновтың «Келін», «Шал» фильмдерін көрдім. Ермекті осыдан екі ай бұрын Түркияда көргенмін. «Сұлтан Бейбарыс» туралы фильм ойында жүргенін айтты. Өте керемет идея. Түрік режиссерлермен бірігіп түсіріп жатса қуанар едік.

Бұрынғы бір киноларыңызды көрдім. Алайда, атын ұмытып тұрмын. Кеңес одағы кезіндегі Қазақстанның орыс өкіметіне қарсы күресін көрсеткен фильм болатын.

Сосын бір-екі жылдан бері қазақ жазушыларының шығармаларын оқи бастадым. Төлен Әбдіковтың бірнеше шығармаларын оқыдым. Шыңғыс Айтматовтың жазбаларына ұқсайды екен. Яғни, оның әңгімелерінен де фильм түсіруге болады. Түрік сценарийшілері қазақ жазушыларын тану керек. Сол үшін осындай шығармалар түрік тіліне аударылса керемет болар еді. Төлен Әбдіковтың кітабын оқып, осындай ойға келдім. Ол автордың әңгімелерінен әлемдік кинолар жасауға болады. Өзіне де айтқан едім. Қарсы болған жоқ, сәтіне қарай көрерсіңдер деді.

  Апталық жайлы толығырақ айтсаңыз… Қателеспесем, бұрын да өткізген сияқты едіңіздер?..

25399080_733187806877050_4021361250141244312_n– Естеріңізде болса, бұл апталықты үшінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бірінші рет Алматыда, сосын Астанада өткізіп едік, енді міне, тағы да Алматыда өткізудің ораы келді. Сондықтан бұл апталық қазақстандықтарға таңсық емес деп ойлаймын. Себебі, қазақстандықтар Түркия елінің киноларын біледі, сериалдарын біледі. Бұдан да артық, жақын танысса деген ой ғой. Ортақ мәдениетіміз, тарихымыз, ортақ сеніміміз, мақсаттарымыз бар. Арамыздағы ортақ нәрселерді одан сайын жақындатуымыз керек. Қожа Ахмет Яссауи секілді ортақ тұлғаларымыз бар. Ол қазақтың не түріктің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тұлғасы. Қазіргі болып жатқан террорлық әрекеттерді, әлемдегі қарама-қайшылықтармен күресу үшін осы Қожа Ахмет Яссауи  хикметтерінен үлгі алу керек. Өйткені оның жазбалары әлемде бейбітшілік, тыныштық, адамдардың бір-біріне деген сыйластығын насихаттайды. Әлемде бейбітшілік, тыныштық, мейірімділік секілді қасиеттерді көрсету үшін фильмдер түсірілсе дейсің. Оны кім түсірсе де маңыздылығы жоқ. Маңыздысы – бүкіл түркі әлеміне ортақ фильмдердің дүниеге келуі. Көроғлы, Қорқыт ата секілді қаҺармандарымыз бар. 500 жыл өмір сүрді делінетін, адамдарға үлгі болып, жол көрсетіп отыратын Гамзот деген кейіпкері бар «Властелин колец» деген шетелдік туынды естеріңізде ме? Сол сияқты дүниелер керек. Қорқыт атамыз 295 жыл өмір сүрді делінеді. Қорқыт ата – түркі мәдениетінің символы. Сондай кейіпкерлеріміз барда, тарихымыз барда, бізге көп кинолар түсіру керек.  Бұл фильм апталығының мақсаты да осы. Бір жерге жиналып туындылар шығарсақ, әр мемлекет төлейтін қаржысын ортаға шығарса деген ой. Ортақ фильмдер түсіріп, бүкіл әлемге түркі әлемінің бейбіт халық екенін паш етсек, сеніміміз бен ұстанымдарымызды өзгелер де көрсе, білсе деген оймен ұйымдастырып жүрміз.

– Қазақстан жайлы, қазақ елі жайлы тағы айтарыңыз бар ма?

– Біз Анадолыда, сіздер осы топырақта – Атажұртта болсаңыздар да, түбіміз бір, тарихымыз бір елміз. Бірнеше жыл бөлек қалғанымыз үшін тілімізді түсінбеуіміз мүмкін.  Ол ешқандай да мәселе емес. Арадағы байланыстарымыз қайтадан орнаса, ешқандай айырмашылық қалмайды. Әлі есімде, Алматыға алғаш келгенімде сұхбат бергенімде де айтқанмын: «Қаншасыншы рет келіп отырсам да, рухани жаным бес мың жылдан бері осында».

Сізге үлкен рахмет! Апталық сәтті өтсін!

 

Әңгімелескен

Эльенора ӘМІР

 25589835_10156072637166738_552835178_n

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 1 = 4