Камал ОРМАНТАЕВ: Ана мен бала денсаулығының нашарлауы – әлеуметтік жағдайдың төмендеуінен

Камал Ормантаев– Камал аға, сіз балалар дәрігерісіз. Осы салада ерен еңбек атқарғаныңызды ел біледі. Ана мен бала денсаулығы туралы әркез айтып жүрсіз. Айтқандарыңыздан нәтиже шығып жүр ме? Бүгінгі ана мен баланың ахуалы қалай?

– Мені ана мен бала денсаулығы, олардың әлеуметтік жағдайы қатты толғандырады. Егемен елдің болашағы, тәуелсіз мемлекеттің ертеңі – жас ұрпақ дейміз. Демек, келешегіміз бүгінгі ана мен бала денсаулығына тікелей қатысты. Сондықтан басты қамқорлықты алдымен ана мен балаға жасауымыз керек.

Қазір елімізде аналардың денсаулығы бұрынғы жылдарға қарағанда төмендеп кетті, әсіресе, ауылды жердегі аналардың жағдайлары сын көтермейді. Дәлірек айтсақ, бүгінде өмірге бала әкелетін жастағы аналардың 80 пайызға жуығы қан аздығы (анемия) ауруына шалдыққан. Көп жылғы тәжірибе көрсеткендей, дені сау анадан дені сау бала, ауру анадан ауру бала туылады. Мұны күнделікті өмірден көріп-біліп отырмыз. Сол аналардың денсаулығының нашарлығынан елімізде аурушаң, әлсіз, ағзалары жан-жақты жетілмеген сәбилер дүниеге келіп жатыр. Тіпті, соңғы кездері әйелдер уақытынан ертерек босанатын болды.

– Қалада да жағдай мәз емес қой, аға…

– Иә, соңғы кездері мұндай жағдайлар қалада да бой көрсетуде. Әсіресе, нәрестелер арасында миына қан құйылып, көз жұмып жатқандары қаншама?!. Бұрындары миына қан құйылу ауруы тек ересек адамдар арасында ғана кездесетін. Осынау аурудың қазақ елінде етек алуы бүгінде балалар дәрігерлерін аса қатты алаңдатуда. Ресейде, Украинада, т.б. елдерде мұндай аурулар сирек кездеседі. Бұл дерт – өте қауіпті. Аурудың ауыр-жеңілдігіне байланысты операция жасаймыз, болмаса басқадай тәсілдермен емдейміз. Нәтижесі кейде ойдан шықпай, көпшілігінде жарымжан, мүгедек болып қалып, ақыр соңында әке-шешелері ондай балаларды тастап кетуде. Елімізде жетім балалар саны көбейіп барады, олар қайдан шығады деп байбалам салып жатамыз. Қазіргі кезде жетім балалардың біраз бөлігін осындай мүгедек, жарымжан балалар құрап отыр.

Балалар өлімінің көрсеткішінде жаңа туған нәрестелердің үлесі жоғары. Соның салдарынан, балалар өлімінің көрсеткіші өсуде.

Бала денсаулығы– Дүниеге кемтар болып келетін нәрестелер саны да көбеймесе, азаймай отыр. Осының себебі, кемтарлықтың алдын алу немесе емдеу жолдары айқын ба?

– Бұл жағдайды жан-жақты тексеріп, себебін анықтау, ертерек диагноз қойып емін қолдану үшін онымен үлкен ғалымдар айналысуы қажет. Оған тек балалар нейрохирургі емес, акушер-гинеколог, балалар невропатологы, өзге де көптеген мамандар қатысып, зерттеп бір шешімге келулері керек. Ол мәселені жоғарыдағы тараптарға айтсақ, ғылымға ақша жетпей жатыр дегенді алға тартады. Ал мүгедек балалар болса, күннен-күнге көбейе түсуде. Сонда не істеуіміз керек?

Бүгінде ана мен бала денсаулығының нашарлауы әлеуметтік жағдайдың төмендеуінен орын алса керек. Қазақстанда жұмыссыз адамдар саны 6,4 пайызды құрайды дегенді айтады. Бұған ешкім сене қоймас. Мысалы, Испанияда 18, Америкада 10 пайыз жұмыссыздар бар. Біз шындықты айтуымыз керек. Мысалы, бір отбасында 4-5 қойы болса, ол адамды жұмысы бар деп есептейді. Мақұл делік. Сол 4-5 қойды сата ма, соя ма? Ал ол біткен соң не істейді? Міне, жалған ақпараттың аяғы қайда әкеліп тіреп отыр. Шалғай елді мекендердегі халықтың жағдайы да мәз емес, соған байланысты адамдардың да денсаулығы төмен. Өкініштісі, олардың ішінде өмірге ұрпақ әкелетін болашақ аналар да бар. Ел болашағын, ұлт келешегін ойласақ, олардың әлеуметтік жағдайларының дұрысталуына мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі керек емес пе?

Балалар дәрігерлерін бүгінде алаңдатып отырған тағы бір мәселе, ол экологияға қатысты. Өйткені, ана денсаулығына экологияның үлкен әсері бар. Мысалы, Қызылорда облысындағы Арал төңірегі, ғарыш айлағы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы полигон қазақ халқына жылдар бойы ажал уын сеуіп келді, әлі де зардабын тигізуде. Оның қашанға созылары белгісіз. Мұның сыртында елімізде атом өндірісі бар. Мысалы, Степногорск, Шиеліде осындай өндірістер жұмыс істейді. Соның бәрі бүгінде адамзат баласын білдіртпей, біртіндеп жалмап жатыр. Дүниежүзінде жаңа туған баланың 1 жасқа дейінгі өлім көрсеткіші – осы мемлекеттің экономикасы мен саясатының көрсеткіші болып табылса керек. Осы көрсеткіш біздің елімізде 18,4 промиль. Бұл көрсеткіш Белоруссияда 6, Ресейде 10-нан, Украинада 9-дан жоғары. Жалпы, ТМД елдері бойынша Қазақстанда жаңа туған балалар өлімі жоғары.

