Абзал Құспан, адвокат: «Тәні қамауда болса да, ойы ғаламды шарлап жүр…»

02Осы жұрт Саят Ыбырайды біле ме екен?..

Білгенде қандай!..

Саят Ыбырайды Қазақстан деген мемлекетті құраушы қазақ деген ұлт қана емес, механика саласында шетелдік белгілі ғалымдар жақсы біледі…

2000-шы жылдары халыққа «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Ақиқат сыйы» бағдарламасы арқылы танылған Саят Ыбырайдың жай ғана дайын мәтінді суфлерден оқып бере салатын «жүргізуші» емес, терең ойлайтын, шебер жазатын, тақырыпты жан-жақты зерттейтін білімді де білікті маман екенін сол арнада қызмет ете жүріп көзімізбен көрдік. Кейіннен өзіміз күнде көріп жүрген Саят Ыбырайдың механика және машина жасау саласын терең білетін әлемдік деңгейдегі бес-алты ғалымның бірі екенін естігенде, ол кісінің қарапайымдылығына сырттай сүйсіндік…

Саят Мұратұлы Ыбыраев – механика және машина жасау саласында халықаралық 5 патенттің иегері, 5 ғылыми монографияның, 60-тан астам ғылыми зерттеулердің авторы екенін.., әдебиет пен мәдениетті терең білетін, бес жасынан Абайды жаттап өскен абайтанушы екенін.., еліне адал, ата-анасына қайырымды перзент, отбасына мейірімді, өнегелі әке, сүйікті жар екенін сіз бен біз білеміз-ау… Бұл мемлекеттің билігі – Қазақстан үкіметі білмейтіні, білгісі келмейтіні өкінішті…

Білсе, бергенінен берері мол сондай ғалымын Қазақстан билігі түрмеге жабар ма еді?!. Тірі жәндікке қиянат жасай алмайтын, ішкі-сыртқы мәдениеті өте жоғары, шуағы жүзінен төгіліп тұратын сондай адамды 12 жылға соттағанда жүрегіміз қан жылады. Жарайды делік, ол кезде Саят Ыбырайдың «отырғаны» біреулерге керек болған шығар… Одан бері 8 жыл өтті, жазасын жеңілдетудің ешқандай жолы жоқ па? Алты адамды қаққан үсеновтер, бала зорлаған асановтар, елді тонаған хасановтар бостандықта шалқып жүргенде, жар дегенде жалғыз әлемдік деңгейдегі ғалымымызды түрмеге отырғызғанымыз мемлекетімізге, елдігімізге, Елбасымызға сын емес пе?..

Жақында Саят Ыбырайдың қорғаушысы, Қазақстан адвокаттар кеңесінің мүшесі Абзал Құспан мырзамен осы сауалдар төңірегінде аз-кем сұхбаттасқан едік…

 

саят3-550x300Саят Ыбырай деген әлемдік деңгейдегі ғалым Қазақстанға керек пе?

– Керек болғанда қандай!

–Ендеше неге сондай біртуар ғалымымызды, жалғызымызды, «тәңірқұтын» түрмеге жауып, әлем алдында масқара болып отырмыз?

– Ол рас. Бұл біз үшін өте ұят жағдай. Қазақстанда Саят Ыбырайдың деңгейіндегі ғалымдар, ғылымға бергенінен берері көп даралар саусақпен санарлық. Мысалы, Қазақстандағы шоқтығы биік ғалымдардың қатарында марқұм Өмірбек Жолдасбековті атамай өте алмаймыз. Сол кісінің 1992 жылы берген сұхбаты бар, «кейінгі өсіп келе жатқан, болашағынан мол үміт күттірер жас ғалымдардың қатарында кімдерді атар едіңіз?» деген журналист сұрағына ол кісі бірден Саят Ыбырайдың атын атайды. Атын атап қана қоймай, сұңғыла ұстаз, көп білетін ғалым Өмірбек Жолдасбеков Саят Ыбырайды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Ол газеттің қиындысы бізде бар. Ол кезде Саят ағамыз небәрі 26 жаста екен. Көп ұзамай Өмірбек Жолдасбеков қайтыс болып кетеді де, бұл мәселе сол күйі қозғалмай қалады…

Мен Өмірбек Жолдасбековті не үшін айтып отырмын? Ол кісі ғалымдар арасында да, билік пен халық алдында да өте беделді, атына дақ түспеген адам ғой. Қазақ ғылымына қосқан үлесіне, ешкімге бұра тартпайтын адалдығына күмән жоқ тұлға. Саят Ыбырай ол кісіге туыс та емес, туған да емес. Нағыз ұстаз – нағыз шәкіртін ғана емес, нағыз ғалым – нағыз ғалымды танып-білгендіктен, болашағынан мол үміт күткендіктен, жап-жас жігіттің өз саласында ашқан жаңалығын мойындағандықтан сондай үлкен атаққа ұсынғанына дау жоқ…

– Саят ағаның өмірі туралы айтып беріңізші…

– Ол кісі 1966 жылы туған. Алматыдағы №12 орта мектепте 7 сыныпқа дейін оқып, содан соң Республикалық физика-математика мектебіне қабылданады. Оны алтын белгіге бітіреді де, кеңес кезіндегі ең беделді жоғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетіне (әйгілі МГУ) түсіп, механика факультетін қызыл дипломмен бітіріп шығады. Әкесі Мұрат ақсақалдың айтуынша, бала Саят бес жасынан бастап Абайдың бүкіл өлеңдерін жатқа соғатын болыпты. Алматының қақ ортасында тұрса да, Мұрат ақсақал баласын сол кездегі жалғыз қазақ мектебінде оқытыпты. МГУ-ді бітіре салып, аз ғана уақыттың ішінде ғылыми диссертацияларын жазып, техника ғылымдарының кандидаты, іле-шала техника ғылымдарының докторы атағын қорғайды. Саят ағаның түрмеде отырып айтқан бір сөзі ойымнан шықпайды, «басқаны былай қойғанда, мені ол кезде Мәскеудің еврейлерінің өзі түсінбейтін…» деп еді. Ол кезде механика-математика саласында еврейлер өте көп болды ғой… Сол кездің өзінде, институт бітірер-бітірместен Саят аға «робототехника» деген мәселені көтереді. Сол идеяны айтқанда қасындағылардың бәрі күледі: «Робототехника деген – мектептегі үйірмелерге, балалардың ермегіне лайық дүние, оның ғылымға, өндіріске қосатын ешқандай пайдасы болмайды…» дейді. Ал қазіргі заманда біз кері көрініске куә болып отырмыз. Робототехника өндірістің барлық саласына дендеп енді десек, артық айтқандық емес. Бұл салада Жапонияның қаншалықты жетістікке жеткенін, өркен жайып дамығанын көзімізбен көріп отырмыз…

971F89BE-2845-4AC7-BF46-FB40CAAA901E_cx7_cy0_cw88_w1023_r1_s– Ол кісі идеясы үшін күреспеген бе? Жасаған дүниелері бар шығар? 

– Күрескенде қандай! Түрмеге отырғанға дейінгі еңбектері өз алдына, түрмеге қамалғаннан кейін де ол кісі екі робот құрастырып шығарды, үш кітап жазды…

Осы жерде біз тағы да Өмірбек Жолдасбековтің есіміне тап боламыз. Қалай дейсіз ғой? Оны қазір түсіндіремін…

2010 жылы 1 қазан күні Саят Ыбырай тұтқындалды, одан кейін соттың айыптау үкімі шықты. Бастапқыда Алматыда тергеу изоляторында болса, үкім шыққалы бері Семейдің қатаң режимдегі колониясында отыр. Ондай колонияда отырған адамдардың 99 пайызы кісі өлтірген қанішерлер, зорлық қылғандар… Ал біз әлемдік деңгейдегі ғалымымызды сол қанішерлермен теңестіріп, солар отырған түрмеге қамап қойдық. Саят Ыбырай туралы Асқар Жұмаділдаев ағамыздан бастап, осы саланың қаншама білгірлері жақсы пікірлер айтты, ол кісінің еңбегін жоғары бағалады. Бәрібір ешкім құлақ асқан жоқ… Жарайды, болар іс болды делік. Бұл – мен ол үкіммен келіседі деген сөз емес. Іске басынан аяғына дейін қатысқан адвокат ретінде мұндай үкіммен келіспегенім, келіспейтінім айдан анық.