– Осылай бола тұра, медициналық жоғары оқу орындарында пе­диатрия факультеттерін жауып тастағанымыз қалай?

– Әйтеуір әр келген министр өзінше реформа жасауға әуес. Оның жақсылығын әзірге халық та, дәрігерлер де сезіне қойған жоқ… 3-4 жылдан бері дәрігерлер даярлайтын медициналық жоғары оқу орындарында білікті балалар дәрігерлерін даярлайтын пе­диатрия факультеттерін жауып тастады. Ал Ресейде, бүкіл ТМД-дағы медициналық оқу орындарында мұндай факультеттер жабылған жоқ. Тіпті, Санкт-Петербургте, Ташкентте педиатрларды даярлайтын жеке институттар бар. Украинада үш-төрт жылдан бері аталмыш факультетті жауып тастағанмен, қайтадан ашқан.

Бүгінде дүние жүзінің өркениетті елдерінің барлығы педиатрия саласына өте жоғары көңіл бөлуде. Себебі, олар мемлекеттің болашағының өсіп-өркендеуі ана мен баланың денсаулығына байланысты екенін жақсы біледі. Бізде ше? Бар нәрсені құртып, балалардың бо­лашағына жауапсыздық, немқұрайдылық көр­сету­деміз. Асы­лы, медицина саласына, ана мен бала проблемасына көңіл бөлу еш уақытта күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселенің бірі деп білемін. Онсыз да біздің халықтың саны аз, территориямыз өте үл­кен, экономикамыз ол елдермен салыстыруға келмейді. Оның үстіне халықтың 47 пайызы ауылдық жерде тұрады. Егер осы жағдайды ескеріп, көп кешікпей балалар дәрігерін даярлайтын факультеттерді қайтадан ашпасақ, мұның арты қиынға әкеліп соғуы мүмкін.

Соңғы мәліметтер бойынша балалардың іш құрылысы, өкпе, жүрек аурулары 1,5-2 есе көбейіп, көпшілігі созылмалы түрге ауысқан. Бұл жәйт те елімізде балалар денсаулығының төмендеп бара жатқанын көрсетсе керек.

Медицина– Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы да ауыз толтырып айтарлықтай күйде емес…

–Иә, дәрігерлерді әлеуметтік тұрғыда қорғай алмай отырмыз. Дәрігерлік мамандық – мемлекеттік стратегиялық маңызы бар ерекше мамандық саналуы тиіс. Жалпы, дә­рі­герлік мамандықтың ерекшелігі – басқа ЖОО-дарына қарағанда оқу мерзімі ұзақ­тау. Мәселен, бүгінде болашақ дәрігерлер алдымен 7 жыл, одан кейін 2-3 жыл резидентурада тағы оқиды. Бұл аралықта басқа ма­ман­дық ие­ле­рі­нің 2-3 инс­титут бітіретін мер­зімі өтеді. Ал алатын жа­ла­қылары 30-40 мың теңге ара­лығында. Дүние жү­зін­дегі тә­жірибе бо­йын­ша, ең бай ма­ман­дық иелері – дәрігерлер. Кей­­бір аза­мат­тар дә­рі­гер­лердің бі­лімсіздігін сынап жатады. Ол дұрыс та. Ауырған адамның диагнозын дұрыс қойып, соған сәйкес дұрыс ем қабылдау – ол дәрігерлердің білімділігіне және аппаратураның деңгейіне де байланысты. Мұның барлығы орасан көп қаражатты қажет етеді. Көптеген дамыған Батыс Еуропа елдері мен Америкада медицина саласына мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 15, Германияда 8-9, Францияда 10 пайызы бөлінеді. Бұл көрсеткіш бізде бар болғаны 2,5 пайызды ғана құрайды. Осыдан-ақ елімізде медицинаға деген қамқорлықтың қаншалықты дәрежеде екенін байқау қиын емес.

Үкіметтің ме­ди­ци­наға ғана емес, басқа да ғылымдарға қаржы бөлуі өте төмен. Мысалы, Балалар мен балалар хирургиясы ғылыми орталығында жаңа туылған нәрестеге ота жасайтын бөлімше ашқанбыз. Оған 4-5 жылдан бері шәкіртім Б.Тұрсынқұлов жетекшілік жасап, жақсы табыстарға жете бастаған. Қалай дегенде де, жаңа туған шақалаққа операция жасау өте қиын. Өзі медицина ғылымдарының кандидаты еді, 35-40 мың айлыққа отбасын асырай алмайтын болғандықтан, жұмыстан кетті. Сөйтіп, жақсы маманнан айрылдық. Осылайша дәрігерлер кетуін жалғастыра берсе оның арты не болады?..

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың би­ыл­ғы Жолдауында: «Денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар, 2020 жыл­ға қарай ана мен бала өлімін екі есеге төмендетіп, жал­пы өлімді 30 пайызға азайтып, туберкулезбен ауы­руды 20 пайызға қысқартуы тиіс» деп атап көрсетті. Сондықтан, ертеңгі күнгі болашағымыз үшін және халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында біз бел шешіп бірігіп, бүгіннен бастап іске кірісуіміз керек.

Сұхбаттасқан

Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс
Ілмектер: ,

1 пікір

  1. МҰРАТБЕК :

    Ана аман-сау болса, туылатын ұрпақ салауатты. Дені сау ұрпақ — Қазақтың келешегі…

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


4 − = 2

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>