Мен ол кісінің түрмедегі жағдайын айтқым келеді. Бұрынғы кеңес өкіметінде колониялардың бәрі «ИТК – исправительно-трудовая колония» деп аталғанын білесіздер, яғни «еңбекпен түзеу колониясы». «Адамды адам қылған – еңбек» деген Дарвин теориясын алға тартып, «бұзылған қылмыскерлерді еңбекпен түзейміз» деген желеумен, қара жұмысқа жеккен жағдайлар өте көп болды. Мысалы, БАМ-ды алыңыз, бастан-аяқ сотталғандардың күшімен салынды… Сібірге айдалғандардың бәрі ағаш кесті… Яғни, түрмедегілерді «еңбекпен түзеу» теориясына негізделген кеңестік тәртіп әлі күнге дейін бар. Қазір «ИТК» деп аталмаса да, «Қылмыстық-атқару кодексінде» «қылмыскерді жұмыспен қамту» деген баптар көрініс тапқан. Мысалы, Саят Ыбырайдың кім екенін білмейтін түрме басшылығы «еңбекпен қамтимыз» деп, маңдайы жарқыраған ғалымды еден сыпыртуға, т.б. лайықсыз жұмыстарға жеккісі келмек ойлары болды. Біз қайта-қайта барып жүріп, қайта-қайта қағаз жазып жүріп, «еден жуу үшін, аула сыпыру үшін техника ғылымдарының докторы, профессор болу шарт емес» екенін дәлелдедік. Саят Ыбырайға өзінің мамандығына, біліміне, атағына лайық жұмыс тауып беру үшін күрестік. Бізге үлкен қиындық тудырған – кезінде Саят Ыбыраймен замандас, аралас-құралас болған бірталай фирма басшыларына өтініш айтып барғанымызда, бәрі де түрмедегі адамға жұмыс тауып беруден бас тартты. Бүкіл Алматыдан бір-ақ адам бізге келісім берді. Ол – Механика және машинатану институтының директоры Скандарбек Жолдасбеков. Жаңағы айтқан Өмірбек Жолдасбековтің жалғыз ұлы болатын. Өкінішке қарай, былтыр Скандарбек Жолдасбеков те қайтыс боп кетті… Сол кісі түрмеде отырған ғалым Саят Ыбырайға «тапсырыс беруші» ретінде жұмыспен қамтамасыз етуге келісті. Сол жолы біз үшжақты келісімге қол жеткіздік: бірінші тараптан – Механика және машинатану институты, екінші тараптан – Семей колониясы және үшінші тараптан – Саят Ыбырай үшжақты келісімшартқа қол қойды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында осындай жағдайда жасалған алғашқы және әзірге жалғыз келісімшарт еді. Сол құжатқа сәйкес, түрменің ішінен бір бөлмені өзіміз жөндеп, Саят ағаның жұмыс жасауына жағдай туғыздық. Нәтижесінде Саят аға бүгінде үш бірдей ғылыми еңбек жазып шығарды. Оның екеуі таза ғылыми монография: «Аппоксимационный синтез рычажных механизмов: Методы и численная реализация» (Алматы, 2014 – 304 бет), «Динамический синтез и оптимизация привода рычажных механизмов» (Алматы, 2014 – 356 бет). Үшіншісі қазақ балаларының ғылымға деген қызығушылығын ояту мақсатында «Ақылсыз болса — ғылым тұл» кітабы. Одан бөлек, екі робот құрастырып шығарды, сызбаларын, схемасын түгел өзі сызып беріп, беті құдайға қараған бір-екі жас ғалымдардың көмегімен Саят ағаның идеясы жүзеге асып жатыр.

Осыдан кейін өзіңіз ойлаңыз, Саят Ыбырайдай ғалым ағамыз бостандыққа шығар болса, Қазақстан ғылымының дамуына қандай үлес қосар еді!.. Ол кісінің жасы небәрі 51-де, яғни әлі ғылымға бергенінен берері мол, нағыз пісіп-жетілген, дер шағында. Әлемдік деңгейдегі саусақпен санарлық ғалымдардың бірі – біздің Саят Ыбырай! Бұл дегеніңіз мемлекет үшін, халық үшін зор абырой емес пе! Түрмеде отырып осындай ұшан-теңіз еңбек атқарған Саят аға бостандыққа шығар болса, тіпті, қаншама жаңалық дүниеге келер еді…

Книга1– Бір кездері еврейлер күлген Саят ағаның «робототехника» туралы идеясы өзгелер тарапынан жүзеге асып, бүгінде бүкіл әлем сол техникаға тәуілді емес пе? 

– Дәл солай. Саят ағаның айтуынша, бүгінгі таңда «робототехника» саласында қара үзіп алға озып кеткен елдер – Германия мен Жапония дейтін болсақ, жалпы, осы салада көп жетістіктерге жеткен өзге де батыс елдерінің бәрі де «робототехника» саласында механика заңдылығын дұрыс білмейді екен. Механика заңдылығы кезінде КСРО аумағында өте жақсы, терең, жан-жақты оқытылған көрінеді. Мен бұл саланың маманы емеспін, дегенмен, менің түсінгенім – «робототехникасы» дамыған елдер негізінен электроникаға күш салады да, нәтижесінде, мысалы, соңғы Марсқа қондырылған аппарат межелі жерге жеткенде тартылыс күшінің жоқтығынан жұмыс істемей қалды. Ал егер механика заңдылығын қолданған жағдайда дәл сол құрылғыны дұрыс жұмыс істетуге болар еді… Саят ағаның идеялары жүзеге асатын болса, осы салада әлемдік деңгейде көптеген жаңалықтар ашуға болар еді, үлкен жетістіктерге де жетуге болар еді. Қазақстанда «робототехника» өндірісін іске қосуға болар еді…

Бес бірдей халықаралық патенттің иесі Саят Ыбырай түрмеде отырса да, әлі күнге дейін сол еңбектерін шет елдерге бермей отырған ғалым. «Өз елімнің қажетіне жаратамын.., Қазақстанда ғана жүзеге асырамын…» деп отыр. Ол кісінің патриоттығында шек жоқ… Басқа біреу болса, баяғыда патенттерін қомақты қаржыға сатып жіберген болар еді…

– Демек, ол кісінің идеяларына қызығып, патенттерін сұрап жатқан елдер бар болғаны ғой?

– Әрине. Саят ағаның патентін ғана емес, өзін де сұраған елдер көп. Германия, Канада, АҚШ, Бельгия, Ресей т.б. елдерден арнайы хат келген, «бізге ғалымдарыңызды берсеңіздер» деген мазмұндағы хаттар. Өйткені, сотталу деген – адамды қоғамнан оқшаулау. «Изоляция от общество» дейді. Ол адамды сен түрмеге қамап оқшауладың ба, әлде оны шетелдіктер алып кете ме, бөгдеғаламшарлықтар алып кете ме – бәрібір емес пе, айырмашылығы жоқ – қазақстандық қоғамнан оқшауланады ғой… Бірақ біздің үкімет ондай ұсыныстармен де келіспеген… Тарихта «жауыз, қанішер Сталин» деген атпен қалған Сталинның өзі «естественная наука» саласындағы ғалымдарға тиіспеген, керісінше, оларға жағдай жасап, ел үшін жұмыс істеткен…

– Түрме деген кез-келген адамды сындыратын, денсаулығына зардабын тигізетін жер ғой… Оның үстіне, қатаң режимдегі түрме… Саят ағаның көңіл-күйі, денсаулығы қалай? Депрессия, түңілу, мына қоғамнан жеріну байқала ма?

– Жоқ, ол кісіден депрессия, түңілу, жеріну мүлде көрмейсіз. Денсаулығы жақсы. Мен 8 жылдан бері Саят ағаның артынан жиі барып жүрмін. Сонда әр барған сайын байқайтыным – күлімдеп, жайдары күйде қарсы алады. Әдетте кірер кезде көңіл күйім бұзылып барамын. Мысалы, кірер кезде бірнеше тексеруден өтемін, бірнеше есікке кіремін, әуелі рұқсат қағаз алып басшылыққа кіремін.., отрядник деген болады, отряд деген болады, отряд басшылары болады.., сонда міндетті түрде соларға айтамын, «сендер қандай адам отырғанын білесіңдер ме, әлемдік ғалым отыр.., қараңыздар, көріңіздер ол кісі қандай екенін…» деп. Сондай диалогтардан көңілім құлазып, кейде күйініп, түңіліп, кейде қабағым түйіліп кіремін. Сондай кездерде Саят аға қас-қабағымнан бірден танып қояды да, менің бар «негативімді» тарқатып жібереді. Бірде мынадай жағдай болды. Бір «шала қазақ» отряд бастығы екен, «тут одни уголовники» деп мұрнын шүйіреді. Ал сонымен айғайласып кетейін… Сөйтіп алқынып тұрғанымда ар жақтан Саят ағаны алып келді. Ол кісі бетіме бір қарады да, бәрін ұғып қойды. Амандық-саулықтан соң әңгімесін айтып отыр.

— Осы менің сендерге жаным ашиды, — дейді.Мен түсінбей қалдым.

— Неге? — деймін.

— Сендер ана жақта ойлайсыңдар, бостандықта жүрміз деп. Шын мәнінде бәрі керісінше, — дейді.

— Қалай керісінше? — деп аңтарыла сұраймын.

— Сендердің не істейтіндеріңді мен білемін. Таңертең ұйқыдан көздеріңді тырнап ашқаннан бастап, бастарыңда неше түрлі әңкі-тәңкі ой, таңертең шыққаннан шабасыңдар, сол шапқаннан шауып жүріп, кешкісін сүрініп-қабынып кеп құлайсыңдар… ертесіне.., оның ертесіне… жыл он екі ай сол өмір жалғасады. Күнделікті өмірлерің мәнсіз, мағынасыз, сүреңсіз өтіп жатыр. Өмір туралы, өмірдің мәні туралы ойлануға уақыттарың жоқ. Осы тұрғыдан алғанда сендердің ойларың тұтқында. Ал біздің бұл тұрғыдан жағдайымыз жақсы. Біздің тәніміз қамауда болғанымен, ойлануға мұршамыз да, уақытымыз да жетеді. Біздің ойымыз әлдеқайда еркін, ғаламды шарлап жүреді… — дейді.

Сөйтіп, жаңа ғана қабағымды түйген келеңсіз жағдайды ұмыттырды да жіберді. Ойлап қарасам, ол кісі рас айтып отыр, ол кісінің тәні қамауда болғанымен, ойы ғаламды шарлап жүр… Осындай жағдай талай рет болды. Өзімнің айтамын деп келген, жазамын деп келген талай дүниелерімді, негізгі жұмысымды ұмытып, Саят ағаның небір тақырыпта – философиялық, ғылыми, әдеби, мәдени.., Абай, Толстой т.б. тақырыптарда лекцияларын тыңдап, рахаттанып шыққан кездерім болды. Шыққан соң есіме түседі де, өз-өзіме ұрсамын, «мен сонау Оралдан не үшін келдім?!. Сонша жерден келіп тұрып, өзімнің айтатын шаруаларымды ұмытып кеткенім қалай?..» деп. Оралдан тікелей рейс те жоқ, Астана арқылы немесе Алматы арқылы барамын.

Саят аға қаншама қорлық көрсе де, оның бәрін «солай болуға тиісті нәрсе» деп қабылдайды. Анадай жағдайда отырып, ол кісіде «негатив» деген болмайды. Ең бастысы, елге жаманат келтірмеу туралы көп айтады. Біз, мысалы, халықаралық ұйымдарға шағымданайық дедік. Оған келіспеді. Бір жылдары оппозициялық ұйымдарға жақындағымыз келген кездер де болды. Оның бәріне тыйым салды. Елі ол кісіні соттап, осындай жағдайға жеткізіп отырса да, ол кісінің бар мақсаты – елге жаманат келтірмеу. Бізді сабырлылыққа шақырады, бізді патриотизмге үйретеді, елге деген, халыққа деген жанашырлыққа үйретеді. «Не деген ерік-жігер, не деген күш бұл кісінің бойында?!.» деп таңғаламын.

Сонымен қоса, Саят аға өзінің барлық еңбектерін тек Қазақстанның ғана ғылымына пайдаланғысы келеді. Қазіргі жасап қойған робототехникаларының бір-бір нұсқасы бар. Біздің үкімет сол идеялардың жүзеге асуын қамтамасыз етсе, Қазақстан робототехника саласында бірнеше қадам алға басар еді.

Книга2– Ол роботтар қай салаға арнап жасалған, қандай міндеттер атқарады?

– Менің білуімше, біреуі теміржол саласына арналған. «Шагающий робот» дейді. Өзінің айтуынша, ол таза механика заңдылығына бағынған. Электрониканы көп қажет етпейді. Ол тек теміржолға ғана емес, сонымен қатар әртүрлі «труднодоступный» жерлерге сол «шагающий робот» жүреді. Яғни, кез-келген шетелге, әлемге мақтанышпен ұялмай ұсына алатын, дайын роботтар. Біле білсеңіздер, Саят Ыбырай Гумбольдт қорының сыйлығын алған санаулы математиктер қатарындағы әлемдік стипендиат. Гумбольдт – әлем бойынша ең үздік математиктерге берілетін стипендия. Саят Ыбырай Германияда бірнеше жыл тұрып, осы салада еңбек еткен. Яғни, ол Германия, Жапония елдерінің техникасының жасалу жолдарын көзімен көріп, нақты тәжірибеден өткен, қыр-сырын білетін адам. Ол кісі жай ғана теоретик емес, практик ғалым. Сондықтан Саят Ыбырай бостандыққа шықса, Қазақстанға пайдасы зор болмақ.

– Және де ол кісі бірнеше тілді біледі ғой?..

– Иә, әрине. Неміс тілін екі айда үйренген, Германияда ғылыми ортада жүрген ғалым. Ағылшын тілін де жақсы біледі десек, қателесе қоймаспыз. Қазақ, орыс тілдерін өте жетік білетіні айтпаса да түсінікті. Кеңестік кездегі қазағы аз, орысы көп Алматыда туып-өссе де, қазақ тілімен бірге, қазақ мәдениетін, қазақ дүниетанымын өте жетік меңгерген.

– Қарт ата-анасы барын, отбасы барын білеміз… Ол кісілердің халдері нешік?

– Мені қатты қинайтыны да осы – 80-нен асқан қарт ата-анасы. «Баламыз қашан келер екен деп, аман-есен қауышуға жаз, алла…» деп 8 жылдан бері жолына қарап жүр. Жары Ләззат апай да күн санап, ай санап, жыл санап өмір сүріп жүр. Бес баласы бар. Үлкен ұлы үйленді, қазір Саят ағаның немересі бар. Үлкен қызы тұрмыс құрды. Ол қуаныштың ешқайсысында Саят аға болмады… Бірақ ол кісі сағы сынбастан, сондай жағдайда ғылыммен айналысып отыр.

– Қазір техника да, ғылым да өте жылдам дамып, ай сайын өзгеріп отырған уақыт. Қазір интернеттің заманы. Осындай ақпарат пен жылдамдық кезеңінде ол кісіге интернет ауадай қажет шығар?

– Иә, Саят ағаға ең керегі – интернет. Біз қанша хат жазсақ та, қанша тырыссақ та, қанша өтінсек те, интернет мәселесін шешу мүмкін болмады. Түрме әкімшілігін интернет кіргізуге көндіре алмадық, себебі интернет – қылмыстық-атқару кодексінде тікелей тыйым салынған нәрсе. Сондықтан ол кісінің жұмысы өте шабан жүріп жатыр…

– Түрмеде кітапхана бар ма? Ол кісіге керекті материалдарын жеткізіп беріп жүрсіздер ме?

– Сұраған кітаптарын түгел тауып, жеткізіп беруге тырысып жүрміз. Өзі білетін авторлардың тізімін береді, біз сол сұраған кітаптарын жеткізіп береміз. Керекті материалдарын ешқандай кедергісіз өткізіп жатыр. Ол кісі жазғандарын машинкаға тереді, біз мына жақта компьютерге тереміз… Ғылым сағат сайын дамып жатқан мына заманда интернетсіз ғылыми ағымға ілесу де қиын. Өз саласы бойынша не шығып жатыр, не болып жатыр, — ол кісінің барлық жаңалықты біліп отыруға мүмкіндігі жоқ. Өз бетімізше ізденіп, оған керекті дүниелерді тауып беруге біздің білігіміз жетпейді… Осы жағы біршама қиындықтар туғызады.

– Небір қылмыскерлерді, мерзімінің жартысын отырса, әртүрлі себептерді алға тартып, мерзімінен бұрын босатып жатады… Ол кісі жалпы мерзімінің жартысынан көбін өткізді. Және зор абыроймен өткізді. 8 жылда үш кітап, екі робот жасау деген үлкен еңбек қой! Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға не кедергі?

– Сол үшін жұмыстанып жатырмыз. Апелляциялық шағым бергенбіз. Жақында қаралады. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатады деген үмітіміз бар. Ол үшін заңдық тұрғыда ешқандай кедергі жоқ.

–  Ол кісі бостандық туралы армандарын айта ма?

– Әрине! Саят ағаның армандары асқақ. Бостандыққа шықса, тек қана ғылыммен айналысуға ниетті. Осы сөзді астын сызып тұрып қайталап айтамын: ТЕК ҚАНА ҒЫЛЫММЕН айналысады! Соның ішінде Қазақстан ғылымының көсегесін көгертуге еңбек сіңірсем дейді. Ол түрмеге кетпей тұрып, 5 халықаралық патенттің иесі болды. Егер ол оған дейін ештеңе тындырмаған болса, Өмірбек Жолдасбеков оны 26 жасында Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбаған болар еді…

– «Зікірші, сектант, анау-мынау…» деп, ақыры түрмеге отырғызды. Сол таққан айыптарды ол кісі мойындады ма?

– «Жаптым жала, жақтым күйе» деген нәрсе ғой. Саят Ыбырай ол айыптаулардың ешқайсысын ешқашан мойындаған емес. Ол кісі әркез айтады, «кейбір ұстанымдарымда қателескен шығармын, бірақ ешқашан ешкімге қиянат жасау, жамандық жасау туралы ойым да, ниетім де болған емес» деп… Екіншіден, ешкімге ол кісінің зарары тимеген. Үшіншіден, іс бойынша 14 жәбірленуші болса, бірде-бір жәбірленуші Саят Ыбырайды саусағымен көрсетіп, «міне, мына кісіні танимын, бұл кісі бізге осындай жасады» деп айтпаған. Саят ағаға қатысты БІРДЕ-БІР АРЫЗ ЖОҚ. Үлкен ізденісте жүрген адам еді ол кісі. Өзіндік ұстанымы бар адам.

– Нақақ күйе жағып, еш себепсіз түрмеге қамау кімге керек болды?

–  Сол кездегі билік басында болған тұлғалардың тікелей «тапсырысымен» болған жағдай, қазір олардың өздері қашқында жүр, елге келе алмай жүр…

– Олар кімдер?

– Уақыты келгенде олардың бәрінің де есімдерін айтамын. Болашақта олар туралы міндетті түрде айтылатын болады… Әзірше ертерек… Дәл қазіргі жағдайда олардың атын атағаннан гөрі немесе үкім шығарған соттың атын еске алғаннан гөрі мен үшін Саят ағаны шығарып алу әлдеқайда маңызды. Саят Ыбырайды мерзімінен бұрын босату мен үшін де, ел үшін де, мемлекет үшін де өте керек әрі пайдалы іс болмақ. Түрме жағдайында істеп отырған еңбегі бостандыққа шыққан жағдайда еселене түсері анық.

– Әңгімеңізге рахмет! Саят ағаның тезірек бостандыққа шығуына біз де тілекшіміз. Сәлемімізді жеткізерсіз…

 

Сұхбаттасқан

Сәуле ӘБЕДИНОВА

 

 

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


3 + = 8